Accessibility links

Украиндар Ленин ескерткіштерін талқандап жатыр


Киевте билікке наразылық білдіргендер Ленин ескерткішін құлатып, балғамен талқандап жатыр.
8 желтоқсан 2013 жыл.

Киевте билікке наразылық білдіргендер Ленин ескерткішін құлатып, балғамен талқандап жатыр. 8 желтоқсан 2013 жыл.

Жыл басынан бері Украинада большевиктер көсемі Владимир Лениннің кем дегенде төрт ескерткіші қиратылды. Бұл өткен советтік кезеңге халық наразылығының артып бара жатқанын көрсетеді.

Большевиктер көсемінің Украинадағы ескерткіштері аяусыз шабуылға ұшырап жатыр.

Ескерткіштерге шабуыл жасағандар мүсінге бояу жағып, балағат сөздер жазған, аяқ-қолын қиратып, оқ атқан, тіпті нәжіс жағып кеткен. Кейбір жерлерде ескерткішті тұғырынан құлатқан, ал ондайға әжептәуір күш керек екені белгілі.

Жыл басынан бері Украинада Ленин ескерткішіне қатысты осындай төрт оқиғаның бірі Бердичев қаласында, екіншісі (қара бояу жағылғаны) Одесса маңында болды.

Коммунистер бұл оқиғаларға бола әсіреұлтшылдарды айыптайды. Былтыр солтүстік-шығыстағы Ахтырка қаласында Ленин ескерткішін өз қолымен шапқан, әсіреұлтшыл "Свобода" партиясының өкілі Игорь Мирошниченко оны жоққа шығармайды.

– Әрине, Ленин ескерткішін ұлтын сүйетіндер талқандайды. Халқын сүйіп, құрметтейтін, тарихты, ата-бабасын ұмытпағандар, тәуелсіздік үшін күресетіндерді сондай ұлтшылдар қатарына қосамыз, - дейді ол.

ВИДЕО: Киевтегі Ленин ескерткішін құлату (2013 жыл 8 желтоқсан)



НАРАЗЫЛЫҚ НЫШАНЫ

Өткен айда "Свобода" партиясының жалауын ұстап, бетперде киген адамдар Киевтің төменгі жағындағы Ленин ескерткішін құлатты.

Мирошниченко "вандализм оқиғалары мен Украина президенті Виктор Януковичтің Еуропа одағымен ассоциация туралы келісімнен бас тартып, Ресеймен қарым-қатынасты нығайтуды көздейтін шешімі арасында тікелей байланыс бар" дейді. Оның айтуынша, Мәскеудің ықпалынан шыға алмаған Януковичтің партиясына украиндықтардың наразылығы күн өткен сайын артып келеді.

Тұғырынан құлатылған Ленин ескерткіші. Киев, 8 желтоқсан 2013 жыл.

Тұғырынан құлатылған Ленин ескерткіші. Киев, 8 желтоқсан 2013 жыл.

Ал украиндық коммунистер "бұл әрекеттерді бұзақылар жасап отыр" деумен шектелді. Коммунист депутат Александр Присяжнюк "бүлінген ескерткіштерді қалпына келтіру үшін партиямыз жеткілікті қаржы жинайды" деп мәлімдеді.

– Адамдар Ленин ескерткіші орнында тұруы тиіс деп санайды. Вандалдар ескерткіштің тағдырын шешеміз деп бекер үміттенеді, - деді ол.

Бірақ Ленинге қарсы адамдар Украинаны оның бейнесінен арылту үшін аянып қалмайтын тәрізді.

Украинада большевиктер көсемі Владимир Лениннің 1300-ден астам ескерткіші бар.

Украинадағы Ленин ескерткіштерінің картасы (мәтіні украин тілінде):


София Середа мен Клэр Биггтің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG