Accessibility links

Тубдиспансердегі сырқаттар масаханада жатыр


Қызылордадағы тозығы жеткен туберкулез диспансеріндегі пациенттер Азаттық тілшісіне қиын жағдайда емделіп жатқандарын айтты. Аурухана басшысы күрделі жөндеу мәселесінің енді шешілгенін хабарлады.

Азаттықтың әлеуметтік желідегі парақшаларының біріне «Қызылорда қалалық туберкулезді емдеу диспансерінің жағдайы сын көтермейді. Науқастар дерттерінен айығудың орнына керісінше ауруларына ауру жабыстырып жатыр» деген шағым түсті. Тілшіміз хат иесімен кездескен соң диспансерге барып емдеу мекемесінің жай-күйін көрді.

Қызылорда қаласына қарайтын Тасбөгет кентіндегі ауруханада 170 адам ем қабылдап жатыр. Диспансердің атауы қалалық болғанымен, онда облыстың әр ауданынан келген науқастар да емделеді.

Бес қабатты аурухананың бір қабатты алдыңғы бөлігінің үстіңгі жағына кірпішпен жазылған 1983 деген жазу ғимараттың қай жылы салынғанынан хабар беріп тұр. 2000 жылы аурухана боларға дейін мұнда мектеп-интернат орналасқан.

ПАЦИЕНТТЕРДІҢ МҰҢЫ

Қызылорда қалалық тубуркулезге қарсы диспансерi. Қызылорда қаласы, Тасбөгет ауданы, 2 қыркүйек 2013 жыл.

Қызылорда қалалық тубуркулезге қарсы диспансерi. Қызылорда қаласы, Тасбөгет ауданы, 2 қыркүйек 2013 жыл.

Сырқат адамдар жатқан бес қабатты ғимаратқа кіру үшін аурухана әкімшілігі орналасқан ғимараттан өту керек. Ол маңнан ешқандай күзетші кезіктірмедік. Ары қарай еш кедергісіз өтіп кеттік.

Екінші қабатта ауыр науқастар жатады екен. Дәліз бен палаталардың да әбден тозығы жеткені көрініп тұр. Еденге әр жері жыртылған, ескі линолеум төселген. Қабырғалар мен төбелер көгерген. Кейбір есігі ашық тұрған палаталарда тек көне екі төсектен тұрғаны байқалады. Теледидар мен басқа да қажетті жиһаздар атымен жоқ. Терезеге ілінген перделер де әр палатада әр түрлі. Бұл әркім өз мүмкіндігінше терезесін Қызылорданың аптап ыстығынан көлегейлегенін білдіреді.

​Жолда кезіктірген науқастарға журналист екенімізді айттық. Мұңын шағар адамның табылғанына қуанып кеткен олар дереу бір бөлмеге жиналды да, қандай жағдайда ем қабылдап жатқандарын баяндай бастады.

2000 жылдан бері ауруханада емделіп жүрген Айжарық Дүйсенбаев есік-терезенің ашық-шашықтығынан бөлмелер масаға толатынын, сондықтан кереует үстіне құрылған масаханада ұйықтайтындарын айтты.

Күмісбек Қайнар, Қызылорда қалалық тубуркулезге қарсы диспансерiнде жатқан науқас. Қызылорда қаласы, Тасбөгет ауданы, 2 қыркүйек 2013 жыл.

Күмісбек Қайнар, Қызылорда қалалық тубуркулезге қарсы диспансерiнде жатқан науқас. Қызылорда қаласы, Тасбөгет ауданы, 2 қыркүйек 2013 жыл.

Өздері үйлерінен әкелген теледидарды да кешкілік сол масахана ішінде жатып көреді екен. Айжарық Дүйсенбаев 10 жыл бойы ауруханаға бірде бір рет жөндеу жүргізілмегенін сөз етті.

Науқастардың бірі Күмісбек Қайнар жуынатын бөлме мен дәретханалар науқастарға сай емес екенін айтып, ол жерлерді Азатық тілшісін ертіп жүріп аралатты. Расында да ваннаны тот басып, су шүмектері бұзылған екен.

Ал ауруханаға былтыр түскен Батырбек Әбдікәрімов қыста палаталарды көк түтін басатынын әңгімелеп берді.

– Қыста аурухананы жылытуға арналған қазандықтың мұржасы майысып қалды. Майысқан бөлігі төмен салбырап, от жаққан сайын бар түтін ықта тұрған ауруханаға кіреді. Қыс болса, жақындап қалды, – деді ол.

«КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ БАСТАЛАДЫ»

Ал Қызылорда қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Жақсыбай Баймырзаевтың айтуынша, пациенттер көтеріп отырған мәселе алдағы жылдары шешіледі. Ол «күрделі жөндеу жұмыстарына 406 миллион теңге бөлінгенін» хабарлады.

Жақсыбай Баймырзаев, Қызылорда қалалық тубуркулезге қарсы диспансерiнің бас дәрігері. Қызылорда қаласы, Тасбөгет ауданы, 2 қыркүйек 2013 жыл.

Жақсыбай Баймырзаев, Қызылорда қалалық тубуркулезге қарсы диспансерiнің бас дәрігері. Қызылорда қаласы, Тасбөгет ауданы, 2 қыркүйек 2013 жыл.

– Күрделі жөндеу жөнінде үш жыл бойына мәселе көтерілді. Сол биыл шешілді. Сосын жылу жайы – табиғи газға қосылу жайы да шешімін тапты. Құрылыс басқармасы бір аптадан кейін құрылыс жұмыстары басталатынын айтты. Күрделі жөндеу бір жарым айда бітеді. Қазір қажетіне қарай құрылысқа – 32 миллион теңге, табиғи газға – 64 миллион теңге, ал жылу құбырына – 1 миллион 700 мың теңге бөлініп отыр, – деді бас дәрігер.

Азаттыққа әлеуметтік желі арқылы хат жолдап, кейін тілшімізбен кездескен жазба иесі аты-жөнін атамауды сұрады. Оның сөзіне қарағанда, 120 адам емделіп жатқан ауруханадағы науқастар – туберкулездің мультирезистенттік түріне (дерттің күшті дәрілерге бой бермейтін ауыр түрі – ред.) шалдыққандар. Шағымданушының дерегінше, облыста туберкулезге бірінші рет шалдыққан адамдардың 70 пайызы бірден аурудың осы ауыр түрімен ауырады.

Арыз иесінің пікірінше, облыс бойынша туберкулез Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарында көптеп кездеседі. Ауыр науқастар медициналық талап бойынша күніне құнарлылығы 6 мың килокалория болатын тамақ ішуі керек. Алайда бұл жүзеге аспай тұр. Шағымданушы тубдиспансердегі 6 дәрігердің үшеуі педиатр, яғни ауруханаға қажетті маман емес деп санайды. Ал ауыр науқастарды қарау үшін педиатр тұрмақ құрт ауруын емдеуге машықтанған дәрігерлердің өзі қайта маманданулары қажет.

Қызылорда қалалық тубуркулезге қарсы диспансерi. Қызылорда қаласы, Тасбөгет ауданы, 2 қыркүйек 2013 жыл.

Қызылорда қалалық тубуркулезге қарсы диспансерi. Қызылорда қаласы, Тасбөгет ауданы, 2 қыркүйек 2013 жыл.

Жақсыбай Баймырзаев шағымданушының арызына қатысты Азаттық тілшісіне өз уәждерін келтірді. Бас дәрігердің сөзінше,үкімет қаулысы бойынша науқас күніне құнарлылығы 6 мың килоколория емес, 4,5 мың килоколориялық тамақ жеуі керек.

- Педиатрларға келетін болсақ, бізде үш педиатр бар. Олар балаларды тексеру үшін керек. Біз қала бойынша жауаптымыз. Алғаш құрт ауруына шалдыққандардың 70 пайызы «мульти» деген дұрыс ақпарат емес. Дұрысы – 26 пайыз, – деді ол.

Ал пациенттер құрылыс жұмыстары жақында басталса да, биыл аяқтала қоймайды деп алаңдайды.

Экожүйесі қатты зардап шеккен аймақтардың бірі болып саналатын Қызылорда облысындағы науқастардың басым бөлігі түрлі өкпе ауруына шалдыққан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұржамал Тұрсынбаеваның сөзінше, соңғы жарты жылда құрт ауруына шалдыққан ересектер саны бірнеше пайызға азайған.

Тамыз айында жергілікті БАҚ-қа берген комментарийінде ол: «Бірақ балалар туберкулезі бойынша жағдай қиынырақ. Аймақтың бірнеше ауданында балалар мен жасөспірімдер арасындағы туберкулез көрсеткіштері әлі жоғары. Мұның негізгі себебі – балалардың сырқаттармен жақын араласуы, отбасылардағы әлеуметтік жағдайдың нашарлығы мен дәрумендердің жетімсіздігі» деген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG