Accessibility links

Сепаратистер Қырымға құрлықпен қатынауды көздейді


Мариуполь қаласының іргесінде, Азов теңізі жағалауында орнатылған крест жанында тұрған украин сарбазы. 2 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Мариуполь қаласының іргесінде, Азов теңізі жағалауында орнатылған крест жанында тұрған украин сарбазы. 2 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украинаның теңіз жағалауындағы Мариуполь қаласына шабуыл жасаған ресейшіл сепаратистер Киев билігіне қарсы стратегиялық және символикалық тұрғыда соққы бергісі келеді.

Бүлікшілер бақылауындағы Донецк қаласынан 100 километр қашықтықта, Азов теңізінің жағасында орналасқан Мариуполь қаласы сепаратистер қолына өтсе, өткен жылдың наурыз айында Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіне құрлықпен баруға жол ашылмақ.

Оған қоса, «Мариуполь мен Қырымның арасы жақын болғандықтан, қаланың теңізге шығу мүмкіндігі мен Киевтің қарамағындағы аймақтың уақытша орталығы деген мәртебесінің болуы сепаратистер үшін маңызды» дейді сарапшылар.

«Әр қаланы жау қолына бергенде, әсіресе осындай үлкен қаладан айрылса украиналық әскерилердің рухы түсіп, ресейшіл бүлікшілер одан әрі жігерленеді» дейді Киевтегі Разумков саяси зерттеулер орталығының әскери сарапшысы Алейсей Мельник.

Украина президенті Петр Порошенко былтыр маусымда Мариупольді Донецк облысының уақытша орталығы деп жариялаған. Себебі, аймақтың ресми орталығы – Донецк қаласын сепаратистер бақылап отыр.

Жікшілдер басшысы Александр Захарченко Мариупольге шабуылдайтыны туралы мәлімдеген соң қаңтардың 24-і күні президент Порошенко «Ресей армиясы жақында шығыс Украинаға екі мың әскер жіберді» деді. Кремль сепаратистерге қару-жарақ пен сарбаздар жібергенін жоққа шығарудан танбай отыр, бірақ Мәскеудегі шенеуніктер ресейлік «еріктілердің» бүлікшілермен бірге соғысқанын мойындаған болатын.

24 қаңтардағы атқылаудан кейінгі Мариуполь көріністері

​Мельниктің пікірінше, сепаратистер Мариупольді басып алып, қалаға өз билігін жүргізсе, Украина әскерімен соғысып жатқан ресейлік әскерилер мен сепаратистер кеме порты арқылы материалды-техникалық көмек алу мүмкіндігіне ие болмақ.

Мариуполь теңіз порты 13 миллион тонна жүкті тасымалдайды, оның ішінде құрыш та бар. Үкіметтің ресми дерегіне сай, 2014 жылы және қазіргі кезде де бұл порт жүк тасымалдау жағынан Украинаның бесінші үлкен порт саналады. «Егер бүлікшілер оны басып алса, Украина Азов теңізінің жағалауына иелік ете алмайды. Географиялық тұрғыда емес, экономикалық тұрғыда зардап шегеді» дейді Мәскеудегі саяси және әскери талдау институты директорының орынбасары Александр Храмчихин.

Украина президенті Петр Порошенко (ортада) Мариуполь қаласын атқылаудан соң ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің төтенше жиынын өткізіп отыр. Киев, 25 қаңтар 2015 жыл.

Украина президенті Петр Порошенко (ортада) Мариуполь қаласын атқылаудан соң ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің төтенше жиынын өткізіп отыр. Киев, 25 қаңтар 2015 жыл.

Мельниктің айтуынша, сепаратистердің Мариупольге шабуылдауы Ресей мен Қырым арасындағы жолды қысқартуды көздеген стратегияның бір бөлігі болуы мүмкін. Себебі, Мәскеу Керчь түбегінің үстімен көпір саламыз деген жоспарын ақырындап дамытып келеді. «Енді жер үсті дәлізін салу күн тәртібіндегі басты мәселеге айналатын тәрізді» дейді ол.

Бірақ Храмчихин Украина үкіметі бақылап отырған Запорожье мен Херсон облыстарын қолға алу үшін сепаратистердің Мариупольді басып алуға «мүмкіндігі бар» тәрізді көрінсе де, «қазіргі жағдайда» оған шамалары жетпейді дейді.

«Менің ойымша, бүлікшілердің амбициясы мен шынайы мүмкіндіктері өздері билеп отырған аумақтың аясынан шықпайды» дейді ол. Сарапшынің пікірінше, құрлық арқылы дәліз салу сценарийі «теория жүзінде қалмақ».

500 мыңға жуық тұрғыны бар Мариуполь қаласы Ресей шекарасынан Украинаға дейін созылатын маңызды жолдың бойында орналасқан. Былтыр ұрыс кезінде оны сепаратистер басып алған еді, бірақ кейін Украина күштері өздеріне қайтарған.

Ресейшіл жікшілдер 2014 жылы тамыз және қыркүйек айларында Мариупольге қарай бағыт алып, қаланың шығысынан 20 километр жерде үкімет жауынгерлерімен соғысып, бірақ портқа жете алмаған болатын. Бұдан соң кейбір жергілікті тұрғындар сепаратистерге қарсы «партизан» әдісімен соғысуға даярланған еді.

(Карл Шректің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG