Accessibility links

Қазақстан көшпенділер ойынында 3-орында келе жатыр


Қырғызстанда өтіп жатқан дүниежүзілік көшпенділер ойындары. 6 қыркүйек 2016 жыл.
Қырғызстанда өтіп жатқан дүниежүзілік көшпенділер ойындары. 6 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстан Қырғызстанда өтіп жатқан дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бүгінге дейін 5 алтын, 6 күміс пен 8 қола медаль алған.

Қыркүйектің 3-інде Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында басталған екінші дүниежүзілік көшпенділер ойынында 62 мемлекеттен келген 1000-нан астам адам спорттың 23 түрі бойынша сайысып жатыр. Ертең аяқталатын бұл сайысқа Қазақстаннан 75 спортшы барған.

Этникалық спорт түрлері бойынша өтіп жатқан халықаралық спорттық жарыстар Орталық Азияның көшпелі тұрғындарының ойындарына негізделген. Спорттың 23 түрі енгізілген ойын бағдарламасының ішінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ секілді спорт түрлері де бар.

Қырғызстанда өтіп жатқан дүниежүзілік көшпенділер ойындары.
Қырғызстанда өтіп жатқан дүниежүзілік көшпенділер ойындары.

Қазақстандықтар бүгінге дейін жиыны 19 медаль (5 алтын, 6 күміс пен 8 қола) алып, Қырғызстан (13 алтын, 12 күміс және 15 қола) мен Ресейден (10 алтын, 6 күміс және 7 қола) кейін тұр.

Қазақстан мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің өкілі Замир Ихсанғалиевтың сөзінше, қазақ спортшылары медальдардың көбін – төрт алтын мен бір күмісті қазақ күресінен алған.

– Қазақ жігіттері қазақ күресінен басқа әзербайжандардың ұлттық күресі гюлеш бойынша – бір қола, бір күміс, қырғызша күрестен үш күміс, бір қола медаль алды. Сонымен қатар мас-рестлинг (таяқ тартыс) бойынша бір күміс, екі қола алды, – дейді ол.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Көшпенділер ойыны

Қазақстандық спортшылар енді қыркүйектің 8-інде көкпардан қырғызстандықтармен сайысып, бас жүлдеге таласады. Бұған дейін қазақ көкпаршылары Қытайдан келген қарсыластарын 15:1 есебімен, АҚШ-тан келген бәсекелестерін 15:5 есебімен ұтқан.

Әр екі жыл сайын ұйымдастырылатын көшпенділер ойыны ең алғаш 2014 жылы 9-14 қыркүйекте Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен.Қазақстан құрама командасы ол кезде 28 медаль (11 алтын, 9 күміс, 8 қола) иеленіп, екінші орын алған.

Биылғы сайысқа Қазақстан 18 спорт түрі бойынша 129 адаммен (олардың 75-і – спортшылар, өзгелері – төрешілер мен жаттықтырушылар) барған.

XS
SM
MD
LG