Accessibility links

Бір күнде алған екі алтын


200 метрге брасс әдісімен жүзу жарысынан Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.
200 метрге брасс әдісімен жүзу жарысынан Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Рио олимпиадасында Қазақстан кешегі жалпы есептегі 30-орнынан бүгін 11-сатыға көтерілді. Мұндай өзгеріске ауыр атлет Нижат Рахимов пен жүзгіш Дмитрий Баландиннің алтын жүлделері әсер етті.

Әзербайжанда туған ауыр атлет Нижат Рахимов 2013 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Ал алматылық Дмитрий Баландин – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті.

РАХИМОВТЫҢ АЛТЫНЫ МЕН ӘЛЕМНІҢ ЖАҢА РЕКОРДЫ

77 килограмм салмақ дәрежесі бойынша бәсекеге түскен, 23 жастағы ауыр атлет Нижат Рахимов штанганы жұлқа көтеруді 160 килограмнан бастады. Шыққан бетте ол штанганы жерден жұлып алып, тік көтерді. Бұл салмақты алған соң басын иіп, барлығына алғыс айтты да тұғырдан түсіп кетті. Екінші рет шыққан кезінде де атлеттің әрекеттері алғашқыдан аса өзгермеді – ол 165 килограмм темірді еш қиындықсыз көтерді.

Үшінші рет штангаға беттеген Нижаттың алдында 168 килограмм штанга тұрды. Спортшы мығым ұстап, жұлқи көтерген еді. Алайда орнынан тұра бергенде жерге тастап жіберді.

Лондон олимпиадасының чемпионы қытайлық Люй Сяоцзюнь - 177 килограмм (әлем рекорды), армениялық Андряник Карапетян 174 килограмм көтеріп, Нижаттан әлдеқайда асып кетті.

Рио олимпиадасы чемпионы, қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.
Рио олимпиадасы чемпионы, қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Бірақ қазақстандық атлет үшін нағыз жарыс серпе көтеруде басталатын еді. Нижат Рахимовтың бірінші шыққанда көтерген темірі 202 килограмм болды. Ол штангаға беттегенде зал тып-тыныш болып қалды. Бірақ қазақстандық атлет бұл салмақты қиналмай көтеріп кетті.

Мұнан соң Нижат Рахимовке тәуекелге баруды талап ететін ауыр бәсеке басталды. Өйткені қытайлық спортшы Сяоцзюнь 202 килограмды үшінші рет шыққанында қиналса да көтеріп кетті. Екі сайыстың есебімен (379 килограмм) Қытай атлеті 1-орынға шыққан еді. Рахимовтың жұлқа көтерудегі көрсеткіші әлдеқайда төмен болғандықтан, Қытай спортшысынан озу үшін оған 214 килограмды көтеріп, әлем рекордын жаңарту керек еді.

Бапкерлер мен Рахимов тәуекелге барды. Ол штанганы көтермес бұрын ұзақ ойланып тұрды. Нижат штанганы төсіне қойғанда зал шулап қоя берді. Шетте тұрған бас бапкер Алексей Ни халыққа қолымен ишара жасап, тыныштандырды.

Спортшы штанганы кеудесімен барынша итеріп қалды да, басынан асырған бетте 10 секунд теңселе көтеріп тұрды. Залдағы Қазақстан жанкүйерлері де осы сәтте залды жаңғыртып, бірін-бірі құшақтап, туды желбіретіп, шулап кеткен еді. Рахимовтің өзі шаттанғаннан тұғырда билеп жүрді.

Қазақстан ауыр атлеттер құрамасының бас бапкері Алексей Ни және билеп жүрген Нижат Рахимов. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.
Қазақстан ауыр атлеттер құрамасының бас бапкері Алексей Ни және билеп жүрген Нижат Рахимов. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Ал Алексей Ни қуаныштан жерде шалқасынан жатты. Кейін бапкер спортшыға жүгіре жетіп, бетінен сүйді. Жаңа олимпиада чемпионы бұл кезде қуаныштан жылап жіберген еді. Әлем рекордын жаңартқан Нижат Рахимов үшінші мүмкіндігін пайдаланған жоқ.

Бұл салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдені қытайлық Люй Сяоцзюнь иеленді. Ол да 379 килограмм көтерген. Бірақ жеке салмағы бойынша Рахимовтан ауырлау болып шықты. Қоланы египеттік Мохаммед Махмуд алды. Оның екі сайыстағы қосынды көрсеткіші - 361 килограмм. Ал армениялық Карапетян жарақат алып, жүлдесіз қалды.

Жарыстан кейін Рахимов чемпион болу үшін қанша салмақ керек болса, сонша көтеруге дайын болғанын айтты.

- Бала кезімнен бергі өмірімді елестетіп жыладым. Жаттығуды алғаш бастаған кездерім есіме түсті. Сөзбен жеткізу қиын. Біз 214 килограмды көтеру керек екенін түсіндік. Бапкерлерге «қанша керек болса сонша салмақ көтерем» дедім. Медаль тағып тұрғанда ауыр жаттығуларымды ойладым. Қазақстанның атынан жарыстарға қатыса беремін, Әзербайжанға, рұқсат етсеңіздер, қонаққа барып тұрамын, - деп жымиды.

Олимпиада чемпионы Нижат Раxимовпен сұxбат
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:01 0:00

Бас бапкер Алексей Ни ауыр атлеттің алтын жүлде алатынына сенгенін айтты.

- Бұл салмақты Рахимов жаттығуда да көтермеген. Жұлқа көтеруден кейін қытай атлетіне 12 килограмм ұтылып тұрдық, бірақ мәселенің серпе көтеруде шешілетініне сендім. Мұндай спортшылар әлемде үшеу-ақ. Рахимовпен тәуекелге баруға болады. Екіншісі - 225 килограмм көтерген Анатолий Храпатый, үшіншісі - Илья Ильин. Ең бастысы Қазақстанда алтын жүлде бар. Бірақ тағы алтын керек, - деді жаттықтырушы.

БАЛАНДИННІҢ АЛТЫНЫ

200 метрге брасс әдісімен (құлаштай) жүзу жарысында 21 жастағы Дмитрий Баландин жартылай финалға соңғы 8-орынмен шыққан. Ол финалда сегізінші жолақта жүзді. Жүзуде бұл жолақ финалдағы аутсайдер спортшыға беріледі. Ал фавориттер бесінші-алтыншы жолда жүзеді. Баландин алғашқы елу метрді төртінші болып өтті. Кейін 100 метр және 150 метрді өткенде 2-орынға шықты. Соңғы 50 метр қалғанда ол жылдамдығын үдете түсіп, мәреге бірінші жетті. Таблода Қазақстан туы мен Баландин есімі жарқ ете қалды. Залдағы мыңдаған жанкүйер таң-тамаша болып, жаңа чемпионға қошемет көрсетті. Бұл - тарихи жеңіс, Қазақстан жүзу спортынан алғашқы медалін алды.

Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландиннің суды жұдырықтап жатқан сәті. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.
Рио олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландиннің суды жұдырықтап жатқан сәті. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 10 тамыз 2016 жыл.

Баландин бұл сәтте бассейндегі суды жұдырықтап, сосын қолын аспанға соза қуанып жатты.

Дмитрий Баландин 200 метр қашықтықты 2:07,46 минут жүзіп өтті. Күміс жүлдені Джош Пренот (АҚШ) иеленді - 2:07,53. Қола медаль ресейлік Антон Чупковқа бұйырды - 2:07,70. Жарыстан кейін Дмитрий сегізінші жолақта жүзген атлетті әдетте ешкім чемпион болады деп ойламайтынын айтты.

- Олимпиада чемпионы екенімді әлі түсіне қойған жоқпын, оған уақыт керек шығар. Бастысы қиын жаттығулар артта қалды. Мен бұл финалда аутсайдер болдым. Сегізінші жолақта жүздім. Бұл жолақтан чемпион болу өте қиын. Себебі барлық қарсыластарыңды көрмейсің. Бірақ ол жолақ ешкімге қарамай бар күшіңді жұмсауға қолайлы. Бүгін мен 100 пайыз күшімді жұмсадым және Қазақстанға жүзуден алғашқы медальді алып бердім, - деді ол.

Баландин осыған дейін 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарында 50, 100 және 200 метрге жүзуден алтын алған.

Оқи отырыңыз: Жүзуден Азиада рекордын жаңартқан спортшы

Тамыздың 10-ы Рио олимпиадасына қатысып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы үшін олжалы күн болды. Мұның алдында ауыр атлет Жазира Жаппарқұл әйелдер арасындағы жарыстан медаль алып, тағы бір тарихи жүлдеге қол жеткізген. Ол олимпиадада жүлде салған алғашқы қазақ қызы атанды. Қазір Қазақстанда Рио олимпиадасының екі алтын, екі күміс, үш қола медалі бар. Осыған дейін Елдос Сметов (дзюдо, күміс), Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Карина Горичева мен Фархад Харки (екеуі де - ауыр атлетика) қола медаль иеленген. Қазақстан жалпы есепте қазір 11-орында тұр.

XS
SM
MD
LG