Accessibility links

Борис Немцовты Ресейде және шетелде еске алды


Мәскеуде оппозициялық саясаткер Борис Немцовты еске алу шеруіне, ұйымдастырушылардың айтуынша, елу мыңнан аса адам қатысқан. Мұндай акциялар жексенбіде өзге елдерде де өтті.

Мәскеудегі қаралы жиын жергілікті биліктің келісімі бойынша өтті. Оны өткізу туралы қала билігіне өтінішті «РПР-ПАРНАС» партиясы жетекшілерінің бірі, Немцовтың саяси серігі Михаил Касьянов жасаған. Билік елу мыңға дейін адам қатысатын шеру өткізуге рұқсат берген. Бірақ шеру басталар алдында металл тексеретін құралдың маңында өте көп адам жиналып тұрды. Шеруге келгендерді мұқият тексерді.

Әлеуметтік желілерде шеруге қатысуға келген бірнеше адамның ұсталғаны жайлы хабар тарады. Украина Жоғарғы Радасының депутаты Алексей Гончаренконың ұсталғаны туралы ақпарат расталды. Полициядағылар оны ұстау себебін айтпады, Гончаренко өзін украинша «Батырлар өлмейді» деп жазылған жейдесі үшін ұстағанын хабарлаған.

Полицейлер Гончаренконы Тергеу комитетіне тапсырмақшы. Тергеу комитеті бұған дейін былтыр мамыр айында Одессада мерт болған ресейлік азаматтың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғаған. Сол жолы Украинаның біртұтастығын қолдайтындар мен жаңа биліктің қарсыластары қақтығысып, салдарынан 48 адам қаза тапқан еді.

Борис Немцовты еске алу шеруі. Мәскеу, 1 наурыз 2015 жыл.

Борис Немцовты еске алу шеруі. Мәскеу, 1 наурыз 2015 жыл.

Бүгінгі қаралы шеру бұған дейін Ресей оппозициясы наурыздың 1-і күні Мәскеудің Марьино ауданында өткізуді жоспарланған «Весна» қарсылық акциясының орнына өткізілді.

РПР-ПАРНАС партиясының теңтөрағасы, Ярославль облыстық думасының депутаты, Ресейдің бұрынғы вице-премьері Борис Немцовты ақпанның 27-сі күні кешкісін Мәскеудің орталығында қастандықпен өлтірген. Оны өлтіргендер әлі табылған жоқ.

Ресей тергеу комитеті саясаткер Борис Немцовты өлтірген қылмыскер туралы ақпарат берген адамға үш миллион рубль көлемінде сыйақы тағайындалғанын жариялады. Комитеттің хабарлауынша, тергеушілер Немцов қаза тапқан сәтте жанында болған қыздың және өзге де куәгерлердің сипаттауымен қылмыскердің түр-тұлғасының нобайын жасаған.

Бұған дейін Тергеу комитеті саясаткердің қазасына байланысты бірнеше болжамды (арасында «саяси арандату» да бар) қарастырып жатқанын мәлімдеген. Құқық органдарының хабарлауынша, Немцовтың қазасы тапсырыспен кісі өлтіруге ұқсайды.

РЕСЕЙ МЕН ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕГІ ЕСКЕ АЛУ АКЦИЯЛАРЫ

Дағдарысқа қарсы шерулер мен Борис Немцовты еске алуға арналған акциялар бүгін Ресейдің өзге қалаларында да өтті. Санкт-Петербургте билік қаралы шеруді қала орталығында өткізуге рұқсат етіп, оған қатысушылар санына қойылған шектеуді алып тастаған.

Воронеж қаласындағы қаралы шеруге «Антимайдан» қозғалысы бөгет жасамақшы болған. «Прогресс партиясы» жергілікті бөлімшесінің басшысы Анатолий Кравченко Twitter әлеуметтік желісінде, бүгінгі қаралы акцияға казактар формасын киіп, империя туын және өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасын» қолдайтын жазулар ұстаған адамдар келгенін жазды. Кравченконың айтуынша, Немцовты еске алуға келгендерге көкдәрі (зеленка) шашқан. Полиция болған оқиғаға араласпаған.

Киров қаласында Борис Немцовты еске алу акциясы. 1 наурыз 2015 жыл.

Киров қаласында Борис Немцовты еске алу акциясы. 1 наурыз 2015 жыл.

Томск қаласында Немцовты еске алуға арналған жиын биліктің келісімінсіз өткен. Саяси репрессиялар құрбандары ескерткіші алдына елуге жуық адам жиналған. Адамдар акция өткен жерге Борис Немцовтың қара лента тағылған суреттерін, гүлдер мен шырақтар әкелген. Жиналған жұртты сырттай бақылап, видеоға түсірген полиция қызметкерлері жиынға араласпаған.

Борис Немцовты еске алу акциясы Литва астанасы Вильнюс қаласында да өтті. Оған қатысқан төрт жүздей адам Литва, Ресей және Украина туларын көтеріп, шырақтар мен гүлдер қойылған Ресей елшілігінен шерумен жүріп өткен. Украина, Беларусь, Польшадағы Ресей елшіліктері ғимараттарына да адамдар Борис Немцовтың портреті және гүл шоқтарымен келген, марқұмды еске алып шырақ жаққан.

Украинаның шығысындағы Харьков қаласында Борис Немцовты еске алу акциясына 200-дей адам қатысқан. Қаладағы Тарас Шевченко ескерткішінің жанына қойылған Борис Немцовтың портретіне адамдар гүлдер мен шырақтар әкелген. Киев патриархатына қарасты Украина православ шіркеуінің діни қызметкерлері Харьковте еске алу рәсімін атқарған.

Наурыздың 1-і күні Мәскеудегі еске алу шеруі Борис Немцов қаза тапқан Мәскеу өзені үстінен өтетін үлкен көпірде аяқталды. Ресей оппозициясының жетекшісі 55 жастағы Борис Немцов Кремльден небары 200 метрдей осы жерде қастандықпен атып өлтірілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG