Accessibility links

Тәжік сайлауы Рахмонды мадақтау науқанына айналды


Тәжікстандағы сайлау
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

Президент сайлауы. Тәжістан, 6 қараша 2013 жыл.

Бүгін Тәжікстанда президент сайлауы басталды. Баламалы болып көрінгенімен, бұл сайлау көп жылдан бері ел басқарып келе жатқан Эмомали Рахмонды тағына қайта отырғызу рәсіміне көбірек ұқсайды.

Эмомали Рахмонмен қатар сайлауға түскен бес саясаткердің ешқайсысы елге белгілі тұлғалар емес. Үш апталық сайлау науқаны аяқталды, олар сол қалпы жұртқа беймәлім күйінде қалды.

«БӘСЕКЕСІЗ САЙЛАУ»

Тәжікстандағы президент сайлауынан ерекше жаңалық күткен ешкім болған жоқ. Жұрттың бәрі Эмомали Рахмонның төртінші мерзімге айқын басымдықпен қайта сайланатына шүбә келтірмеді. Тіпті мұның алдындағы президент сайлауларымен салыстырғанда Тәжікстандағы бұл сайлау мүлде бәсекесіз өтіп жатыр.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сайлау науқаны кезінде стадионға келді. Тәжікстан, 29 қазан 2013 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон сайлау науқаны кезінде стадионға келді. Тәжікстан, 29 қазан 2013 жыл.
Бұл науқан бастан-аяқ Рахмонның науқаны болды. Президенттік лауазымнан басты үміткердің үлкен портреттерін барлық жерден кездестіруге болады. Рахмонның саяси жарнамалары алып билбордтарда да, әкімшілік ғимараттарында да, қоғамдық көліктерде де жарқырап тұр.

Ал басқа кандидаттардың кішкентай жарнамалары шағын дүкендердің қабырғаларында, кейбір автобус аялдамаларында және көше бойына орнатылған арнайы тақталарда арагідік ұшырасады.

Президенттік шаруасы көп екенін айтып, сайлау науқанын жүргізбеймін деп шешкен Эмомали Рахмон осы аралықта елдің түкпір-түкпірін аралап, жаңа зауыттар мен мектептер ашып, қайырымдылық шараларына қатысумен жүрді.

РАХМОНДЫ МАҚТАҒАН «ҚАРСЫЛАСТАР»

Басқа кандидаттар ұлттық телеарнадан бөлінген 30 минут эфирді пайдаланып, өз платформаларын таныстырып, науқанның соңғы күні – қарашаның 4-інде өткен теледебатта пікір алмасты.

Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен жер-жерлерде өткізілген жиындарда сайлаушыларымен бетпе-бет жүздесуге мүмкіндік алған кандидаттар кездесулердің көбін қазіргі президент Рахмонның саясатын мақтаумен өткізді, оған қарсы ешқандай сын айтылмады.

Коммунистік партия атынан сайлауға түскен кандидат Исмоил Талбаков.
Коммунистік партия атынан сайлауға түскен кандидат Исмоил Талбаков.
Мәселен, Душанбеде өткен кездесуде Коммунистік партия атынан сайлауға түсіп жатқан кандидат Исмоил Талбаков президент Эмомали Рахмонның Тәжікстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнатудағы ерекше рөлі туралы баяндады.

Социалистік партия кандидаты Абдулхалим Гаффоров Рахмонның соңғы 20 жылдағы қызметіне баға бере келе, оның «Тәжікстанды артта қалған елден дамып келе жатқан мемлекеттердің қатарына дейін жеткізгенін» айтты.

Кандидаттар тіпті жұртты өздеріне дауыс беруге шақырудан именіп, оның орнына «ең лайықты кандидатты» қолдауға шақырумен болды. «Ең лайықты кандидат» - Рахмонның сайлауалды науқанындағы ұран сөз.

«НАУҚАН ТЫНЫШ ӨТТІ»

Шетелдіктер «сайлау тек Рахмонды мадақтауға арналған» деген сын айтқаны сол еді, кейбір кандидаттар президентті қорғаштауға кірісті.

Қыркүйектің 22-сі күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) сайлауды бақылау миссиясы «мемлекеттің бақылауындағы ақпарат құралдары көбіне Рахмон туралы ақпарат таратып отырғанын, оның портреттері елдің түкпір-түкпірінде қаптап тұрғанын, ал басқа бес кандидаттың жарнамалары мүлде ұшыраспайтынын» айтты.

Социалистік партия кандидаты Абдулхалим Гаффоров.
Социалистік партия кандидаты Абдулхалим Гаффоров.
ЕҚЫҰ-ның Тәжікстандағы сайлауды бақылау миссиясының басшысы Парасчива Бадеску Азаттық радиосының Тәжік қызметіне берген сұхбатында сайлау науқанында нағыз пікірталастың болмағанын айтып:

- Науқан өте тыныш өтті, президенттен басқа кандидаттар айтарлықтай науқан ұйымдастырмады, - деді.

Осы сынға қарсы кейбір кандидаттар «сайлау науқаны ашық әрі әділ өтіп жатыр» деген уәж айтты. Аграрлық партия атынан сайлауға түскен Толиббек Бухориев тәжік ақпарат құралдарына берген сұхбатында «[Сайлау науқанын жүргізу барысында] маған ешқандай кедергілер жасалған жоқ» деп мәлімдеді.

«РАХМОННАН БАСҚАСЫН ТАНЫМАЙМЫН»

Сайлау науқаны аяқталды, ал кандидаттар сайлаудың қалай өткені жайлы сын пікірлерінің өзін жұмсартып айтуға тырысып жатыр. Мәселен, коммунист кандидат Талбаков өз бағдарламасын толық насихаттау үшін «20 күннің тым аз болғанын, науқанның кем дегенде 30-40 күнге созылуы қажеттігін» айтты.

Демократиялық партия атынан сайлауға түскен Саиджафар Исмонов.

Демократиялық партия атынан сайлауға түскен Саиджафар Исмонов.
Демократиялық партия атынан сайлауға түскен Саиджафар Исмонов.
- Біздің сайлауалды жарнамаларды ешқандай ғимаратқа ілуімізге рұқсат берілмеді. Біз ілген жарнамаларды кейіннен әлдекімдер жұлып кетіп жүрді, - деді.

Саиджафар Исмонов та, Исмоил Талбаков та жалпы сайлау процесін «жақсы» деп бағалады, бағдарламаларын сайлаушыларға жеткізуге толық мүмкіндік алғандарын айтты.

Соған қарамастан, сайлаушылар мен бақылаушылар жекелеген кандидаттарды танып, олардың мақсаттарын түсінуге қатты қиналатын сыңайлы. Душанбе қаласының тұрғыны Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында:

- Өзім Эмомали Рахмоннан басқа кандидатты танымаймын. [Экономикалық реформалар партиясының атынан кандидат] Олим Бобоев туралы аз-маз естігенім бар, себебі ол бір кездері көлік министрі болған, кей кезде теледидардан сөйлеп тұратын. Бірақ оның немесе басқа кандидаттардың бағдарламаларымен таныс емеспін, - деді.

Аграрлық партия атынан сайлауға түскен Толиббек Бухориев.
Аграрлық партия атынан сайлауға түскен Толиббек Бухориев.
Зейнеткер Низом Нуржонов өзі білмейтін кандидаттарға сенбейтінін айтты:

- Олар туралы бұрын мүлде естімеппін. Мүмкін, барлығы жақсы адамдар шығар. Бірақ өз басым оларды және бағдарламаларында не жазылғанын білмеймін, - дейді ол.

Зейнеткер Низом Нуржонов пікірін "халыққа беймәлім адамды кандидат етіп тіркеудің өзі қауіпті шығар" деп түйіндейді.

Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG