Accessibility links

Қаржы дағдарысынан мигранттардың балалары тастанды - тірі жетімдерге айналып барады


Мәскеудегі №19-шы балалар үйінің бүлдіршіндері ас алдында мінәжат етеді. 28мамыр. 2009

Мәскеудегі №19-шы балалар үйінің бүлдіршіндері ас алдында мінәжат етеді. 28мамыр. 2009

Соңғы жылдары Орта Азия мен Кавказдың миллиондаған адамы Ресейге жұмыс іздеп ағылуда. Енді олардың көбі экономикалық дағдарыс салдарынан елдеріне оралып жатыр. Осындай мәжбүрлі көшіп-қону салдарынан Ресейдегі балалар үйінде қырғыз, өзбек балалары қалып жатыр. Олардың біразы Ресейде мемлекет қамқорлығына алынған.

Әкесі өзбек - анасы орыс Акрам жағдайлары өте нашар болғандықтан, бауырларымен бірге мемлекеттің қарауына алынған.

Мәскеудегі №19-шы балалар үйінің директоры Мария Терновская балалар алғаш келген кездері “шомылыңдар” дегенде, олардың “қазір жаз емес қой” деп жауап бергендерін еске алады. Олар сол кезде үйлерінде күн өте ыстық болғанда ғана жуынып жүргенін айтқан.

Бүгінде 16 жастағы бозбала бойы өсіп, көрікті жігіт болған. Ол балалар үйіне Мәскеуде өткен көркемсурет байқауынан жеңіп алған алтын алқасын тағып келіп, балалар үйінің директоры мен басқа да қызметкерлеріне мақтанышпен көрсеткен, олар болса Акрамды жетістігімен құттықтап жатты.

Акрамның басқа бауырлары да талантты екен. Оның үлкен ағасын американдықтар асырап алып кетіпті. Ал әпкесі университетте оқиды.

Мұндай жетістіктікке толы сәтті оқиғалар Ресейдегі жетімдер үйінде, әсіресе ата-анасы әр ұлттан болғанда кездесе бермейтін жәйт дейді №19-шы балалар үйінің психологы Маша Капилина. Оның айтуынша, бір ұлтты ата-анадан туған балаларға қарағанда, аралас некеден туған жетім балалардың мәселесі әдетте қиынырақ болады:

"Ресейліктер үшін олар орыс емес. Қазақтар және өзбектер үшін не қазақ, не өзбек бола алмайды. Олар содан өздерін ешкім еместей сезінеді. Және өз ерекшеліктеріне байланысты түрлі агрессияға да тап болып жатады. Балалардың мұндай тобына тым қиын, олар оңайлықпен отбасын да құрай алмайды".

Ресейде нәсілшілдік өршіп, Орта Азия мен Кавказдан келгендерге қарсы шабуылдардың жасалуы, олардың балаларының да орнығып кетуіне қиындық әкеліп отыр дейді Капилина.

№19-шы балалар үйінің тәрбиеленушісі 11 жасар Мишаның әзірбайжандық әкесі қылмыстық іс бойынша айыпталып, елден шығарылды.
Сондай-ақ, 5 жасар Леонды африкандық анасы мен ресейлік әкесі қарай алмаған соң, балалар үйіне тастап кеткен.

Бұл жағдай бүгінде жаңа бағытта күрделі мәселе тудырып отыр. Бұрынғы мигранттар экономикалық дағдарыс кезінде Ресейден жұмыс табу мүмкіндігі азайған соң, елдеріне қайта бастады.

Бұл тұрғыда Мәскеудегі көші-қон және заңдық құқық жөніндегі орталықтың өкілі Сүлейман Шоходр Ресейде жүрген еңбек мигранттары елдеріне кетіп, балалары қалып қалған жағдайлар өте көп екенін айтады:

"Бұл бұрыннан келе жатқан проблема, бірақ ол соңғы жылдары мигранттар көптеп келе бастағанда өзекті мәселеге айналды, бұрындары жұмыс іздегендер өздері ғана келген болса, енді олар отбасыларымен келетін болды".

Қырғызстаннның адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Тұрсынбек Акун соңғы үш жылда 60 қырғыз баласы Ресейдің жетімдер үйінде қалды деп айтты. Олардың үштен-екісін көбіне Құрама Штаттардан келген жұптар асырап алғаны хабарланған.

Бұл жағдай қырғыз балаларымен шектеліп қалмады. Миграция және заң орталығының басшысы Гаухар Джураева әке-шешесі елдеріне оралып, өздері Мәскеуде қалған екі тәжік баласының да жағдайын айтып отыр. Ресейдегі жетімдер үйінен балаларды асырап алуға көбіне американдықтар қызығушылық танытса, ата-анасынан айрылған балалар өздері шешім қабылдағанда көбіне АҚШ-ты таңдайды екен.

Қырғыз омбудсмені ел үкіметін Ресейде қалған балаларын қайтарып алуға көндіруге тырысқан. Бірақ Мәскеудегі көші-қон және заңдық құқық жөніндегі орталықтың өкілі Сүлейман Шоходр Орталық Азия немесе кавказдық елдердің бірде бір үкіметі еңбек мигранттарына қатысты проблемалар көбейіп отырған тұста тастанды балалар мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмей отыр дейді.

Бірақ тастанды балалардың бірі Акрам өз үйіндегі өмірін босқа өткен өмір деп есептейді екен. Ол өзінің Мәскеудегі №19-шы балалар үйіндегі кезін өміріндегі ең бақытты сәт деп санайды:

"Балалар мұнда бақытты. Олар бұл жерде өмірлік тәжірибе жинап, білім алу сияқты көп жетістікке жете алады. Балалар психологы жұмыс істейді. Бұл жерде керемет. Мен өзімнің осында түскеніме қуанамын. Мен балалар үйін мақтан етемін. Егер танымал болып кетсем, №19-шы балалар үйінен шыққанымды айтатын болам. Бұл менің үйім".

Десе де Ресейдің көптеген балалар үйі қаржыға зәру.

Мемлекет қамқорлығына өткен аздаған бала ғана қоғамдық ортаға сіңіп кете алады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жетімдер үйінде өскен 10 баланың ішінде біреуі өзіне-өзі қол жұмсайды екен.

Ресейдегі басқа да жетімдер үйіне қарағанда, №19-шы балалар үйінің жүйесі басқаша, онда балаларды өмірге ыңғайлау үшін бір отбасының тәрбиесіне береді. Соңғы 15 жылда 350 бала асырауға алынған немесе белгілі бір отбасына қамқорлыққа берілген.
XS
SM
MD
LG