Accessibility links

Қазақ спортшыларының кестесі: 9-12 тамыз


Олимпиадада Қазақстан спортшылары "KAZ" белгісімен шығады. (Көрнекі сурет)
Олимпиадада Қазақстан спортшылары "KAZ" белгісімен шығады. (Көрнекі сурет)
Назарларыңызға тамыздың 9-ы мен 12-і күндері жарысқа шығатын қазақстандық спортшылардың кестесін ұсынамыз.

9 ТАМЫЗ

Астана уақыты бойынша сағат 14:00-де жеңіл атлетика бәсекесі басталады. Онсайысшы Дмитрий Карпов жарысқа шығады. Карпов - әлем чемпионатының және Афина олимпиадасының қола жүлдегері.
Көркем гимнаст Анна Альябева. Сурет Лондон олимпиадасының ресми сайтынан алынды.
Көркем гимнаст Анна Альябева. Сурет Лондон олимпиадасының ресми сайтынан алынды.

Ал биіктікке секіруден Марина Аитова да түскі сағат екіден кете іріктеу жарысына қатысады.

Сағат түскі үште каноэ есуші Наталья Сергеева 9-16 орынға таласады.

Ал кешкі бесте көркем гимнастикадан 18 жастағы Анна Алябьева көпсайыс жарысын бастайды.

18:00-де еркін күрестен Гузель Манюрова (72 килограмм) кілемге шығады. Манюрова Афина олимпиадасының күміс жүлдегері. Алайда бұл жүлдені балуан қыз Ресей азаматы кезінде алған.

Ал тамыздың 10-ына ауған түнгі сағат 00:30-да 800 метрге жүгіру жарысынан Маргарита Мацко жартылай финалға қатысып, финалға шығуға талпыныс жасап көреді.

10 ТАМЫЗ

Кешкі сағат алтыда бокстан жартылай финал бәсекелері басталады. Жартылай
финал кездесулері Астана уақыты бойынша түнгі үшке дейін жалғасады.

Сағат 14:30-да ескек есуден Александр Дядчук (200 метр, каноэ) іріктеу жарысына шығады.

Сағат кешкі бесте көркем гимнастикадан Анна Алябьева іріктеу жарысын жалғастырады.

17:00-де 10 шақырымға малтып жүзуден Юрий Кудинов олимпиада жүлдесіне таласып көреді.

Сағат екі жарымда таэквондодан 67 килограмм салмақта Гүлнафис Айтмұхамбетова алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Айтмұхамбетова - Қазақстанға Ресейден келген оралман спортшы. 2009 жылы Белградта (Сербия) өткен жазғы Универсиаданың чемпионы.

18:00-де еркін күрестен Дәулет Ниязбеков (55 килограмм) пен Абдулхаким Шапиев (74 килограмм) кілемге шығады.

11 ТАМЫЗ

Түскі бірде қазіргі бессайыстан Павел Ильященко мен Рустам Собурхузин жарыстарын бастайды.

Ал сағат екіде таэквондошы Феруза Ергешова (+67 килограмм) жүлдеге таласады.

17:00-де көркем гимнастикадан Анна Алябьева финалда жүлдеге таласады.
Беларусь боксшысы Сергей Корнеев (91 килограмм) азербайжандық спортшы Тимур Мамедовтан жеңіліп қалып, рингтен кете алмай тұр. Лондон, 5 тамыз 2012 жыл.​
Беларусь боксшысы Сергей Корнеев (91 килограмм) азербайжандық спортшы Тимур Мамедовтан жеңіліп қалып, рингтен кете алмай тұр. Лондон, 5 тамыз 2012 жыл.​
18:00-де еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Дәурен Жұмағазиев (60 килограмм) және Ермек Байдуашев (84 килограмм), Дәулет Шабанбай (120 килограмм) кілемге шығады.

11 тамыз күні бокстан 49, 56, 64, 75 килограмм салмақ дәрежесінде олимпиада жүлделері сарапқа салынады. Финалдық кездесулер кешкілік алтыда басталады. Бессайыстың жүлделері де осы күні беріледі.

Астана уақыты бойынша 22:00-де 20 шақырымдық спорттық жүріс жарысына егіз спортшылар - Айман мен Шолпан Қожахметовалар шығады.

Ал биіктікке секіруші Марина Аитова финалға шығып жатса, осы күні түнгі он бірде жүлдеге таласады.

12 ТАМЫЗ

Еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров (66 килограмм) пен Таймураз Тигиев (96 килограмм) кілемге шығады (13:30). Тигиев - Пекин олимпиадасының күміс жүлдесін иеленген спортшы.

18:30-да басталатын бокс бәсекесінде 52, 60, 69, 81, +91 килограмм салмақ дәрежелері бойынша олимпиада алтындары сарапқа салынады.

Бұл күні олимпиада ойындарының ресми түрде жабылу салтанаты өтеді.
XS
SM
MD
LG