Accessibility links

Ресейдің «азулы патриоттары»


«Ленинград» рок-тобының бұрынғы мүшесі Стас Барецкийдің дүкенде сыра ыдысын тістеп жыртқан сәті.

«Ленинград» рок-тобының бұрынғы мүшесі Стас Барецкийдің дүкенде сыра ыдысын тістеп жыртқан сәті.

Ресейлік азық-түлік тауарларын өндірушілерді қорғауды желеу еткен орыс патриоттары кейде аузындағы тісін де аямайды.

Ресейдегі тыйым салынған батыс тауарларын құрту шараларына Санкт-Петербургтегі «Казактардың православтық ұйымы» да белсене араласты. Оларға бұрын музыкалық топтың мүшесі болған зор денелі даукес те қосылып, қаладағы француздың «Ашан» сауда желісінің супермаркетіне аттанды.

Ресей билігі соңғы уақытта «Ашанды» қырына алып, жиі тексеріп кеткен. Ол жерден тыйым салынған импорттық тауарларды іздеген тексеруші топқа бұл жолы бір топ журналист қосылды. Бейнетаспаға түсірілген оқиға әдейі ұйымдастырылған шоу тәрізді көрінеді.

Видеодағы негізгі кейіпкер – «Ленинград» тобының бұрынғы мүшесі, үстінен қызыл күртесі түспейтін, тікелей эфирде шу шығаратын даукестігімен танылған Стас Барецкий.

ТАУАРДЫ ТІСТЕП ҚҰРТУ

Видеожазбада Стас Барецкий жақында ғана казактар ұйымының мәдениет министрі болып тағайындалғанын айтады. Дүкен сөрелерін аралап жүріп ол қызметкерден ең көрнекі жерге неліктен шетелдік брендтің сырасы қойылғанын сұрайды.

Бұдан соң Барецкий сыра құйылған жұқа қаңылтыр ыдысты тісімен ортасынан қаққа бөлген кезде, оның ішіндегісі айналаға шашылады.

– Бұл жарнама емес. Жарайды, бұл – жарнама, - дейді сосын ол.

Сәлден соң Барецкий журналистердің өтінішімен жаңағы әрекетін тағы қайталайды.

– Алкоголь жаман нәрсе, маған қараңдаршы, - деп қарқылдап күледі ол видеокамераға қарап.

Өзі үстінен тастамайтын қызыл костюмдегі Барецкий бұдан соң қайтадан дүкен ішін кезіп, Ресейде тыйым салынған тауарларды іздеп кетеді.

Сөредегі тауарлардың арасында сыртқы жапсырма қағазынан шетел тілінде жазылған сөз көрсе, Барецкий күмәндана бастайды.

– Goldfish. Бұл ресейлік фирма ма? Оған ұқсамайды, - дейді ол балық консервісін қарап.

Келесі кезекте оған сөреде тұрған сұйық май ұнамай қалады.

– Бұлардың бәрі Испаниядан келген. Олар бізге не істеді? Визалық режимнен бас тартты ма? Жоқ, олар біздің саусақ таңбамызды алады, бізді ең соңғы... әлгі... кім екенін өздеріңіз білесіздер ғой,.. солар ретінде қабылдайды, - дейді ол кіжіне.

Видеоның соңында Стас Барецкийдің супермаркет сатушысына өзі талқандаған құтылардың құнын төлегені көрсетілген. Бұдан соң ол жұлым-жұлымы шыққан сыра құтыларын дүкен еденінде шашылған күйі қалдырады.

«ЕУРОПАНЫ НЕСІН АСЫРАЙМЫЗ?»

Стас Барецкий супермаркет залында сыра құтыларын бітеудей шайнап жатқан кезде, казактар да дүкен сөрелеріндегі көздеріне түскен шетелдік тауарларды сатып алып жүрген еді. Кейін олар басшылықтан әлгі тауарлардың құжатын сұрайды. Бірақ олардың күмәнін туғызған заттардың арасында тыйым салынған тауар жоқ болып шықты.

– Еуропалық одақпен қазір қырғи-қабақ соғыс жағдайындамыз. Бізге мәселе тауып берген Еуропаның тауарларын сатып алып, неге оларды асырауымыз керек? - дейді казактар атаманы Андрей Поляков.

Кейін «Ашан» супермаркетінің әкімшілігі өздерінде сатылатын тауарлардың барлығы Ресей заңына сай, сапалы екенін айтып, казактарды сендіруге тырысты.

Ресейдің ауыл шаруашылығы саласын бақылайтын Россельходнадзор мекемесінің хабарлауынша, тамыздың 21-індегі мәлімет бойынша, елде контрабандалық тауар деп танылған 555 тонна өсімдік түрлерінің азық-түлік өнімдері жойылған.​

Анна Шаманскаяның мақаласы ағылшыннан аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG