Accessibility links

«Альберт-холл ресейлік әртістерді кіргізбейді»


Саяси эмигрант Андрей Сидельников.

Саяси эмигрант Андрей Сидельников.

Ресейден Лондонға қоныс аударған саяси эмигрант Андрей Сидельников Ұлыбритания астанасында өткізген пикеттері мен флешмобтары, митингілері туралы әңгімелеп берді.

Екі ай бұрын ЮКОС-тың бұрынғы басшысы және «Ашық Ресей» (Открытая Россия) қорының негізін қалаушы Михаил Ходорковский Лондонда Open Russia Club ашты. Бұл клубта идеологиялық себептерге байланысты Ресей рұқсат етпейтін дәрістер оқылып, пікірталастар өтеді, кино және театр көрсетілімдері болады.

Лондондағы Ресей елшілігі алдындағы акцияға келген Борис Березовский.

Лондондағы Ресей елшілігі алдындағы акцияға келген Борис Березовский.

Бір жыл бұрын Ұлыбритания астанасында Орыс саяси клубы жұмысын бастады, ол да орыстілді аудиторияға арналған. Лондондағы «орыс жиындары» туралы саяси эмигрант және «Қаттырақ сөйлеңіз!» қозғалысының үйлестірушісі Андрей Сидельников айтып берді.

Бұрын кәсіпкер Борис Березовский құрған «Либералдық Ресей» партиясының мүшесі болған Андрей Сидельников Лондонға 2007 жылдың соңында келді, бес айдан соң саяси баспана алды. 2010 жылдың соңында басқа эмигранттармен және пікірлестерімен бірге «Қаттырақ сөйлеңіз!» қозғалысын құрып, қазірге дейін Ұлыбританияда Ресей билігі қудалаған азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғау мақсатында акциялар өткізіп келеді. Орыс саяси клубы – Сидельников пен оның серіктестерінің тағы бір жаңа жобасы.

- Әртүрлі есептер бойынша, Ұлыбританияда бұрынғы СССР елдерінен шыққан 200-300-дей адам өмір сүріп, жұмыс істеп, білім алып жатыр екен. Лондонда орыс клубтары қаншалықты көп және олар немен айналысады?

- Лондондағы орыс жиындары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ тәрізді көбейіп келеді, әсіресе 2015 жылы күрт көбейді. Кез келген сұраныс пен талғамға сәйкесін табасыз. Олар саясидан мәдени шараларға дейін, балалар тақырыбынан әлеуметтік мәселелерге дейін қамтиды. Күн сайын қалада бірнеше орыстілді жиындар: қызықты адамдармен кездесу, танымал музыканттар концерті, ақын-жазушылармен пікірлесу немесе networking – қандай да бір мәселені талқылап, шешу жиындары болып жатады. Қайсысына барамын десеңіз де еркіңіз.

- Лондонда қанша орыстілді саяси жиын бар және оған кімдер барады?

Сергей Пархоменко мен Андрей Сидельников (оң жақта).

Сергей Пархоменко мен Андрей Сидельников (оң жақта).

- Саяси жиын біреу ғана – Орыс саяси клубы. Мен оның негізін қалаушылардың бірімін. Бұл - осыдан бес жыл бұрын Лондонда құрылған «Қаттырақ сөйлеңіз!» қозғалысының өзгерген түрі. Ол кезде біз тек көше акцияларымен: пикеттер, флешмобтар және перформанстар өткізумен айналысып, Ұлыбританияның әртүрлі мекемелеріне Ресей азаматтарының құқығы мен бостандығының бұзылуы мәселелері бойынша хат жазатынбыз. 2014 жылдың соңына қарай Лондондағы орыстілді адамдар үшін қарым-қатынас алаңы керектігін түсіндік. Қазір Орыс саяси клубы саясаткерлер, кинематографтар және әдебиетшілермен кездесулер өткізеді. Ресейдегі өмір, оның болашағы туралы сөйлесеміз, өткенін бағалауға тырысамыз.

- "Қаттырақ сөйлеңіз!" қозғалысы өткізген қандай акциялар есіңізде көбірек қалды?

- 2010 жылы тамыздың 31-і күні өткен алғашқы акция есте қалды, ол кезде қозғалыс жоқ еді, мен саясатқа оралуға шешім қабылдадым. Сондықтан орыстілді топтың басын қосып, ресейлік билік «лондондық орыстардың» көп нәрсеге көңілі толмайтынын білсе дедім. Біз британ астанасына түрлі жағдайға сай келдік, елімізде болып жатқан оқиғаларға наразымыз, біз - Ресей Федерациясының азаматтарымыз және қазіргі саяси үдерістерге қосылғымыз келеді. Сол кезде аяқ астынан митинг өткіздім, сол есте қалды.

- Ресейлік дипломатиялық өкілдік алдына шақырғандарыңызда кімдер келді?

Лондондағы "Стратегия-31".

Лондондағы "Стратегия-31".

- Сол кезде Лондондағы саяси белсенді орыстілді адамдардың бәрін жинадым. Борис Березовский өзінің әйгілі «Сені мен әкелдім, демек өзім құртамын» плакатын алып шықты, кәсіпкер Евгений Чичваркин, советтік диссидент Владимир Буковский болды. Осы жақта уланған Александр Литвиненконың әйелі Марина Литвиненко да келді. Басқа да адамдармен сонда таныстым, кейін олармен бірге «Қаттырақ сөйлеңіз!» қозғалысын құрып, басқа да шаралар өткіздік.

- Британия билігі акцияларыңызға тікелей назар аударғанын қаладыңыз ба?

- Әрине. Дэвид Кэморон Мәскеуге келер алдында біз Ұлыбритания парламентінің алдында, Вестминстер көпіріне үлкен плакат жайдық, онда “Mister Cameron, it’s a real Russia!”, яғни «Кэмерон мырза, бұл - нағыз Ресей» деген жазу болды. Онда төрт адамның суреті – Мәскеуде кісі қолынан қаза тапқан Анна Политковская, Лондонда уланған Александр Литвиненко, уақытша қамау орнында дүние салған Сергей Магнитский мен сол кездегі тұтқын Михаил Ходорковскийдің суреттері болды. Акция көзге түсті, оны орыс және ағылшын тілді сайттар жазды. Ресейлік билікпен қарым-қатынас жасаған кезінде ағылшын билігінің назарын түйткілді мәселелерге аудартуға тырыстық. Британдық саясаткерлер сол мәселелерді көтеріп, ресейлік басшылыққа сұрақ қойса дедік.

- Украиналықтармен ынтымақтастық орната алдыңыз ба? Лондонда олар да көп қой...

Британ парламентінің алдындағы акция.

Британ парламентінің алдындағы акция.

- 2014 жылы украиналықтармен бірге «Лондон-Еуромайдан» қозғалысын өткіздік. Ұлыбританияға Ресей мемлекеттік думасының депутаты, әнші Иосиф Кобзонның келуіне бөгет болдық, ол кезде Альберт-холда Валерияның концерті өткелі жатқан. Біз оған қатты қарсы шықтық, мен бастамашы болып Ұлыбританияның премьер-министріне хат жазып, бұл азаматтардың елге кіруіне тыйым салуын сұрадық. Оқиға орнында үлкен митинг өткіздік, акция өте сәтті болды.

- Валерия мен Иосиф Кобзон сізге несімен ұнамады? Олар тек ресейлік әртіс ретінде келді ғой?

- Концертке тыйым салсақ деген мақсатымыз болған жоқ, өнерге қарсы емеспіз. Біз Кобзонның дума депутаты екеніне, депутат ретінде кейінгі жылдары шыққан барлық тыйым салғыш заңдарға дауыс бергенін ескерттік. Біз үшін ол - жексұрын адам. Әнші Валерия ол кезде шығармашылықпен емес, телеарнадағы әртүрлі саяси шоуларға барып, саясатты талқылап, ВВС-ден гомофобиялық мәлімдемелер жасады. Соның бәріне мән беріп, оны Ұлыбритания аумағына кіргізбеуді сұрадық. Біз оған көп проблема тауып бердік.

- Бірақ Валерия бәрібір Лондонға келді, концерт берді, тек Кобзон келуден бас тартты ғой.

Лондондағы Ресей елшілігі алдындағы пикет.

Лондондағы Ресей елшілігі алдындағы пикет.

- Мендегі ақпарат бойынша, Кобзонға бармау туралы кеңес берген, шекарадан өтетініне кепілдік болмаған. Алайда оның визасы дайын болған.Александр Литвиненко полониймен уланғаннан бері Ресей мен Ұлыбританияның достығына сызат түскені жасырын емес. Қазір екі ел «қырғиқабақ соғыс» жағдайында тұр, сондықтан саяси қайраткер, танымал тұлғаға қатысты дау-дамай ешкімге қажет болмады. Иосиф Кобзон да тәуекелге барғысы келмеді.

- Валерияның мерекелік көңіл-күйін әжептәуір бұздыңыздар, белсенділеріңіз Альберт-холл алдында шерулер өткізді.

- Ол Альберт-холда концерт берді, бірақ біз көп шулаттық, ол елеусіз қалмады. Ұлыбританияның бірқатар құқық қорғау ұйымдары бізге қосылды, бірақ біз оларға өтініш жасаған жоқ едік, олар Альберт-холл басшылығымен өздері келіссөз өткізіпті. Валерияның концертінен соң қазір Лондонның ең басты және ең жақсы алаңы ресейлік әртістерге есігін жауып тастады. Олар енді орыс әншілерімен байланыс орнатуды қаламайды. Сол кезде олар Валерияның концертін өткізуге кедергі жасай алмады, өйткені көп қаржы жұмсалған еді. Бірақ жергілікті тұрғындар алдында Альберт-холл имиджіне нұсқан келді.

- Сонда енді кез келген ресейлік әнші оған кіре алмай ма? Кобзон мен Валерия сияқты емес, ресейлік билікке қарсы шыққандар да жапа шеге ме? Мұны әділетті деуге бола ма?

- Бізге ұнайтын әртістер де бұл алаңға кіре алмайтын сияқты. Бірақ мен оған өкінбеймін. Лондонға олар келе алады, басқа алаңдарда концерттерін, басқа шараларын ұйымдастыруға көмектесуге дайынбыз. Бірақ әлгі шулы оқиғадан соң Альберт-холл басшылығы ресейлік орындаушылармен жақын арада әріптес болмау туралы шешім қабылдады. Ол шешімге әншілердің саяси сенімі, көзқарастары ықпал етпейді, олар сондай шешім қабылдап қойды. Жоғарыда айтқанымдай, Ұлыбританияда абырой (репутация – ред.) көп нәрсені шешеді.

Лондондағы Ресей елшілігі алдындағы пикет.

Лондондағы Ресей елшілігі алдындағы пикет.

- «Қаттырақ сөйлеңіз!» қозғалысы аясында Ұлыбританияда қанша акция өткіздіңіз?

- Ондаған акция. Оларды 2010 жылдың жазынан бастап ай сайын өткізіп келеміз, кейде айына екі шара өтеді. Митинг, пикеттер ғана емес, театрландырылған көріністер де қоямыз. Мысалы, Путиннің көмекшісі Владислав Сурков Лондон экономика мектебіне дәріс оқуға келгенде оны Сурковтың түрі бейнеленген қуыршақпен қарсы алдық, онда Ұлыбритания, АҚШ және Еуропада қабылданған «Магнитский тізіміндегі» келесі нөмірдің суреті салынған. Трафальгар алаңында да шаралар өткіздік. Ұлыбритания ғана емес, Берлин, Париж, Барселонада да акциялар ұйымдастырдық. Еуропа қоғам Ресейдегі оқиғаларға назар аударса деп барынша тырысып жатырмыз.

- Орыс саяси клубына кімдер келеді? Пікірлестеріңіз бе, әлде басқаша ойлайтын, бірақ пікір алмасу үшін келетін адамдар да бар ма?

- Бізге өзімізден басқаша ойлайтын адамдар жетіспей жатыр. Мәселен, Ұлыбританиядағы Ресей елшісін немесе «Біртұтас Ресей» партиясының бір депутатын ортамызға шақырғымыз келеді. Бірақ олар біздің жиында сөйлеуге келіспейді. Бізге келетін адамдардың 90 пайызы – пікірлес адамдар. Балама топтарды шақыруға тырысамыз, бірақ Ұлыбританияда олар өте енжар, шынайы өмірде өздерін көрсетпейді. Тек Facebook немесе басқа әлеуметтік желілерде отырып, Путинді қалай жақсы көретіндерін білдіреді.

- Орыс саяси клубы қандай есте қаларлық шаралар өткізді?

Андрей Сидельников.

Андрей Сидельников.

- Жазушы Борис Акунин мен Эдвард Радзинскийдің, журналист Сергей Пархоменконың, саясаттанушы Станислав Белковскийдің, музыкалық сыншы Артемий Троицкийлермен кездесу өтті. Украинадағы Майдандағы шерулерге, Ұлыбританиядағы сайлауға қатысты дебаттар болды. Лондонда жиын өткізетін жерлер өте қымбат. Бірақ біз билет бағасын барынша арзандатуға тырысамыз, адамдар келіп, танысып, пікір алмасып, сұрағына жауап алса дейміз. Біз коммерциялық ұйым емеспіз, жиын өтетін жерді шара сипатына, кім сөйлейтініне, адам санына байланысты таңдаймыз. Екі ай бұрын Лондонға Альфред Кох келді, «Шоколад фабрикасы» театры сахнасын жалға алдық. Сол жерде Эдвард Радзинский сөйледі.

- Саяси клубты кім қаржыландырады?

- Біздің шаралар өз шығынын өзі өтейді. Билет сатып, ғимаратты жалға алу құнын жабамыз, ұйымдастыру шығындарын өтейміз - сонымен болды. Өкінішке қарай, спикерлер әкеліп, оларға қаламақы төлеуге шамамыз жетпейді. Ол кезде билеттер қымбаттап, келушілер азаятын еді. Әлдебір тұлғаның Лондонға келетінін білген кезде онымен кездесіп, клубта сөйлеуін сұраймыз. Содан соң ғимарат іздеуге көшеміз.

- Бұл жерде басқа балама жиындар, «путиншіл» орындар бар ма? Ол жаққа барасыз ба?

- «Россотрудничество» аталатын бір путиншіл жиын бар. Дәрістер оқылып, театр қойылымдары болатын көптеген коммерциялық жиындар бар. Бірақ олардың билет құны бізден үш есе қымбат. «Россотрудничество» адамдарды мемлекет есебінен жинайды, тіпті оларды үгіттейді десе де болады. Ондай идеологиялық жік бар, әрине. Мені ол жерге кіргізбейді.

- Ол жаққа қандай адамдар барады?

- Ресейлік елшілік маңында жүрген адамдар барады. Олардың ішінде отандастарының үстінен сөз таситындар, біздің іс-әрекетімізді ұнатпайтындар бар. Путинді қатты қолдамайтын, бірақ оны жек көрмейтіндер бар. Содан соң, әрине, ешқандай позициясы жоқ жандар барады.

- Олардың пікірталасы мен дебаттарының тақырыбын атай аласыз ба? Шаралары қалай аталады?

Лондон. (Көрнекі сурет)

Лондон. (Көрнекі сурет)

- Өкінішке қарай, айта алмаймын, себебі шараларын бақылап отырмаймын. Бір білерім - бір жыл бұрын ресей консулы барып, қос азаматтық мәселесін талқылаған болатын. Мен ол жерге бардым, маған қызық болды. Көптеген әріптестерімнің екі паспорты бар, сондықтан осы мәселені зерттеу керек болды. Үлкен зал жиналып, адамдар көп сұрақ қойды, бір таңғалғаным -консул ешбіріне жауап бермеді. Сұрақтарды жинап, кейін сайтында жауап береді деді. Оны кейін тексерген жоқпын. Бірақ Ресей билігінің өкілі Ресей Федерациясы қабылдаған заң бойынша сұраққа жауап бере алмағанына кейідім.

- Осында жұмыс істейтін ресейлік баспасөз сіздің клубқа қызығушылық таныта ма?

- Ресейлік басылымдар, соның ішінде «РИА Новости» агенттігінде менің фамилиямды атауға тыйым салынған, оны анық білемін. Евгений Чичваркинді де атауға болмайды. Мәскеуден келген нұсқау сондай. Бұрын олар біздің шаралар туралы жазатын, бірақ тыйым салған соң тоқтатты. Қазір біз оларға хабарласпаймыз, олар бізді мазаламайды. Лондонда түрлі орыстілді басылымдар бар, кейбірі біз туралы жазады, енді бірі адамдарға біз туралы ақпарат таратып көмектеседі.

- Ресей федералдық арналарынан басқа, балама орыс баспасөзі бар ма?

- Мен тек «Англия» тәуелсіз газетін айта аламын. Ол бір-екі ай бұрын 10 жылдығын атап өтті. Осы басылыммен достық қатынасымыз бар. Тағы бір-екі газеттер бар, бірақ олар онша танымал емес, қоғамдық-саяси мәселелер көтермейді.

- Арнайы қызмет өкілдерінің бақылап жүргенін сезесіз бе? Сіздің акцияларыңыз Мәскеудің жүйкесіне тиетін шығар?

- Көлеңкемнен қорқатын адам емеспін, бірақ олардың қызығушылық танытатынын білемін, сеземін. Иә, қалада ресейлік тыңшылар, сөз тасушылар толып жатыр, оған таңғалудың керегі жоқ. Қорғаныс сезіміне келсек... Ұлыбританияда мен тек заң аясында әрекет етемін, сондықтан полицияға сенемін. Лондонда өткізген барлық шарамызда бізді полиция қорғап жүреді.

- Ағылшын арнайы қызмет өкілдері сізге қызығушылық таныта ма? Олар да белсенді эмигранттарды бақылайтын болар?

- Шынымды айтсам, оны байқамадым. Бір есімде қалғаны, Лондонға ұшып келгенде әуежайдан қалаға келу туралы рұқсатты күтіп отырғанда ағылшын арнайы қызмет өкілі келіп, Литвиненко ісі туралы сұраған болатын. Одан кейін оларды көрген емеспін. Біздің шаралар орыс тілінде өтеді, оған қатысатын адамдардың көбін жақсы танимын. Оларды тыңшы деп ойламаймын. Бірақ қаладағы басқа оқиғаларға елшілік адамдары келеді, олар ресейлік арнайы қызмет өкілдері болуы әбден мүмкін.

- Қонақтарыңыздың арасында ресейлік арнайы қызмет өкілдері жоқ дейсіз бе?

ФСБ-ның бас штабы (сол жақтағы ғимарат). Мәскеу, 10 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

ФСБ-ның бас штабы (сол жақтағы ғимарат). Мәскеу, 10 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

- О не дегеніңіз? Бірақ олардың төсінде «Мен ФСБ агентімін» немесе «ГРУ полковнигімін» деген жазу жоқ қой. Мен көп адамдармен таныспын, қала үлкен болса да, сыбыс тез тарайды. Күмәнді жандармен араласпаймын. Біз ешқандай тыйым салынған іспен айналысып жүрген жоқпыз. Өткізген шарамызды видеоға түсіріп, интернетке салып қоямыз, ресейлік арнайы қызмет өкілдері қарайтын шығар.

- Екі ай бұрын Михаил Ходорковский Лондонда «Ашық Ресей» саяси алаңын ашты. Бәсекелестік сезіле ме?

- Оны саяси алаң деп ойламаймын. Олар әртүрлі шаралармен айналысамыз, кездесу, концерт, көрсетілімдер жасаймыз деді. Олар «саяси» деген сөзден қашқақтайтын тәрізді. Бәселекестікке келсек, иә, біз тәуелсіз клубпыз, қаржылық мүмкіндігіміз жоқ. Михаил Борисовичте оның бәрі бар. Екінші жағынан, бір іспен айналысып жатырмыз, шараны өтті деу үшін емес, адамдар келіп, ойланып, шешім қабылдауы үшін өткіземіз.

- Осы өте қымбат қалада қалай тіршілік етіп жатырсыз?

- Жасыратын түгім жоқ. Мәскеуде жылжымайтын мүлкім бар, соны жалға беріп, ақшасына Лондонда тұрып жатырмын. Кейде орыс тілінен сабақ беремін. Амалдап, ақша табуға тура келеді.

- Ағылшынша еркін сөйлейсіз бе?

- Еркін сөйлеймін дей алмаймын, бірақ бәрін түсінемін. Ол менің 10 пайыз уақытымды алады. Ұлыбритания телеарналарына, радиосына немесе ағылшын тілді саясаткерлер шарасына қатысқанда, парламентте сөйлегенде білетін ағылшынымды қолданамын.

Мумин Шакировтың мақаласы орыс тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG