Accessibility links

Олимпиададағы жалған билеттер жыры


Лондон олимпиадасының еріктілер жасағы көшеде тұр. (Көрнекі сурет)

Лондон олимпиадасының еріктілер жасағы көшеде тұр. (Көрнекі сурет)

Sky News басылымы олимпиада билеттерін сатып, ақша тауып жүрген әзірбайжандықтар туралы мақала басты. Билет сатушылар «Әзірбайжан елінің ресми өкіліміз» деп танысқан.

Арнайы рейдке шыққан Sky news басылымының тілшілері талай жайтты анықтаған. Мәселен, билеттерді ашық саудаға шығарғандар негізінен әр түрлі елдердің шенеуніктері екен. Әзірбайжанның бір министрлігінде жұмыс істейтінін айтқан адам журналистерге олимпиада билеттерін сатқан.

Басылымның репортерлері жарыстардың негізгі бөлігі өтіп жатқан Excel орталығының маңында полициядан жасқанбай, боксқа билет сатып жүргендерді де байқаған.

«СҰРАСАҢЫЗ, ҚОЛДАРЫНДА АРТЫҚ БИЛЕТ БОЛУЫ КЕРЕК»

Журналистер, 20 фунт стерлинг тұратын билеттің шетінде «Әзірбайжан олимпиада комитеті» деген таңбаның да бар екенін жазған. Билет сатып жүрген адам ағылшын тілін білмейді - жанында аудармашы болған. Сатушы бұл билетті өзіне Әзірбайжан үкіметі бергенін айтқан. Сатушы:
Лондон олимпиадасының ашылу салтанатында ұлттыұ құрамалар шығып жатыр. Лондон, 27 шілде 2012 жыл.

Лондон олимпиадасының ашылу салтанатында ұлттыұ құрамалар шығып жатыр. Лондон, 27 шілде 2012 жыл.


- Бұл билетті бізге министрлік адамдары берді. Билеттер - жалған емес. Әзірбайжан туын ұстаған кез келген адамның жанына барып, билет сұрасаңыз, олардың қолында артық билет болуы керек, - деген.

Лондонға келген Әзірбайжан азаматтары билет сатып, пайда табуға кіріскен. Басылымның жазуынша, олимпиада алдында жалған билет саудалағандар да болған.

Ал қытайлық бір адам билеттерді онлайн желіде сатқан. Ол тіпті билет бағасын өсіріп те жіберген. Мәселен дзюдо билетін 100 фунт стерлингке бағалапты. Алайда қытайлық азамат сатқан билеттер жарысқа кірерде жарамсыз болып қалған. Өйткені олимпиада ойындарының арнайы кассаларында сатылған билеттер ғана жарыстарға кіруге құқық береді.

«ОНДАЙ ОРЫН ЖОҚ ЕКЕНІН БІЛДІМ»

АҚШ-тың Флорида штатының тұрғындары Джой Ламберт пен қызы Брианна ат спортына билет алып, онлайн касса арқылы үш мың фунт стерлинг төлеген. Билеттердің жалған екенін олар кейіннен түсінген.
Германиялық шабандоз Ингрид Климке. Лондон, 31 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Германиялық шабандоз Ингрид Климке. Лондон, 31 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)


- Интернет арқылы маған пароль мен билеттерді растайтын құжаттар келді. Ал Лондонға келіп, билетті тексергенде ондай орын жоқ екенін білдім. Сонда бізге билет сатылмаған, - дейді Ламберт.

Енді олимпиада ойындарында заңсыз билет сатқандар тұтқындалып, кейбірі алты айға сотталуы мүмкін.

Sky news басылымының ақпараты бойынша, бұған дейін Лондон қаласында билет сатқаны үшін 29 адам тұтқындалған.

Германия азаматы Вольфганг Менцель олимпиаданың ашылу салтанатына кіретін билеттерді 1 100 фунт стрелингке сатқаны үшін тұтқындалып, қалтасынан 31 билет табылған. Менцель «бұл билеттерді өзім үшін сатып алған едім» деп мәлімдеген. Қазір іс тергеліп жатыр.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG