Accessibility links

Бір жыл бұрын «Араб көктемі» басталды


Тахрир алаңында әскери режимге қарсы ұрандап тұрған жұрт. Каир, 21 желтоқсан 2011 жыл
Тахрир алаңында әскери режимге қарсы ұрандап тұрған жұрт. Каир, 21 желтоқсан 2011 жыл

Революция толқынынан бері бір жыл өткенде Араб әлемі жолайрыққа кез болды. Тунис, Ливия, Египет, Сирия және тағы басқа елдерде азаттықты аңсап көшеге шыққан мыңдаған шеруші мақсаттарына жете ала ма?


2012 жылы әлемдік қауымдастық Араб әлемін жіті бақылап, әсіресе Египеттегі саяси жағдайға ерекше назар аудармақ.

Профессор Халид Фахми 2011 жылғы қаңтардың 25-і жиналыста сөндіріп тастаған қалта телефонын қосып, тексеріп көріп еді, шешесі бес мәрте қоңырау соққан болып шықты. Бір жағдайдың болғаны анық еді.

Бірнеше минуттан соң жас ғалым Каирдың Тахрир алаңына қарай асығып кетіп бара жатты. Дәл сол сәтте оның жас жиенін президент Хосни Мүбәрәкті биліктен кетіруге әкеп соққан төңкерістің бірінші толқынына қатысқаны үшін алаңда полиция тұтқындап жатқан.

ПОЛИЦИЯ ШЕГІНГЕН КҮН

- Бұл көрініс менің жадымда қашалып қалды. Мен бұл оқиғаға тікелей куә бодым. Бұлар расында да тарихи күндер еді. Әсіресе, қаңтардың 28-і Египет халқын ондаған жылдар бойы қорқытып, үркітіп ұстап келген қауіпсіздік күштерінің қирай бастағанын көру ғажап нәрсе еді.

Египет халқын адам құрлы көрмейтін полицияның адамгершілікке жатпайтын қатігез әрекеттеріне қарсы шығып, өз намыстары мен абыройларын қорғап қалуға бел байлаған, табанды халықтың алдында ығысып, кері шегінгенін көру ғажап дүние еді, - дейді Халид Фахми.
Египет армиясының генералы Хасан әл-Ровени Тахрир алаңына жиналған наразы топтың ортасында тұр. Каир, 5 ақпан 2011 жыл..
Египет армиясының генералы Хасан әл-Ровени Тахрир алаңына жиналған наразы топтың ортасында тұр. Каир, 5 ақпан 2011 жыл..

Египеттегі көтеріліс 2010 жылдың желтоқсанында Тунисте басталып, артынша Солтүстік Африка мен Таяу Шығысты түгел қамтыған қоғамдық толқудың бір бөлігі болды.

Осының нәтижесі ретінде Тунис, Ливия және Египеттегі режимдер құлады, ал үкіметке қарсы наразылық Сирия, Йемен және басқа да араб елдерінде 2012 жылы да жалғасып жатыр.

Көптеген сарапшылар Таяу Шығыстың ең көп халық тұратын елі – Египетте жүріп жатқан саяси күресті аймақтағы аса маңызды процесс ретінде қарастырады.

ЕНДІГІ ҚАУІП

«Египет үшін күрес: Насерден Тахрир алаңына шейін» кітабының авторы Стивен Кук мемлекеттің тұрақтылығы шешуші фактор дейді:

- Меніңше, қауіп мынада – Египет өте маңызды ел болғандықтан оның жүретін жолы да мүлде бөлек. 2011 жылдың ақпаны мен қаңтарында Тахрир алаңындағы оянған үміттер мен берілген уәделер қазір әбден тығырыққа тіреліп, шатасты. Енді бұл елде не авторитарлы жаңа саяси жүйе пайда болады, не болмаса қатігездіктер ара-кідік қайталанып тұратын тұрақсыздық пен белгісіздіктің ұзақ мерзімі басталады. Меніңше бұл дағдарыс Египетті ғана емес аймақтағы басқа да елдерді күйретіп кетеді.

Халықаралық қатынастар кеңесінің аға сарапшысы Эд Хусейн болашаққа сәл үмітпен қарайды.

- Египеттің болашағы туралы менің үмітім күшті. Біз Араб әлемінде азаттық процесін, демократияны, бостандық, азшылықтың құқықтары, осы аймақтағы христиандардың құқықтары мәселесін көтеру жалғасып жатыр. Революцияға да жігер беріп, жан бітірген осы өзгерістер еді.
Әлі жалғасып жатқан қақтығыс кезінде қаза болған ұлын жоқтап тұрған ана. Каир, 22 желтоқсан 2011 жыл
Әлі жалғасып жатқан қақтығыс кезінде қаза болған ұлын жоқтап тұрған ана. Каир, 22 желтоқсан 2011 жыл

Басқа мамандар Египеттегі революцияшыл толқудан бөлекше сипат көреді.

Торонто университетінің заң профессоры Мұхаммед Фадл Тунис пен ондағы революциялар Батыстық үлгідегі демократиялық идеалдардан көрі Исламның саяси ойларын дамытпақшы деп баға береді.

- Исламдық модернизм Араб әлеміндегі саяси жағдайға ортақ ахуалды байқатады. Себебі, өкінішке орай бірінші және екінші дүние жүзілік соғыстан соң Араб мемлекеттері номиналды ғана тәуелсіздік алған болатын. Олардың ол кезде билікке қарсы күресетін саяси институттар құруға мұршасы жоқ болатын. Сондықтан ол кездегі Исламдық модернизмге тән саяси ойлар сол бағытқа мақсаттанған еді. Осылайша, соңғы 50 немесе 60 жылда Араб әлемінің саяси ойы ұзақ уақыт тоқырап тұрып қалды. Себебі, өзіңіз білесіз, егер сіз мемлекетті либералды елге ақырындап айналдырам деп ойласаңыз, ең бірінші абсолют билеушіні шектеу керек болады. Ол нәрсе ешқашан мүмкін болмағандықтан, ары қарай да ең басты мәселе боп қала береді, - дейді Мұхаммед Фадл.

ЖАҢАШЫЛ МЕН ДӘСТҮРШІЛДІҢ ТАРТЫСЫ

Фадл өзінің аргументтерін дәлелдеу үшін бірінші дүниежүзілік соғыстың соңында Египеттің атақты ғалымы Рашид Рида қолдаған радикалды реформаларға барып тірелген 19-ғасырдағы арабтың саяси ойларын алға тартады.

Рида зайырлы заң жүйесімен мұсылмандық басқару жүйесін біріктіру туралы пікір айтқан, тіпті шариғат заңдарымен тікелей қарама-қайшылыққа келетін, заңдарды жақтап, олардың жалпы қоғам үшін пайдалы екеніне назар аудартуға тырысқан.

Осылайша, Фадл жуырдағы бір мақаласында былай деп жазады: «Исламшыл модернистер саяси жағынан басқа құрылымдарға қарағанда зайырлы саяси қозғалыстармен тез тіл табысып кете алады».
Исламшыл Ән-Нахда партиясының жақтаушылары. Тунис, 25 қазан 2011 жыл
Исламшыл Ән-Нахда партиясының жақтаушылары. Тунис, 25 қазан 2011 жыл

Бірақ, либерал мұсылман партиялары мен фундаменталистердің бір-бірінен айырмашылығы анық емес. Олардың құрамындағы жекелеген одақтастар мен саяси коалициядан дәмелілер суды лайлап-ақ тұр. Тунистегі қалыпты Ислам партиясының көрнекті мүшесі жуықта халифатты қайта құруға үндеп аяқ-астынан дау туғызды.

Соңғы болған оқиғаларға қарасақ, қалыпты исламдық ұйымдар үшін басқа мұсылман топтары зайырлы партиялардан гөрі көбірек қауіп туғызып тұрған сияқты.

ӘСКЕРИЛЕР, ИСЛАМШЫЛДАР ЖӘНЕ «ТАХРИР ХАЛҚЫ»

Египетте, салафилер басқаратын, Ислам фундаменталистерінің ультраконсервативті бір тармағы болып табылатын «Әл-Нұр» атты жаңа коалициясы қарашада өткен парламент сайлауының бірінші кезеңінде дауыстың төрттен бірін жеңіп алды.

Профессор Халид Фахми:

- Біз Египет қоғамы мен Египеттің саяси сахнаның үшке бөлінгеніне куә болып отырмыз. Мүбәрәк режимінен қалып қойған, негізінен, әскери күштер; саяси сахнаға жаңадан исламшылдар («Мұсылман бауырлар» мен салафилер); және Тахрир халқы. «Тахрир халқы» деп негізінен қаңтар айында осы маңызды өзгеріске түрткі болған либералдарды, жастарды, солшылдарды атайды. Осы үш топтың үш партиясы қазір билікке таласып жатыр. Олар бір-бірімен бәсекелесетін ортақ алаң іздеп жанталасып жатыр. Сондықтан да қазір жағдай өте қиын, - дейді.
Хосни Мүбәрәкке қарсы топ Полиция академиясының алдында наразылық танытып тұр. Каир, 2 қаңтар 2012 жыл
Хосни Мүбәрәкке қарсы топ Полиция академиясының алдында наразылық танытып тұр. Каир, 2 қаңтар 2012 жыл

Ислам фундаменталисті ретінде өткізген бес жылын сипаттайтын «Исламшыл» деп аталатын кітап жазған Хусейн:

- Египеттегі көтеріліп келе жатқан салафилік бағыт, бір кездері асқан жауыздықпен жасаған терактілері үшін қамалған қылмыскерлерді түрмеден босату, сайлау кезінде болуы мүмкін заң бұзушылық, осының бәрі исламшыл экстремизм мен терроризмнің бастауына айналуы мүмкін, - деп пайымдайды.

Тарих профессоры Фахмидың көзқарасы бойынша, «Араб көктемінің» қайырсыз боп бітуін тоқтатын бір нәрсе бар. Толқудың ең ұлы жеңісі көптеген адамдардың жеке басының қадір-қасиетін сезіне бастауы.

- Біз өте маңызды өзгерістің куәсі болып отырмыз. Бұл бірінші рет бәлкім жүз жылда, бәлкім одан да көп мерзім ішінде бұл аймақтағы адамдар, Египеттегі, Ливиядағы, Сириядағы, Йемендегі, Бахрейндегі және Тунистегі бұқара халық жаппай бас көтеріп, өз елдерінің қалай басқарылғанын қалайтындарын айтып, үн қатып жатыр, - дейді ол.

(Қазақ тіліне тәржімелеген - Сағынай Кәрім)
XS
SM
MD
LG