Accessibility links

Ресей билігі бір кездері Владимир Ленин тұрған, университет студенті атанып, оқудан да шығарылған Қазан қаласына Қытайдан келетін туристер санын көбейткісі келеді.

Украинадағы дағдарыс кесірінен Ресей мен Батыстың арасы бүлінгенге дейін Татарстан астанасы – Қазан қаласын «Батыс пен Шығыс өркениеті тоғысқан жер» деп таныстыратын. Ал қазір Ресейдегі туризмге жауапты мемлекеттік шенеуніктер назары Шығысқа ауып отыр.

«Қызыл саяхат» деп аталған туристік бағдарлама шеңберінде туристерге Қазан қаласындағы кезінде Владимир Ленин тұрған үй мен оны оқудан шығарып жіберген университет ғимараты көрсетіледі.

УЛЬЯНОВТАРДЫҢ АҒАШ ҮЙІ

1887 жылы әлі «Ленин» деген фамилияға көшпеген 17 жастағы Владимир Ильич Ульянов Қазан университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Бірақ, арада үш ай өткенде «студенттердің рұқсат етілмеген қарсылық шарасына қатысып, революциялық әрекетке барғаны үшін» оқудан шығарылады.

«Қызыл саяхатпен» келген туристер, сондай-ақ, Ресейдегі коммунистік партияның негізін қалап, большевистік революцияны бастаған, Совет мемлекетін құрып, оның алғашқы басшысы болған Владимир Лениннің патшаға қарсы наразылық шараларына қатысқан жерлерді де аралайды.

19-ғасырда Владимир Ленин тұрған үй. Қазан қаласы, қараша, 2010 жыл.

19-ғасырда Владимир Ленин тұрған үй. Қазан қаласы, қараша, 2010 жыл.

Сонымен бірге туристер жас Ленин жесір анасымен және інісімен бірге біраз уақыт ғұмыр кешкен үйге де кіре алады. Оның саяси көзқарастары осы үйде тұрғанда қалыптасқан. Оқудан шығарылған соң бұл үйде тоғыз ай тұрған Ленин сол аралықта қуғындалған радикалдармен жиі кездесіп, Карл Маркстің «Капиталы» сияқты саяси әдебиеттерді оқиды.

Пролетариаттың болашақ көсемі Қазан қаласының тарихи орталығында орналасқан үйдің екінші қабатында тұрған. Ол 1889 жылы осы үйде өзін «марксистпін» деп жариялаған. Бұл ағаш үй 19-ғасырдың соңында осы аймаққа тән стильде салынған. 1937 жылдан бері бұл ғимаратта Ленин музейі орналасқан.

ҚЫТАЙ ТУРИСТЕРІНЕ ҮМІТ АРТУ

Төрт жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізілген ғимарат биыл 22 мамырда қайтадан пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына Татарстан президенті Рустам Минниханов пен Ресей коммунистік партиясы орталық комитетінің төрағасы Геннадий Зюганов қатысты.

Жиынға қатысушылар алдында сөйлеген Ресей мәдениет министрінің орынбасары Алла Манилова қытай туристеріне ұсынылатын «Қызыл саяхат» бағдарламасымен 1917 жылы Ленин бастаған большевиктер революциясының бесігі – Санкт-Петербург қаласына және 1870 жылы ол дүниеге келген бұрынғы Симбирск, қазіргі Ульяновскіге баруға болады деп хабарлады.

2014 жылы Ресейге келген туристер саны жөнінен Қытай бірінші орынға шықты.

Татарстанның туризм жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Сергей Иванов «қытай туристерінен көп үміт күтіп отырғанын, нарықтағы ең үлкен үлес солардікі болады деп сенетінін» айтады. Сондықтан бұл бағытта туристер тартуға көп көңіл бөлініп жатыр екен. 2014 жылы Ресейге саяхаттап келген туристер саны жөнінен Қытай бірінші орынға шықты дейді Иванов. Бірақ, олардың барлығы Мәскеу мен Санкт-Петербургке бірден өтіп кетеді. Ал Татарстан үкіметіндегілердің мақсаты – Қазанды қытайлықтар көп келетін туристік қалаға айналдыру.

2014 жылы Сергей Иванов басқаратын мекеме қызметкерлері Тайпей, Пекин және Шанхай қалаларына арнайы барып, Татарстанды Қытайдың мемлекеттік туроператорларына таныстырып қайтқан. Татарстандағы әріптестерімен байланыс орнату мақсатында былтыр Қазанға 30-ға тарта қытай компанияларының өкілдері келіп кеткен. Олардың арасында Қытайдың ең ірі туроператоры саналатын China International Travel Service компаниясы да бар.

Былтыр қазан айында Татарстан басшысы Рустам Минниханов Қазан қаласында осы компанияның басшысымен кездескен. Сол кездесудің нәтижесінде Татарстан жылына 3 миллион адамды әлемнің түкпір-түкпіріне турист етіп жіберетін Қытайдың мемлекетке тиесілі алып компаниясымен ресми келісім-шартқа отырған.

Осы келісім бойынша, биыл маусым айында Қытай мемлекеттік халық конгресінің 30-ға тарта мүшесі «Қызыл саяхатты» бастап, Қазан қаласына келуі тиіс.

Қытайдың туристік агенттіктері әрқайсысы 40 адамнан тұратын 5 топтың Татарстанға келуге дайын отырғанын айтады. Олар 2015 жылдың екінші жартысында саяхатқа шықпақ.

130 САҒАТ ЖОЛ ЖҮРУ

Әрине, Татарстанға жыл сайын келіп жатқан миллиондаған туристің қасында қытайлық 250 турист деген мүлде аз. Рустам Миннихановтың сөзіне сенсек, Қазанда дүниежүзілік жазғы универсиада өткен 2013 жылы бұл елге 1,7 миллион адам келген.

Универсиадаға келген туристерді қарсы алып тұрған татар ұлттық киіміндегі әйелдер. Қазан, 16 шілде 2013 жыл.

Универсиадаға келген туристерді қарсы алып тұрған татар ұлттық киіміндегі әйелдер. Қазан, 16 шілде 2013 жыл.

«Қызыл саяхат» президент Рустам Миннихановтың алдағы бес жылға арнап бекіткен туризмді дамыту жоспарының ішіне кіреді.

Қазан қаласына саяхатшыларды көптеп тарту үшін туристік пакет құрамына Санкт-Петербург қаласын да қосу керек. Татар астанасындағы турагенттік өкілдерінің айтуынша, қытайлық туристер мұнда пойызбен немесе ұшақпен келе алады.

Алайда, биыл жаз айларында Пекиннен Қазанға келетін ұшақ билетінің құны 1000 долларға дейін жетеді. Ал «Транссібір экспресі» теміржолымен жетсе де, соншалық шығын шығады. Оның үстіне, бұл пойыз Қазанға тоқтамайды. Пекиннен шыққан жолаушылар 130 сағат жүріп Нижний Новгород қаласында пойыздан түсіп, басқа бір пойызға не автобусқа отырып, тағы 6 сағат жүруі керек.

Қала тұрғындары «Қызыл саяхат» идеясының болашағына күмәнмен қарайды. «Туристер көбіне татардың ұлттық дәстүр-салтына қызыққандықтан бізге келеді» дейді олар.

«Татарстанның дәстүрлі мәдениетін дамыту» орталығының директоры Фанзиля Завгарова бұл бастаманы қолдайды. Ол тек Лениннің өмір жолына қатысты ресейлік гидтер көзқарасы қытай туристерінің көзқарасымен үйлеспей қалып жүрмесе деп алаңдайды.

Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG