Accessibility links

Олимпиада жүлдесін алғаш рет алып тұрған елдер бар


Гренада атлеті Кирани Джеймс 400 метрге жүгіруден олимпиада чемпионы атанды. Лондон, 6 тамыз 2012 жыл.

Гренада атлеті Кирани Джеймс 400 метрге жүгіруден олимпиада чемпионы атанды. Лондон, 6 тамыз 2012 жыл.

Биылғы олимпиадада әлемдегі спорты кенже дамыған бірнеше мемлекет алғаш рет жүлде алды. Ойындар бітпей жатып, бүкіл спортшылары жарыстан шығып қалған елдер де бар.

Гренада елі өз тарихында тұңғыш рет олимпиада ойындарының медалін алды. Ерлер арасында 400 метрге жүгіруден Кирани Джеймс чемпион атанды. Гренада осымен сегізінші рет олимпиадаға қатысып жатыр.

Кипр елі де бұрын-соңды олимпиада жүлдесін алып көрмеген еді. Биылғы ойындарда арал-мемлекеттің спортшысы Павлос Контидес (Парус спорты) күміс жүлдеге ие болды. Кипр олимпиадаға тоғызыншы рет қатысып отыр.

Гватемала елінің спортшысы Эрик Варрондо (20 шақырымға спорттық жүріс) өз еліне олимпиаданың тұңғыш медалін сыйлады.

Венесуэла мемлекеті олимпиада тарихындағы екінші алтын жүлдені иеленді. Семсерлесу бойынша Рубен Лимардо Лондон ойындарының чемпионы болды. Венесуэла Лондонға дейін 1968 жылғы Мехикодағы олимпиадада алғашқы жүлдесі - алтын медаль алған еді (Франческо Родригес, бокс).

Сауд Арабиясы олимпиада жүлдесін алғаш рет 2000 жылы иеленген. Бұл ел араға он екі жыл салып, олимпиада жүлдесін биыл алып отыр. Сауд Арабиясының ат спорты құрамасы Лондон олимпиадасында командалық жарыстың қола жүлдесін иеленді.

Пуэрто-Рико елі олимпиада жүлдесін соңғы рет 1996 жылы Атлантада алыпты. Араға он алты жыл салып, биылғы Лондон ойындарында бұл елге қола жүлде бұйырды (Хавьер Кулсон, жеңіл атлетика).

Катар елінің спортшылары Нассер ал Аттиах (стенд ату) пен биіктікке секіруші Мутаз Есса Баршим Лондон олимпиадасында қола жүлдеге ие болды. Бұл Катар спортының тарихындағы төртінші қола жүлде. Бұл ел олимпиадаларда тек қола жүлде алып келеді. Алтын мен күміс әзірге бұйырмай тұр.

Белиз аралдары, Комор аралдары (3 спортшыдан), Бутан, Ағылшындық Виргин аралдары, Бруней, Гамбия, Лаос (барлығы 2 спортшыдан апарған), Македония (4 спортшы) елдері спортшыларының барлығы жарыстан шығып қалды.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG