Accessibility links

Қырғызстанның оңтүстігінде өзбек тілінің аясы тарылды


Оқушы қыз тақтайға "Мен мектебімді сағындым" деп өзбекше жазып, ұстап тұр. Қырғызстан, Ош, 17 қараша 2011 жыл.

Оқушы қыз тақтайға "Мен мектебімді сағындым" деп өзбекше жазып, ұстап тұр. Қырғызстан, Ош, 17 қараша 2011 жыл.

Қырғызстанның оңтүстігінде тұратын көптеген этникалық өзбектердің балалары сабақты қырғыз тілінде оқи бастады. Қырғыз жеріндегі өзбек мектептерінің саны да азайды.

2010 жылдың маусымында болған қайғылы оқиға құрбандарына арнап Ош қаласында қойылған қоңырау мүсінінде бітім мен бейбітшілікке шақырған үндеулер қырғыз, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған.

2010 жылы маусымда Қырғызстанның оңтүстігінде тұратын қырғыздар мен өзбектер арасында болған қақтығыстан 500-ге жуық адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды, мыңдаған адам баспанасыз қалды.

Қырғызстандағы өзбек ұлты өкілдеріне тең құқылы әділдікті қамтамасыз ете алмаған үкіметтің шарасыздығы сынға ұшырап келеді. Арада екі жыл өтсе де Қырғызстанның оңтүстігіндегі өзбек тілінің жағдайы жөніндегі дау әлі шешілген жоқ.

Эльмұрат Қасым Registan сайтында «Сол қайғылы оқиғадан кейін өзбек тіліндегі кейбір мектептер жабылып қалды немесе оқу қырғыз тіліне көшті» деп жазады.

Чехиядағы TOL онлайн-журналы «Ресми деректер бойынша, 2003 жылы Қырғызстанда сабақ өзбек тілінде жүретін 141 бастауыш және орта мектеп болса, 2008 жылы олардың саны 129-ға түсті» деп жазады. Қырғызстанның білім министрлігінің деректері бойынша, биыл 91 өзбек мектебі қалған.

«ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ»

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ноокат қаласындағы жеті өзбек мектебінде сабақ қырғыз тілінде оқытылатын болды. Эльмұрат Қасым Registan сайтында «жергілікті «АКИ пресс» агенттігі «бұл жергілікті тұрғындардың тілегі екенін хабарлады» деп жазады.
Мырза Ұлықбек атындағы қырғыз-өзбек мектебі. Қырғызстан, 18 қыркүйек 2012 жыл.

Мырза Ұлықбек атындағы қырғыз-өзбек мектебі. Қырғызстан, 18 қыркүйек 2012 жыл.


Эльмұрат Қасым Registan сайтында «Адамдар өзінің туған тілінде білім алу жөніндегі конституциялық құқығынан бас тартқысы келмесе де өзінің пікірін білдірмегені жөн» деп жазыпты.

Қырғызстандағы өзбек мектептерінің азаюын өзбектердің жаппай көшуімен, негізінен Ресейге қоныс аударуымен байланыстырады. Тағы бір себебі – оқулықтар мен басқа оқу құралдарының жоқтығы. Эльмурад Қасым «Бұл мектептер қажетті құрал-жабдықпен неліктен қамтамасыз етілмейді?» деген сауал қояды.

Биылғы оқу жылында өзбек ұлты өкілдерінің балалары қырғыз тілінде оқи бастады. Азаттық радиосының Қырғыз редакциясы жазғандай, Қырғызстанның оңтүстігіндегі Қарасу ауданына қарасты Чолпон ауылында тұратын 35 өзбек баласы мектепте қазір қырғыз тілінде оқиды.

Өзбек әйелі Мавлюда Хакимова Азаттықтың Қырғыз редакциясына берген сұхбатында:

- Қызым мектепте қырғыз тілінде оқиды. Отбасымыз болып мемлекеттік тілде білім алса, қызымыздың оқуын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік туады деген шешім қабылдадық. Оның үстіне, университеттен кейін жұмыс та оңай табылар еді, - дейді.

Бұл шешімді қабылдауға оларды ешкімнің мәжбүрлемегенін айтқан Мавлюда Хакимова «Балалардың болашағы үшін осылай еттік» дейді.
Мырза Ұлықбек атындағы қырғыз-өзбек мектебіндегі сабақ. Қырғызстан, 18 қыркүйек 2012 жыл.

Мырза Ұлықбек атындағы қырғыз-өзбек мектебіндегі сабақ. Қырғызстан, 18 қыркүйек 2012 жыл.


TOL журналы Ош облысы бойынша мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Алмагүл Тілекманованың «Балалары мектеп бітірген соң республикалық тестті оңай тапсыруы үшін ата-аналар қырғыз тіліндегі сыныптар ашуды өтінді» деген пікірін келтіріпті.

Ош қаласындағы орта мектептің мұғалімі Тавакалхан Камилова TOL журналына «Өзбек мектебі түлектерінің болашағы бұлыңғыр болғандықтан ата-аналар балаларының өзбек мектебінде оқығанын қаламайды» дейді.

Камилова «бірақ мұнда тұратын аз санды ұлт өкілдері қырғыз тілін білсе де, келешекте Қырғызстанда бірдеңеге жете алуы екіталай» деген де пікір айтқан.

АТАУЛАРДЫ ӨЗГЕРТУ

Eurasia.net сайтында Ош қаласындағы көптеген дәмханалар мен мейрамханалар қырғыздардың қолына өткен соң атауын өзгерткені туралы жазылған. Сайт мысал ретінде «Имам-әл-Бұхари» мешітін атайды.

Қырғызстанның оңтүстігінде болған оқиғалардан кейін қаладағы орталық мешіттің атауына «Алай» сөзі қосылып жазылып, қазір мешіт «Имам-әл-Бұхари-Алай» мешітіне айналды. Eurasia.net сайты «ұлтшыл баспасөзде алайлықтар патриот ретінде әспеттеледі» деп жазады.

Сайттың хабарлауынша, 2010 жылғы маусым оқиғаларына дейін елде өзбек тілінде оқытатын бөлімшелері бар екі университет (Оштағы қырғыз-өзбек университеті және Жалал-Абадта халықтар достығы университеті) болған. Қазір біріншісі Ош мемлекеттік әлеуметтік университеті болып құрылып, онда сабақ қырғыз және орыс тілінде жүреді. Ал екінші университет жабылып қалған.

Мақала Азат Еуропа/Азаттық радиосының журналисі Дан Висневскийдің материалы негізінде жазылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG