Accessibility links

Үшінші күні Қазақстанға жүлде бұйырмады


Дзюдодан олимпиада чемпионы, ресейлік Мансур Исаев (ақ киімде) азербайжандық балуан Рустам Оруджовпен күресіп жатыр. Лондон, 30 шілде 2012 жыл.

Дзюдодан олимпиада чемпионы, ресейлік Мансур Исаев (ақ киімде) азербайжандық балуан Рустам Оруджовпен күресіп жатыр. Лондон, 30 шілде 2012 жыл.

Тоғыз алтын алған Қытай елі жалпы есепте бірінші орында келеді. Қазақстан екі алтынмен сегізінші орынға төмендеді.

Дзюдодан 73 килограмм салмақ дәрежесінде Ринат Ибрагимов алғашқы кездесуінде оңтүстік кореялық Ки Чу Вангтен ұтылып қалды.

ЖҮЛДЕСІЗ КҮН

Дзюдодан қазақстандық Ринат Ибрагимов қатысқан салмақ дәрежесінде ресейлік Мансур Исаев олимпиада чемпионы атанды. Ресей спортшысы Исаевты Ринат Ибрагимов 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында ұтып кеткен еді. Амал жоқ - жеребе дұрыс түспеді.

Садақ атудан 1/32 кезеңде Денис Ганькин Назиг Каммарудинді (Малайзия) жеңгенімен, 1/16 кезеңде голландиялық Ван дер вен Риктен ұтылып қалды. Ал Анастасия Баннова 1/32 кезеңде мексикалық Аида Романнан жеңілді. Ганькин де, Баннова да олимпиаданы төмен нәтижемен аяқтады.
Лондон олимпиадасына барған қазақстандық теннисшілердің ішіндегі жарысты жалғастырып жатқан жалғыз спортшы Ярослава Шведова.

Лондон олимпиадасына барған қазақстандық теннисшілердің ішіндегі жарысты жалғастырып жатқан жалғыз спортшы Ярослава Шведова.


Теннистен жұптық бәсекеде Ярослава Шведова мен Галина Воскобоева жұбы ресейлік Мария Кириленко мен Надежда Петроваларды ұта алмады – 3:6, 2:6. Шведова мен Воскобоева жұптық сындағы жарыстарын осылай аяқтады. Жалпы теннис бәсекесінде тек Шведова ғана қалды. Ол әзірге жекелей сынға қатысып жатыр.

Бокстан 52 килограмм салмақ дәрежесінде Ілияс Сүлейменов алғашқы кездесуінде швециялық Саломо Нтувемен кездесіп, 13:8 есебімен ұтты. Сүлейменовтің келесі қарсыласы - британдықтар жүлде алады деп үміттеніп отырған, 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Эндрю Селби.

ЛОНДОН РЕКОРДТАРЫ

Олимпиаданың үш күнінде әлемнің 36 елі жүлде алып үлгерді. Осы үш күннің ішінде бірнеше әлем рекорды да жаңарды.

Ауыр атлетикадан қазақстандық Зүлфия Чиншанло штанганы серпе көтеруден 131 килограмм көрсеткішпен әлем рекордын бір килограмға жоғарылатты.
Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло. Лондон, 29 шілде 2012 жыл. Сурет ҚР спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз қызметінен алынды.

Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло. Лондон, 29 шілде 2012 жыл. Сурет ҚР спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің баспасөз қызметінен алынды.


КХДР елінің ауыр атлеті Ким Ын Гук (62 кг) да қос жаттығу қорытындысы бойынша әлем рекордына түзету енгізді. Ендігі меже - 327 килограмм.

Садақ атудан ерлер арасында Им Дон Хун (Оңтүстік Корея) 699 ұпай жинап, рекорд орнатты. Корея садақшылары командалық жарыста да әлемдік рекорд жасады – 2087 ұпай.

Академиялық ескек есуден ерлер арасындағы жұптық бәйгеде Эрик Мэррей мен Хамиш Вонд (Жаңа Зеландия) белгіленген жолды 6:08.50 минутта жүріп өтіп, рекорд жаңартты.

400 метрге кешенді жүзуден қытайлық И Шивен 4:28.43 (минуттық есеп - ред.) уақытта келді. Бұрынғы әлем рекорды австралиялық Стеффани Раисқа тиесілі еді – 4:29.45 (Пекин олимпиадасында орнатқан).

100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Дана Уоллмер де әлем рекордын жаңартты – 55:98 секунд. Ескі рекорд швециялық Сара Сколстромның еншісінде еді – 56:06 секунд (2009 жылы Римдегі әлем чемпионатында орнатқан).

100 метрге брасс әдісімен жүзуде оңтүстік африкалық Камэрон Ван дер Вург та әлемнің жаңа рекордын орнатты – 58.46 секунд. Алдыңғы рекордтың иесі - Австралия спортшысы Врентон Ричард. Ол 2009 жылы белгіленген қашықтықты 58.58 секунд ішінде жүзіп өткен еді (Рим).

Үшінші күні Моңғолия, Индонезия, Сербия, Канада елдері жүлделер алды.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG