Accessibility links

Депутат интернет туралы заң жобасының пайдасына Азаттық директорының сөзін бұрмалап сілтеме жасады


Қазақстанда интернет форумдарда жарияланған хабарландырудың бірі осындай. Алматы, 2009 жыл.
Қазақстанда интернет форумдарда жарияланған хабарландырудың бірі осындай. Алматы, 2009 жыл.

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы прокуратураның интернетті бақылау құзыретін күшейтеді. Заң қабылданған жағдайда интернеттегі форум,чат, блогтар да БАҚ-қа теңестірілетін болады.

Заң жобасында көрсетілгендей, қадағалаушы мекеме заңға қайшы ақпарат шықты деп тапқан интернет ресурстарды сот шешімінсіз үш күннің ішінде жауып тастай алады. Жабылған веб-сайттың жұмысы үш айға дейін тоқтатылады. Осы аралықта сот белгілі бір шешім шығарғаннан кейін барып, интернет парақшаның тағдыры белгілі болады. Осындай өзгерістерді бас прокурордың орынбасары Асхат Дауылбаев ел қауіпсіздігінің алдын алу деп отыр.

- Демалыс не болмаса мереке күндері интернет арқылы халықты жаппай заңсыз шеруге шақыруы мүмкін. Осы кезде соттың шешімін күтіп, қарап отырмаймыз ғой. Ол бірнеше күнге созылып кетуі мүмкін. Ия болмаса, сайлау болардың алдында үміткерлерді қаралайтын мақалалар шығуы мүмкін. Ал заңға сәйкес үміткер БАҚ алдына шыға алмайды. Сонда бір ақпарат үшін, үміткердің жолы кесіледі, оған қиянат болады, - дейді Асхат Дауылбаев.

Заң жобасындағы екінші өзгеріс интернеттегі жеке блог, форум, чаттар да бұдан былай бұқаралық ақпарат құралдарына теңестіріліп, «БАҚ туралы» заңға сәйкес жауапкершілік алады. Бұған қатысты Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев аталмыш чат, форум, блогтарда да түрлі ақпараттардың жарияланатындығын алға тартады.

- Егер шетел тәжірибесін мысалға алатын болсақ, олардың сайттарындағы форумдар да модератор арқылы қадағаланып, заңға қайшы келетін пікірлерді алып тастап отырады, - дейді Қуанышбек Есекеев.

Айта кету керек, елдегі сөз бостандығын қорғайтын қоғамдық ұйым өкілдері азаматтардың жеке блогын, пікірталас алаңын бұқаралық ақпарат құралына теңестіруге болмайды, ол адамның ой-пікірін жеткізуге мүмкіндік бермейді деген сөз, яғни, бұл Қазақстан Конституциясында жазылған баптарға қайшы келеді деп үндеу жариялаған болатын.

Алайда, осындай пікірлерге мәжіліс депутаты Уалихан Қалижан парламент мінберінде төмендегідей уәж айтты:

- Таяуда Азаттық радиосының директоры Едіге Мағауиннің «Тасжарған» газетінде сұхбаты жарық көрді. Онда Мағауин мырза журналистің сұрағына былай деп жауап береді: «Өткен жылдан бастап, Азаттық радиосы өз тарихында болмаған жаңалықпен жұмысын бастады. Яғни интернет желісінде хабар тарататын жаңа құрылымын іске қосты. Мұны ақпарат тарататын БАҚ саласындағы ең тиімді жүйе ретінде бүкіл әлем мойындап отыр».

Қадірлі әріптестер, мұны айтып отырған – сөз бостандығының үлгісі деп саналатын Азаттық радиосының бас директоры Едіге Мағауин. Ол интернетті ақпарат тарататын БАҚ деп мәлімдеді және әлем мойындаған жүйе деп растады. Ендеше, интернетті «БАҚ туралы» заң аясында қарау - дау туғызбайтын шындық. Осындай тайға таңба басқандай етіп айтылған сөздерден кейін пікір таластырудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын, - деді Уалихан Қалижан.

Дегенмен, мәжілісте интернет желісін реттейтін заң қабылданса, сөз бостандығына шектеу болады дейтін депутаттар да табылды.

Мәселен, Владимир Нехорошев жаппай тосқауылдың салдарынан үкіметтің сайттары да жабылып қалуы мүмкін деген пікірін білдіреді.

- Сөз бостандығы саңырауқұлақ емес, қайсысы улы, қайсысын жеуге болады, болмайды дейтін. Оның үстіне үкімет бұған шығын кетпейді дейді. Алайда, құстар ғана тегін сайрайды. Реттеуші мекеме қалайша бұл істі тегіннен -тегін қолға алып отыр?! - деді Нехорошев.

Бірақ, Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуаныш Есекеевтің сөздеріне қарағанда, заң жобасы қабылданбай жатып, бюджеттен арнайы қаржы қарастырылып, бөлініп те қойыпты. Ал аталмыш заң жобасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талаптарына қайшы келеді деген пікірге, Есекеев дамыған елдер қатарына қосылатын Германия мен Францияның өзінде азаматтың ар-ожданына тиетін ақпарат үшін қылмыстық жаза қарастырылғандығын алға тартты.


ЕДІГЕ МАҒАУИННЕН БІР АУЫЗ СӨЗ

Әдейі ме, әлде кездейсоқ па депутат Қалижан менің сөздерімді бұрмалап отыр. Қалай болғанда да, ол мен айтқан ойдың өңін айналдырып жіберген.

Біріншіден, сұхбат радио бола тұрып, не себепті біз интернетке көңіл аудара бастадық деген тұрғыда болған.

Екіншіден, сөз не жайында болып жатыр - БАҚ-ның интернет парақшаларындағы форумдар туралы ма, болмаса жеке блогтар мен чаттар турасында ма?

Шындығында, Батыста бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің интернет парақшаларындағы форумға келген комментарийлерді шығармас бұрын електен ( премодерациядан ) өткізіп алады және бұл бір ғана мақсатпен жасалады – зорлық-зомбылыққа, арандатушылыққа жетелейтін шақыруларға жол бермеуге, порнографиялық, біреуге күш көрсету, ар-намысына тию, жәбірлеу, дискриминациялық пиғылдағы жазбаларды жарияламас үшін жасалады.

(Азаттық радиосы да осы талаптарды ұстанады. Біз оқырманның пікірталасқа қатысқанын құптап қарсы аламыз, бірақ осы ережелерді басшылыққа алуларыңызды сұраймыз және пікірлеріңіз бірден жарық көрмей жатса, сәл шыдамдылық танытыңыз, талаптарға сай комменттер міндетті түрде жарияланады).

Ал биліктің еркін пікір алысу мен ақпарат алмасуды бақылауға алғысы келетіндігі тұрғысында, әрине әңгіме басқа. Қазақстандағы сөз бостандығын қорғаушылардың мәлімдеуінше, бұл арада (заң жобасын талқылу барысында) дәл осы нәрсе айтылып отыр.
XS
SM
MD
LG