Accessibility links

Құрманбек Бакиев кенеттен Қазақстанға ұшып келді


Құрманбек Бакиев Тейіт аулында жақтастары алдында сөйлеп тұр. 15 сәуір, 2010 жыл.
Құрманбек Бакиев Тейіт аулында жақтастары алдында сөйлеп тұр. 15 сәуір, 2010 жыл.

Бейсенбі күні кешке қарай Қырғызстандағы билік тартысында өзіндік бір өзгеріс байқалғандай. Ақпарат агенттіктерінң хабарлауынша, Бакиевке Астанадан арнайы ұшақ жіберілген. ЕҚЫҰ-ның төрағасы болса Бакиевті Қырғызстаннан алып шығу туралы келісім жасалғанын мәлімдеді.

Құрманбек Бакиевтің ұшағы сағат 8-дер шамасында Тараз әуежайына қонды. Бұл жөнінде ИТАР-ТАСС агенттігіне қырғыздың Уақытша үкіметіндегі ақпарат көздері хабарлаған.

Осыдан сәл бұрын ЕҚЫҰ-ның төрағасы, Қазақстан сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев жариялаған мәлімдемеде:

«Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обаманың, Ресей президенті Дмитрий Медведевтің біріккен күш-жігері арқасында қырғыздың Уақытша үкіметімен Бакиевті елден шығарып алып кету туралы келісімге қол жеткізілді», – деп жазылған.

Биліктен қуылған қырғыз президенті Құрменбек Бакиев өзін қазақ президенті Н.Назарбаевтың Қазақстанға шақырғанын мәлімдеді.

«Қазір менің тағдырымды Ресей, Қазақстан және АҚШ-тың өзі талқылап жатыр. Осы жаңа ғана маған Нұрсұлтан Назарбаев телефон соқты, ол менің өзімді Қазақстанға шақырды», – деп мәлімдеген еді Құрманбек Бакиев.

Оның айтуынша, «Қазақстан бұл келіссөздерде, ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде, бейтарап ұстаныммен қатысты».

Бұдан бөлек, Құрманбек Бакиев Беларусь президенті Александр Лукашенконың өз елінен саяси баспана ұсынғандығын атап көрсеткен.

«Маған қандай да бір елде саяси баспана керек емес. Бірақ, Қырғызстанда қалыптасқан жағдайды түсіне отырып, мен басқа да мемлекеттердің басшыларының ұсыныстарын қарастыруға дайынмын», – деді Құрманбек Бакиев.

15 сәуір күні түске дейін Қырғыстанның оңтүстігіндегі уақытша үкіметті қолдаушылардың митингісі өтіп жатқан Ош қаласында оған жиналған жұрт пен биліктен қуылған президент Құрманбек Бакиевтің жақтастары қақтығысып қалды.

Қаланың орталығына жаңа билікті қолдайтын 4 мыңдай адам жиналса, сол маңайда осы күні Жалалабадтан Ошқа келген Бакиевтің жақтастары да жиын өткізді.

Жаңа билікті қолдаушылар Бакиев тұрған мінберге шықпақ болғанда төбелес болып, президенттің оққағарлары оны алып кету үшін әуеге оқ атуға мәжбүр болды.

Жиналғандар Құрманбек Бакиевтің автокөлігін таспен атқылады.

Бішкектегі 7-8 сәуірдегі халық толқулары кезінде 80-нен астам кісі құрбан болды. Олардың қазасы үшін оппозиция Құрманбек Бакиев пен оның маңайындағыларды айыптайды.
XS
SM
MD
LG