Accessibility links

Латвиядағы орыстілді тұрғындарының томаға-тұйық кеңістігі


Латвиядағы орыстілді газеттер. Рига, 17 ақпан 2012 жыл.

Латвиядағы орыстілді газеттер. Рига, 17 ақпан 2012 жыл.

Латвияның ақпараттық томаға-тұйық кеңістікте отырған орыстілді тұрғындары Кремль үгіт-насихатының ықпалына түсуі мүмкін деген қауіп бар.

Ақпарат ресурстарының тапшылығы мен биліктің тыйым салу саясаты кесірінен Латвияның орыстілді ақпараттық кеңістігі тарылып барады. Украинадағы дағдарыс үкіметті орыс тілін ана тілім деп санайтын аудиториямен жұмыс істеу қажеттігін мойындауға мәжбүрлеп отыр, бірақ Ресейдің үгіт машинасымен бәсекеге түсуге Латвия бюджетінің шамасы келмейтін сияқты.

Латвия тұрғындарының үштен бірі (шамамен 700 мың адам) үйінде орыс тілінде сөйлеседі. Ал көрші Эстония тұрғындарының шамамен 30 пайызы, Литвада 7 пайызы ғана отбасында көбінесе орысша сөйлейді. Орыс тілі Балтық елдерінің үшеуінде де ресми тіл болып саналмайды.

Көктемде SKDS қоғамдық пікірді зерттеу орталығы мемлекеттік канцелярияның (мемлекетті басқарудың орталық аппараты) тапсырысы бойынша ұлттық азшылық өкілдері арасында «Өзіңізді латвиялықпын деп есептейсіз бе?» деген тақырыпта сауалнама жүргізген. Республика үкіметі арнайы қызмет органдарының «Украина дағдарысына байланысты Латвияда ұлтаралық қатынастар шиеленісе бастады» деген баяндамасына алаңдайды. Ел халқының ұлты латыш емес тұрғындарының 22 пайызы «Латвия патриоты емеспін» деп мәлімдеген, ал 8,6 пайызы сауалнамадағы «мүлде патриот емеспін» деген жауаппен келіскен. Респонденттердің 60,6 пайызы «СССР құрамында болған кезде Латвияның жағдайы тәуірірек» болған деп есептейді.

Орыстілді тұрғындар көп тұратын Даугавпилс қаласында газет сатып жүрген адам. Латвия, 22 наурыз 2014 жыл.

Орыстілді тұрғындар көп тұратын Даугавпилс қаласында газет сатып жүрген адам. Латвия, 22 наурыз 2014 жыл.

Латвияның орыс тілінде сөйлейтін тұрғындарының қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? Елдегі оқиғаларды респонденттердің жартысы, ал Ресей жаңалықтарын осы шамадағы, яғни 38,6 пайызы үзбей бақылап отырады. Сұралғандардың 90 пайызына жуығы теледидар көреді. Ең танымал телеарналар – орыс тілінде тәулік бойы хабар тарататын «Бірінші Балтық арнасы» (ПБК) мен TV5 арнасы. Халықтың 60 пайыздан көбі орыс тіліндегі мемлекеттік LR4 латыш радиосын тыңдайды. 55 пайызға жуығы газет-журнал, әсіресе «МК-Латвия» апталық басылымын оқиды. Сұралғандардың жартысынан сәл көбі Интернет-порталдарды, әсіресе Rus.Delfi.lv сайтын тұрақты ақпарат көзі деп таниды.

Сауалнама Латвияның орыстілді тұрғындары орысша БАҚ-тың ықпалында екенін тағы да көрсетті. Оның үстіне LTV мемлекеттік телекомпаниясының бас директоры Ивар Белтенің айтуынша, латыштардың төрттен бірі орыс кинофильмдерін, телехикаялары мен ойын-сауық бағдарламаларын үзбей көреді әрі бұл көрсеткіш өсіп келеді. Экономика докторы, «Балтық курсы» порталының редакторы Ольга Павук «Латыш БАҚ-тары саяси мүдде қызметінде» деген мақаласында: «Тілдік принцип бойынша жіктелген жергілікті БАҚ екі қауымға – латыш тілінде және орыс тілінде сөйлейтін әлеуметке қызмет көрсетеді. Баспа үйлері, телевизия мен радио да латыш және орыстілді деп бөлінеді. Телевизия, радио және электронды ақпарат құралдарында латыш-орыс бірлескен жобалар бар болғанымен, олардың редакциялары бөлек» деп жазады.

Бірақ тұтастай алғанда, Латвияда орыстілді медиа кеңістік қысқарып келеді. Биыл қыркүйекте Латвияда 23 жыл бойы шығып келген «Бизнес&Балтия» орыс газеті жабылды. Нақтырақ айтқанда, түпнұсқа материалдары мен журналистерінің көбінен айырылған газет интернетке көшті. Төрт ай бұрын «Телеграф» газеті, ал былтыр қарашада «Час» басылымы жабылған. Латвияның орыс тілінде оқитын тұрғындары бір жылда күнделікті шығатын үш газеттен айырылып, қазір «Вести Сегодня» газеті ғана қалды.

Рига қаласындағы орыс шіркеуі.

Рига қаласындағы орыс шіркеуі.

Бұған әлдебір «күшпен ассимиляциялау саясаты» емес, баспасөзді де күйзелткен экономикалық дағдарыс пен Латвияның кітап оқитын тұрғындарының күнкөріс қамымен Еуропа Одағының басқа елдеріне кетуі себеп болды. Жабылар кезде газеттер (әдетте олардың бәріне орыс партиялары, негізінен «Согласие» партиясы демеушілік көрсететін) тираж санын біртіндеп қысқарта отырып, жергілікті қожайындарын ресейлік қожайындарға ауыстырды. Латвияда жанжалға іліккен бизнесмен Владимир Антонов 2010 жылы «Телеграф» газетін сатып алды. 2011 жылы оның Латвиядағы Snoras пен Литвадағы Krājbanka банктері күйреді. Ал іздеу жарияланып, өзі Лондонға барып жасырынған Антонов газетті жуырда Ригадағы «Петит» баспа үйін «Час» басылымымен бірге сатып алған бір топ кәсіпкерге сатты. Газеттің жаңа қожайындарының тасасында Ресей миллиардері, федерациялық кеңестің бұрынғы мүшесі, Latvijas biznesa banka қожайыны және Путиннің питерлік достарының бірі Андрей Молчанов тұр деген сыбыс бар. Сол жылы «Фенстер» баспа үйі қожайыны Андрей Козлов Латвиядағы ең көне, оқырманы ең көп «Вести Сегодня» орыс газетін әлгі кәсіпкерлерге сатты. LTV7 телеарнасына берген сұхбатында Козлов экономикалық дағдарыс басталғаннан кейін табысы 80 пайызға азайып кеткенін мойындаған.

2013 жылдың аяғына қарай орыстілді БАҚ нарығында өзара бәсекелес болған үш газет «Вести» баспа үйінің қарамағында бірікті. Баспа үйі Ресейлік бизнесмен, мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Эдуард Янаковтың меншігі екені айтылады. Латвиядағы ықпалын Ресей осылай күшейтіп келеді деген болжамдар айтылған. Бірақ соңғы қожайын газетті коммерциялық тиімсіздігі үшін жауып тастады. Ол «Бизнес&Балтия» газетін ол жергілікті Baltikums банкінен сатып алды. Газеттің көп жылдан бергі бас редакторы Юрий Алексеев LTV7 телеарнасы журналистеріне берген сұхбатында «Күнделікті шығатын газет тіршілік етуі үшін нарықта кемі 2 миллион оқырманы болуі шарт, ал мұнда 4 миллинон...» деген еді.

Латвия азаматы емес тұрғындар арасында орыстілділер көп. (Көрнекі сурет)

Латвия азаматы емес тұрғындар арасында орыстілділер көп. (Көрнекі сурет)

Орыстілді баспасөз өзінен өзі жойылып жатса, коммерциялық радио мемлекеттік реттеудің құрбанына айналатын сияқты. Қазір сеймнің екінші оқылымынан өткен электронды БАҚ туралы заңға енгізілетін жаңа түзетулерге сәйкес, қазір бағдарламаларының жартысы орыс тіліндегі хабарлардан тұратын радиостанциялар 2016 жылы толық мемлекеттік тілге көшуі тиіс. Жаңа заң жобасының тең авторы әрі парламенттің қоғамдық істер және адам құқығы жөніндегі комиссиясының жетекшісі, «Ұлттық бірлестік» оңшылдар партиясының мүшесі Инара Мурниеце бұл бастамасын мемлекеттік қауіпсіздік мүддесімен байланыстырады. LSM.lv порталы оның «Ресейде шығарылған бағдарламалардың мазмұнын нақтыламастан жаппай таратып жатқан радиобағдарламалар толып жатыр. Меніңше, мына заң радиостанциялардың көпшілігінің мемлекеттік тілде жұмыс істеуге көшуіне көмектеседі. Сол кезде ресейшіл бағдарламалар Латвияда жасалған деп жұртты алдай алмайды» деген сөзін келтірген. Заң талабына Латвияның жеті радиостанциясы, оның ішінде орыстілді тұрғындар көп тыңдайтын «Хиты России», RetroFM, Europa plus деген радиостанциялар ілігеді. TNS зерттеу компаниясының дерегінше, Латвияда 1 миллион 400 мыңнан аса адам радио тыңдайды. Ал хабар таратушылар «400 мыңнан көп тыңдарманымыз үйінде орысша сөйлеседі» деп мәлімдейді. Мемлекет пен тәулік бойы орыс тілінде хабар тарататын LR4 телеарнасы бұл салада монополия орнатқысы келеді, бірақ Латвия тұрғындарының үштен бірінің қажетін оның жалғыз өзі өтей алуы неғайбыл.

Латыш телеарналарындағы орыс тілінде хабар тарататын телевизияның эфир уақыты да заң жүзінде 20 пайызбен шектелген. Орыс тіліндегі контентті ПБК арнасы мен Швецияның MTG концернінің 3+, ТV5 коммерциялық арналары және LTV7 мемлекеттік арнасы кабельдік желі арқылы ұсынады. Бұрынғы жылдары түпнұсқасы орыс тіліндегі хабарлардың қоғамдық телевизиядағы үлес салмағы қаржылық себептермен біртіндеп қысқарған болатын. Латвияда шығатын орыс тіліндегі ақпараттық хабарлардың сағаты мен «Единство» коалициялық партиясын жақтайтын әрі швед кәсіпкерлері иелігіндегі арналар қысқарған.

Украиналықтарға жақтасып, Украина елшілігі алдында шеру өткізіп тұрған адам. Рига, 24 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украиналықтарға жақтасып, Украина елшілігі алдында шеру өткізіп тұрған адам. Рига, 24 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Билік орыстілді аудиторияға таласта Ресей телеарналарымен бәсекелесуге ешқандай ақша жетпейді деген уәж келтірілген. 2008 жылы «Телеграфқа» берген сұхбатында медиасыншы Сергей Крук «Билікке Мәскеудің насихаты Латвияның орыстілді тұрғындарын бұзады деген пікірді қостап әрі қол қусырып отырған тиімді» деген болатын.

Биыл жазда Латвия телевизиясы Балтық елдеріне ортақ орыс телеарнасын ашу бастамасын көтерген еді. Идея журналистер арасында және Латвия, Эстония және Литва елдерінің қоғамдық телевизия компаниялары, парламент комиссиялары мен министрліктерінде талқыланды. LTV бас директоры Ивар Белте «егер үш елдің үкіметі ақша бөлуге келіссе, жаңа арнаны жарты жылда іске қосуға әзірмін» деп мәлімдеді. Саяси бейтараптықты ұстанатын контентті (оны Украинадан да сатып алу жоспарланған) сатып алуға 2 миллиондай еуро, студия ашып, жергілікті бағдарламалар шығаруға тағы біраз қаражат қажет болған.

Бірақ бұл жоспардан ештеңе шықпай қалды. Қыркүйектің 1-іне қарай өзінің «орыс» арнасын ашу жоспарын мәлімдеген эстондар бұл жоспарлан бірінші болып бас тартты. Эстондарға ілі-шала литвалықтар да жобадан шықты. Литваның радио және телевизия LRT бас директорының орынбасары Римвидас Палецкис BNS ақпараттық агенттігіне «Орыстілді тұрғындарға қатысты жағдай Балтық елдерінде мүлде әр түрлі екен» деп мәлімдеді. Литва «Осы шақ» деген жарты сағаттық ақпараттық телебағдарламаны қанағат тұтумен шектелді. Прагадан тарайтын бұл бағдарлама қазан айының ортасынан бері LRT арнасында көрсетіледі. (Бұл бағдарламаны «Америка дауысы» мен Азаттық /Азат Европа радиосы бірлесіп шығарады). Ақыры Латвияның мәдениет министрі Даце Мелбарде LTV эфирінен «Балтық елдерінің орыс тіліндегі бірыңғай арнасын ашуға бюджетте ақша жоқ» деп мойындады.

Бірақ мәселенің стратегиялық маңыздылығын ескерген Латвия үкіметі LTV7 телеарнасында орыс тілінде хабар таратуды кеңейтуге 700 мыңдай еуро бөлді (бұрынғы 2,5 сағатты төрт есеге көбейтті). Телеарнада елдің ішкі саяси және экономикалық өміріне арналған ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар пайда болды.

Саясаттанушы әрі журналист Данута Дембовска «LTV7 телеарнасында орыс тіліндегі бағдарламалардың (кешкі үш авторлық бағдарлама, пікірталас, сұхбат, шолу, таңғы бағдарлама және кешкі жаңалықтар) пайда болуының өзі жақсылық. Қаржыландыру туралы шешім – саяси шешім. Ақымақтық жасап, орыс медиакеңістігін көпке дейін елеп-ескермей келген мемлекет ақыры бұған мән бере бастады» дейді.

Порталдар мен газеттер әсіресе Ресейдің көшірме немесе редакциялық өңдеуден өткізіп, қысқарта салған контентін ұсынады.

Бірақ саясаттанушы Латвияның орыстілді тұрғындарының қажеттілігін бірер бағдарлама өтей алмайды деп есептейді. Жергілікті жаңалықтардың тапшылығы әсіресе интернет-басылымдарда қатты сезіледі. Дембовска Facebook-тегі блогында: «Латвияда болып жатқан оқиғалар жайлы тиімді, пайдалы, қызық ақпарат жетіспейді. Ғаламдық, медианарықтағы ірі ойыншылардың контенттері көп. Порталдар мен газеттер әсіресе Ресейдің көшірме немесе редакциялық өңдеуден өткізіп, қысқарта салған контентін ұсынады. Саясат, экономика, тіпті ойын-сауық контенттеріндегі жағдай да осы. Маған ұсынатын Made in Latvia деген маркировкасы бар «өнімнің» бәрі – Ким Кардашьянның денесі туралы немесе жұрттың Ресейдің өркендейтіні немесе күйрейтіні туралы таласы сияқты шетелдік «полуфабрикаттар». Ал мен туған елімде не болып жатқанын білгім келеді. Ондай контентті осы елде ғана жасауға болады» деп жазады. Дембовска Азаттыққа берген сұхбатында: «Бұл арада әңгіме Ресей контенті емес, орыс контенті туралы болып отыр. Ал ақпараттық өнімнің иесі кім екені – бөлек әңгіме. Портал көбейіп барады, ал сапалы жергілікті жаңалықтар жасайтын журналистер керісінше азайып барады. Латвияның орыс порталының таспасына сәл-пәл түзете салуға болатын ақпараттар жүр, бұл технологияны қаласаң идеологияға қызмет еткізуге болады» дейді.

Қыркүйекте өткен халықаралық қатынастар жөніндегі «Рига конференциясы» форумына қатысқан америкалық советолог әрі ұлтаралық жанжалдар мен ұлттық қауіпсіздік саласының сарапшысы Ариэль Коэн BB.lv порталына берген сұхбатында: «Қазір ұлттық мемлекетті өткен ғасырдың 1990 жылдарындағы сияқты әдіспен, яғни саяси және ақпараттық кеңістіктен азшылықты ығыстыру арқылы құра алмайсың. Оларды Эстонияның Нарвасы, Латвияның Даугавпилсі сияқты «кішкентайынан, балабақшадан бастап баулу қажет», өйткені «іргеде үлкен көршің отырғанда бір тілді қауым құруға асығу жақсылықпен аяқталмайды» деп ескертеді.

Бірақ саясаттанушының айтуынша, Ресейдің қоғамдық пікір қалыптастыру қаруы ретінде пайдаланатын мемлекеттік және «мемлекетшіл» ақпарат құралдары, әсіресе телеарналары постсоветтік елдердің орыстілді ақпараттық кеңістігінде көп. Латвия сарапшыларының бір ауыздан мәлімдеуінше, ал «ақша жұмсамайтын, тиісті нәрсені жазып, айтып, көрсете білетін адамдарды іздемейтін Батыс елдері бұл ойында әзірше ұтылып отыр». Азаттық тілшісімен әңгімесінде Коэн: «Қарсы насихатпен ұлттық азшылықтың тілінде айналысу мемлекет үшін өмірлік маңызды. Әуелі қарсы тараптың стратегиясын түсініп алған жөн және бірден қарадүрсін үгітке көшпей, жергілікті орыстілді тұрғындармен тіл табысуға, олардың проблемаларын түсінуге тырысқан жөн. Әйтпесе бәрі бекер әрі кері нәтиже шығады» дейді.

Украинадағы дағдарысқа байланысты Ресейдің үгіт-насихаты Латвияның орыс тілді тұрғындарын екіге жарды. Қыркүйектің аяғында Латвияның Елгава қаласында жоғары сыныпта оқитын екі бойжеткен акцентпен сөйлегені үшін украин босқындарының қызын аяусыз ұрып-соққан. Полиция бұл жанжалдан ұлтшылдық белгісін көрмегенімен, тұрғындарының көбі орыс тілінде акцентпен сөйлесетін қалада мұндай ксенофобияның болғаны кездейсоқ жайт емес екені белгілі.

Айтпақшы, ресейлік әншілер Иосиф Кобзон мен Валерияның Лондонда өткен концертіне қарсы наразылық акциясын өткізген екі әйел де өздерін Латвия тұрғынымыз деп атаған. Олардың әрекеті Ресейдің саяси эмигранты Евгений Чичваркинді полиция ұстауына себеп болған.

Азаттық тілшісі Мария Кугельдің мақаласын орыс тілінен аударған – Айжан Оралғазы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG