Accessibility links

Ливияда азаматтық соғыс басталуға шақ тұр


Көтерілісшілердің бірі Каддафидің ұсталғаны туралы хабарды естіп, қуанғаннан ту бұлғап тұр. Бенгази, 20 қазан 2011 жыл
Көтерілісшілердің бірі Каддафидің ұсталғаны туралы хабарды естіп, қуанғаннан ту бұлғап тұр. Бенгази, 20 қазан 2011 жыл

Триполидегі қарулы қақтығыстар Муаммар Каддафиді тақтан тайдырғанына қарамастан елдегі ахуалдың қаншалықты тұрақсыз болып қала бергенін анық көрсетіп жатыр. Көтерілісшілер Ливияның бұрынғы диктаторын қолға түсіріп, өлтіріп тастағалы екі айдан асып кетті.


Осы апта Триполиден 80 шақырым жердегі Гарьян аймағында қарулы топтар арасында тағы бір ұрыс қаруларын қолданған қанды қақтығыс болды. Кем дегенде екі адам өліп, 40 адам жараланған.

Ливиялық ресми билік өкілдері өздері "Каддафидің лоялистері" деп атайтын топ мүшелерін қарусыздандырып біте алмай жатқанын мәлімдеген. Кейбір жергілікті шенеуніктер тіпті кейбір революциялық күштердің өзіне де әмір бере алмай отырғанын айтып шағынады.

Ливияны басқарып отырған Ұлттық өтпелі кеңес (ҰӨК) ескі режимді құлатқан, бірақ жүгенсіз күйінде қалған қарулы топтардың басын біріктіріп, бағындыра алмай отыр.

ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАРУЛЫ ТОПТАР

Өткен апта Триполиде ықпал ету аймағы үшін екі қарулы топ мүшелері бір -бірімен атысып қалғанда, Ливиядағы жағдайдың қаншалықты тұрақсыз екендігі анық байқалды.

Қаңтардың 3-індегі қақтығыста қарулы топтар астананың қақ ортасында бір-біріне автоматтан, гранатометтен, ұшақ ататын қарулардан оқ жаудырып, ақырында екі адам қаза тапқан. Қақтығыс қала тұрғындарына төбесінен жай түскендей әсер етті және бұл оқиға Ливияның бейбіт өмірден қаншалықты алыс екендігін көрсетіп берді.
Мұстафа Абдел Джалил, ұлттық өтпелі кеңестің басшысы көтерілісшілердің арасында. Бенгази, 24 қазан 2011 жыл
Мұстафа Абдел Джалил, ұлттық өтпелі кеңестің басшысы көтерілісшілердің арасында. Бенгази, 24 қазан 2011 жыл

- Бұл қантөгіс төңкерістен бұрын емес, кейін болды. Олар үкімет пен тәртіп орнайды деген. Қарулы 23 адам территорияға таласып, жас балаларды өлтіріп тастады. Олар жас жігіттерді жерге бола атып өлтірді, - дейді сол қақтығыста туысы өлген куәгерлердің бірі.

ҰӨК-нің басшысы Абдел Джалил егер елдегі әскери топтар қаруларын тапсырмаса немесе жаңадан құрылған қауіпсіздік қызметіне қосылмаса, не болмаса үйлеріне оралмайтын болса, онда мемлекетте азамат соғысы басталуы мүмкін деп ескертті.

ЕКІ ОТТЫҢ АРАСЫ

Оның айтуынша, мемлекет екі оттың арасында қалған.

- Біз бұл тәртіпсіздікті күшпен реттесек, ливиялықтарды өзіміз қаламайтын әскери қақтығысқа шақырамыз. Егер реттемесек, қақ бөлінеміз де, азамат соғысына ұрынамыз, - деді Абдел Джалил.

Тілшілердің айтуынша Триполи қаласы бір-бірімен бәсекелес қарулы топтар қалай болса солай қармап қалған, бөлшек-бөлшек феодалдық аймақтар сияқты. Бұл топтар елдің астанасына бірнеше ай бұрын Каддафиді қуып шығу үшін соғысып жүріп келген соң шықпай қойған.
Қарулы топтың қай-қайсысы да Триполиде қаншалықты әскери қуатқа ие болсақ, елдің болашақ даму статегиясын анықтау ісінде де дәл соншалықты үлеске ие боламыз деп сенеді.

Қарулы топтың қай-қайсысы да Триполиде қаншалықты әскери қуатқа ие болсақ, елдің болашақ даму статегиясын анықтау ісінде де дәл соншалықты үлеске ие боламыз деп сенеді. Қарулы топтың екеуі Триполи қаласының өзінде жасақталған. Бұл жасақтардың біреуін Талибанның лагерінде біраз уқыт болып келген исламшыл, ҰӨК арқа сүйеп отырған Триполидегі әскери кеңестің командирі Абдул Хаким Белхадж басқарады. Екінші топтың командирі - Белхаджды ашық сынап жүрген бұрынғы электроника саласының инженері Абдулла Накер.

Бірақ, сырттан келген қарулы топтар да жетіп артылды. Біреуі Триполидің шығысындағы Мисратадан, енді біреуі астананың оңтүстік батысындағы Зинтаннан, тағы біреуі Ливияның шығысынан және біреуі елдегі аз ұлт – Бербер өкілдерінен құралған. Түн мезгілі болғанда барлық негізгі территориялар мен тексеру бекеттерінде осы топтың мүшелері қаптап кетеді.

ҚАЗІРГІ СОҒЫСТЫҢ СИПАТЫ

Тілшілер атыс әдетте қарулы топтардың кейбір мүшелері өзгенің территориясын кесіп өтпек болғанда, қаруын тастамағаны үшін басталып кетеді деп хабарлайды.

Өткен аптада атысқа әкеп соқтырған жанжал да Белхадждың әскери кеңесінің сарбаздары Мисрата тобының бір мүшесін тұтқындаған кезде басталған деп айтылады. Белхадж қаңтардың 4-і күні тілшілерге сол күнгі қантөгіске жауапты адамдар жазаланады деді.
Ұлттық өтпелі кеңес жауынгерлері жеңістерін тойлап жатыр. Сирте, 20 қазан 2011 жыл
Ұлттық өтпелі кеңес жауынгерлері жеңістерін тойлап жатыр. Сирте, 20 қазан 2011 жыл

- Өкінішке орай, бұл жанжал төрт адамның өліміне әкеп соқтырды. Бұған жауапты адамдар ұсталды. Енді оларды әділ сот күтіп тұр, - деді ол.

Алайда Белхадждың өзі де соғысып жүрген топтардың басшысы болғандықтан, оның басқаларға қысым көрсетпеуі неғайбыл және соттың да әділ өтуі күмәнді.

Әзірше ұлттық армия мен полиция қайта құрылуды күтіп отырғандықтан олар болып жатқан атыс-шабысқа сирек араласады. Уақытша үкімет өткен аптада жаңа ұлттық армия штабының басшысын тағайындады. Бірақ бұл өзгеріс проблеманы шеше ме, әлде проблеманы одан ары шиленстіріп жібере ме, ол жағы әзірше анық емес.

ЖАҢА ҮКІМЕТТІҢ ЕЛЕСІ

Отставкадағы мисраталық генерал Юсуф әл-Манкуш тағайындалан соң-ақ қарулы топтардың арасында жүрген көптеген саяси ұйымдар бұл өзгерісті мойындаған жоқ.

Көптеген қарулы топтар елде тұрақтылық орнамайынша және оларды қорғап, қызметке алуға қауқарлы үкімет қалыптаспайынша, тарамаймыз және жақтастарымызға полицияға да, армияға да қосыл деп бұйырмаймыз деп қасарысып отыр.

Әскери проблемалар шешілгенге дейін мемлекет тыныш, бейбіт сайлауға қарай қадам басуы мүмкін бе деген сұрақ Ливия үшін үлкен мәселеге айналды.
Егер ешқандай да қауіпсіздік болмаса, заң болмаса, даму болмаса, онда сайлау да болмайды деген сөз.

- Егер ешқандай да қауіпсіздік болмаса, заң болмаса, даму болмаса, онда сайлау да болмайды деген сөз. Халық заңды өз қолдарына алып жатыр, - деді Абдел Джалил қаңтардың 4-і.

Үкімет өткен аптада маусым айында мемлекеттің жаңа конституциясын жазады деп күтіп отырған ассамблеяның 200 мүшесін сайлауға арналған ережелердің заң жобасын жариялады. Бұл әлі күнге шейін бір тәртіпке келмеген жалпы сайлауға қарай жасалған тұңғыш қадам.

Уақытша үкімет Ливияда тыныш өмір орната алады деген жалғыз үміттің үзілмеуіне себеп болып тұрған жалғыз фактор - барлық қарулы топтар әлі күнге дейін ҰӨК-ға берілгендігін мәлімдеп отыр.

Бірақ бұл - тез шытынайтын, нәзік одақ. Сондықтан қарулы топтардың болашақта ықпал мен территорияға таласып, бір-бірімен қырқыса кетуі оп-оңай.

(Қазақшаға тәржіме жасаған - Сағынай Кәрім).
XS
SM
MD
LG