Accessibility links

Ресей озбырлығы жайлы фильмді көрсетуге әлі рұқсат жоқ


1916 жылғы оқиғалар туралы «Үркін» фильмін түсіріп жатқан сәт. Қырғызстан, 2016 жылдың наурызы,

1916 жылғы оқиғалар туралы «Үркін» фильмін түсіріп жатқан сәт. Қырғызстан, 2016 жылдың наурызы,

1916 жылғы көтерілістен соң Ресей әскерінің қырғыз көтерілісшілерін басып-жаныштағанын баяндайтын «Үркін» фильмі әлі прокатқа шықпады. Фильм продюсерінің айтуынша, «ел басшылығы Кремльдің қабағына қарап отыр».

Қырғыз продюсерінің айтуынша, ел үкіметі Мәскеуді өкпелетіп алмау үшін 1916 жылғы патшалық Ресейге қарсы көтеріліс туралы фильмді көрсетуге рұқсат бермей отыр. Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде 150 мыңға тарта қырғыз опат болған еді.

Продюсер Мұхтар Атаналиевтің айтуынша, ол «Үркін» фильмін киноленталардың көрсетілуіне рұқсат беретін мекеме - Қырғызстанның мемлекеттік кино қорына шамамен үш апта бұрын өткізген, содан бері олардан хабар жоқ.

- [Басшылық] бұл фильм Ресей мен Қырғызстан арасында мәселелер туғызады деп үрейленетін сияқты, - деді Атаналиев Азаттыққа берген сұхбатында.

Продюсердің айтуынша, Мемлекеттік кино қоры комиссиясы мұның алдындағы фильмдерін бірнеше сағат ішінде-ақ қарап, мақұлдап отыратын, ал бұл жолы оларға «батылдық жетпей жатыр».

Атаналиев Қырғызстанның тәуелсіздігі күні – тамыздың 31-іне немесе ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығына орай ескерткіш ашылған қыркүйектің 2-сіне дейін «Үркін» фильмі үкіметтен рұқсат алып қалар деп үміттенген.

Кейбір сарапшылар кинофильмнің әлі тексеруден өтпей жатуына қыркүйектің 16-сы қырғыз астанасы Бішкекке ТМД басшыларының саммитіне қатысу үшін Ресей президенті Владимир Путиннің келуі себеп болды деп санайды.

Үркінге арналған ескерткіштің ашылуына келген адамдар. Бішкек, 2 қыркүйек 2016 жыл.

Үркінге арналған ескерткіштің ашылуына келген адамдар. Бішкек, 2 қыркүйек 2016 жыл.

Олардың айтуынша, бұл фильм туралы билбордтардың тұруы Мәскеуден келген делегация мүшелерін ашуландыруы мүмкін еді.

Алайда, Мемлекеттік кино қоры комиссиясының басшысы Урмат Айталиев өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарды.

Қыркүйектің14-і күні Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында ол «Үркін» фильмін арнайы комиссияның келесі аптада қарап шығатынын айтқан.

- Айына 10-20 фильм қараймыз... әрине, [«Үркінді»] көрсетуге мүдделіміз. Фильм шығарушылармен ынтымақта жұмыс істейміз әрі оларды қолдап отырамыз, - деді ол.

Ежелгі түркі тілінде «босу», «бытырау» деген мағына беретін «Үркін» оқиғасы Орталық Азияның барлық елдерінде түрлі формада өткен. Оған Ресейдің аймақты аяусыз отарлауы және патша үкіметінің Ресей армиясына Орталық Азиядан 220 мың сарбаз алу туралы жарлығы түрткі болды.

Халық отарлаушы елдің армиясы қатарында соғысуға наразылық танытып, бұл жарлыққа қарсылық білдірді.

Санкт-Петербургтегі шенділер көтерілісті күшпен басу үшін әскер шығарды, соның кесірінен адам қаны көп төгілді.

На съемках киноленты «Үркін» фильмін түсіріп жатқан сәт. 2016 жылдың наурызы.

На съемках киноленты «Үркін» фильмін түсіріп жатқан сәт. 2016 жылдың наурызы.

Кейбір тарихшылардың болжамына қарағанда, көтеріліс кезінде 250 мыңға тарта қырғыз азаматы опат болған. Қырғызстанда құрылған қоғамдық комиссия тамыздың 15-і күні 1916 жылғы жазалау шарасына «геноцид» деген баға берді.

Комиссия төрағасы Әзімбек Бекназаров Ресей мен Қытай басшылығы берген архив құжаттарының негізінде осындай қорытынды жасағандарын айтты.

Сәуірде Ресей мемлекеттік думасының басшысы Сергей Нарышкин «патшалық Ресей аймақта геноцид ұйымдастырды» деген пікірге наразылық білдірген. Оның айтуынша, 100 жыл бұрын «барлық елдер жапа шеккен».

Ондаған мың қырғыз өз үйлерінен үдере көшіп, бас сауғалау үшін көршілес Қытайға қарай жөңкілген. Ресей әскерінен қашып құтылмақ болған олардың біразы аштан қырылса, қалғандары суықтан үсіп не ауру меңдеп көз жұмған.

1916 жылы қыс ерте түсіп, Тянь-Шань шатқалдарымен Қытайға өтіп бара жатқан талай адам сол жолда қатып қалған. Биік тау жолдарында жатқан адам сүйектері мен заттар сол зұлматтан хабар береді.

Мұхтар Атаналиевтің екі сағаттық фильмінде басқалармен бірге өкшелей қуған Ресей әскерінен қашып, шекараға бет алған қырғыз отбасының тауқыметі баяндалады.

Фильмнің режиссері Медин Учукеевтің айтуынша, киноның сценариін тарихшылар, ғалымдар, кино департаменті және елдің бұрынғы мәдениет министрі Алтынбек Мақсұтов мақұлдаған.

Оның айтуынша, «Үркін» фильмі «ешкімді ұлтына қарай кемсітпейді».

1959 жылғы санақта Қырғызстан халқының үштен бірін болған этникалық орыстар Совет Одағы тарағалы бұл елден біртіндеп кетіп жатыр. Қазір олардың үлесі 8 пайыз төңірегінде.

Дарға асылған көтерілісшілер. Сурет Қырғызстан тарихи музейінің экспозициясынан алынды.

Дарға асылған көтерілісшілер. Сурет Қырғызстан тарихи музейінің экспозициясынан алынды.

- Қырғызстанда үркіншілік, оның қырғыз халқына әкелген зауалы туралы бір жылдан бері айтылып келеді. Фильмде біз осыларды көрсеткіміз келді... Қаншама архив ақтарылды, бұл туралы қаншама кітап пен мақала жазылды, олардың барлығы газеттерге жарияланды, радиодан берілді. Біздің фильм бұл қасірет туралы айтылғанның бәлкім 5 пайызын ғана қамтитын шығар, енді оған рұқсат берудің неліктен мұндай үлкен мәселеге айналатынын түсінбеймін, - деді Мұхтар Атаналиев.

Ресей отаршылдығына, патша әскеріне қарсы көтерілістер Орталық Азияның барлық елдерінде болды. Алайда ол оқиғаның 100 жылдығын Қырғызстан ғана ресми түрде атап өтті.

Тамыздың 12-сі күні Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов Ресей үкімет басшысы Дмитрий Медведевтің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Кейкі батырдың басын ресми түрде қайтаруға келісім бергенін айтты. 1923 жылы өлтірілген батырдың бас сүйегі қазір Санкт-Петербургтегі музейде тұр.

Қазақстанда 1916 жылғы көтеріліс ресми түрде аталып өткен жоқ. Ресей әскеріне табандылықпен қарсы тұрған басмашылары болған Тәжікстан үкіметі де бұл датаны ресми түрде еске алған жоқ. Басмашылар отряды 1930-жылдарға дейін Ресейдің және Совет Одағының әскеріне қарсы соғысқан.

Пит Баумгартнердің материалы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG