Accessibility links

ИМ содырлары Ливия арқылы Еуропаға жетуі мүмкін бе?


Ливиядағы ИМ содырлары Жерорта теңізіндегі заңсыз мигранттар маршруттары арқылы Еуропаға жетеді деп қауіптенетіндер көп.

Ливиядағы ИМ содырлары Жерорта теңізіндегі заңсыз мигранттар маршруттары арқылы Еуропаға жетеді деп қауіптенетіндер көп.

«Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы Еуропа қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп алаңдайтындар көп. Мұндай қауіптің бар екенін жуырда Италия сыртқы істер министрі Паоло Джентилони де мәлімдеді.

Ақпанның 15-і күні «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымымен байланысы бар екенін жасырмайтын ливиялық қарулы топ жаңа видео жариялады.

«Крест еліне қанмен жазылған жолдау» деп аталған бұл насихат видео бес минутқа созылады. Онда ИМ содырлары делінген адамдар жыл басында Ливияда қолға түскен египеттік 21 копт христианның басын алады.

«ҚАЙЫҚ ТОЛЫ ТЕРРОРИСТЕР» ҚАУПІ

Осы видео жариялана салысымен Египеттің Ұлыбританиядағы елшісі Насер Камель «Ливия географиялық жағынан Италияға жақын орналасқандықтан, ондағы қарулы жасақтар Еуропаға қауіп төндіреді» деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, ИМ содырлары күнкөріс үшін бастарын қауіпке тігіп, Еуропаға ағылатын заңсыз мигранттардың Жерорта теңізіндегі маршруттарын пайдаланып, Ливиядан Италияға қайықпен жүзіп баруы мүмкін. Олардың Еуропа аумағына өтуіне адам тасымалдаумен айналысатын топтар септесуі ықтимал.

Камель ақпанның 16-сы күні ВВС телеарнасына берген сұхбатында «Еуропаға жету үшін қайыққа мініп, Жерорта теңізін кесіп өтетін заңсыз мигранттар бар. Егер біз бірлесе әрекет жасамасақ, енді Еуропаға қайық толы террористер келуі ғажап емес» деді.

«Крест еліне қанмен жазылған жолдау» деп аталған видеодағы "ИМ содырлары" "египеттік христиандарды" (қызғылт-сары киім киген) басын алуға әкеле жатыр.

«Крест еліне қанмен жазылған жолдау» деп аталған видеодағы "ИМ содырлары" "египеттік христиандарды" (қызғылт-сары киім киген) басын алуға әкеле жатыр.

Дипломат мәлімдемелерін шын қауіп еткеннен айта ма, әлде бұл сөздер оның баскесерлердің жантүршігерлік видеосын көргеннен кейінгі әсері ме?

Оңтүстігіндегі аралдары Ливия жағалауынан бар болғаны 300 километрдей қашықтықта жатқан Италия террористердің теңіз арқылы келуінен үрейленіп отыр.

Италия сыртқы істер министрі Паоло Джентилони ақпанның 18-і күні Ливиядағы ИМ жасақтарының Еуропадағы қауіпсіздікке «үлкен қатер» төндіріп тұрғанын айтты.

Парламентте сөйлеген Джентилони «жергілікті қарулы адамдармен, қылмыстық топтармен байланысқа шығып жатқан ИМ жасақтары тек Италияда ғана емес, басқа көршілес елдерде де жағдайды тұрақсыздандырып жіберуі мүмкін» екенін ескертті.

- Үлкен аумақты алып жатқан, институттары дұрыс жұмыс істемейтін бұл «мемлекет» тек бізге ғана емес, көршілес жатқан Африка елдеріндегі тұрақтылыққа және олардың өтпелі кезеңнен дұрыс өтуіне кесірін тигізуі мүмкін, – дейді Италия сыртқы істер министрі.

Әзірге «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы заңсыз иммигранттардың әдісін пайдаланып, Жерорта теңізі арқылы Еуропаға жетті деген факті тіркелген жоқ.

Италия сыртқы істер министрі Паоло Джентилони. Ирак, 23 желтоқсан 2014 жыл.

Италия сыртқы істер министрі Паоло Джентилони. Ирак, 23 желтоқсан 2014 жыл.

Бірақ Италияның қауіпсіздік органдары ақпанның 15-і күні болған оқиғадан тіксініп қалған. Сол күні Италияның жағалау күзеті қызметкерлері суға батып бара жатқан қайықтағы заңсыз иммигранттарды құтқармақ болғанда, қайықтағылар қару кезеніп, құтқарушыларды қорқытқан. Иммигранттар түсіп қалған соң қарулы адамдар өздері мініп келген қайықты иеленіп кетуге тырысқан.

Италия сыртқы істер министрі Паоло Джентилонидің айтуынша, жаңа жылдан бері Италияға заңсыз келетін мигранттар күрт көбейген. Бұған Ливиядағы ахуалдың нашарлауы себеп болса керек. Министр «бұл құбылыстың елдегі мигранттарға қарсы көңіл-күйдің күшеюіне себеп болып отырғанын» да айтқан.

«ЕУРОПАНЫҢ ҚАҚПАСЫ»

Британиялық Quilliam зерттеу орталығының «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымын зерттейтін сарапшысы Чарли Уинтер ақпанның 17-сі күні Daily Telegraph басылымында шыққан мақаласында «ливиялық содырлардың мигранттар қайықтарымен Еуропаның оңтүстігіне келу жоспарына жүрдім-бардым қарауға болмайды» деді.

«Террористер заңсыз жолдармен Еуропаға келуді ойластырып жатыр» деген тек Брюссельдегі саясаткерлердің риторикалық мәлімдемелері емес. ИМ содырлары үшін Ливия – «крестшілердің» тасымал жолдарын жауып, Еуропаның оңтүстігіндегі қалаларда аласапыран жасауға мүмкіндік беретін «стратегиялық қақпа» деп жазады сарапшы Уинтер. ​

ИМ басын алды деген 21 христианның рухына арнап шіркеуде шырақ жағу шарасы. Египет, Каир, 17 ақпан 2015 жыл.

ИМ басын алды деген 21 христианның рухына арнап шіркеуде шырақ жағу шарасы. Египет, Каир, 17 ақпан 2015 жыл.

Адамдардың басын кескен видеоны таратқан содырларға жауап ретінде Египет Ливиядағы лаңкестер нысандарын бомбалады. Ал Италия премьер-министрі Джентилонидің пікірінше, бұл мәселені әскери жолмен емес, саяси тәсілдермен шешу қажет. Ол БҰҰ-дан Ливиядағы жағдайды реттеудің амалдарын қарастыруды сұрады.

Былтыр қазан айында Ливияның шығысындағы Дерна қаласындағы содырлар «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадиге адал болуға ант бергендерін мәлімдеген. Бүгінге дейін олар Ливияда жасалған бірнеше террорлық шабуылды мойындарына алып үлгерді. Олар мойнына алған лаңкестік әреттердің соңғысы – қаңтар айының аяғында Триполи қаласындағы Corinthia қонақүйінде болған жарылыс. Бұл оқиғадан тоғыз адам опат болды. Бірақ Ливияда бұлардан басқа да қарулы жасақтар бар, сондықтан «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының бұл елде қаншалық ықпалды екенін айту қиын.

(Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG