Accessibility links

Молдова Ресейге бет бұрды ма?


Молдова президент сайлауында жеңіске жеткен Игорь Додон. Кишинев, 14 қараша 2016 жыл
Молдова президент сайлауында жеңіске жеткен Игорь Додон. Кишинев, 14 қараша 2016 жыл

Молдовадағы президент сайлауында ресейшіл кандидат Игорь Додон жеңіске жетті. Оның қарсыласы еуропашыл Майя Саду "Орталық сайлау комиссиясын отставкаға кетуге" шақырды.

Қарашаның 13-інде өткен президент сайлауының екінші кезеңінде ресейшіл социалист кандидат Игорь Додон жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясы Игорь Додонға сайлаушылардың 54 пайызы, ал оның қарсыласы Майя Садуға 45 пайызы дауыс бергенін мәлімдеді. Жексенбі күні тіркелген сайлаушылардың 53,3 пайызы дауыс берген.

ОСК-нің алдын ала қорытындысы жарияланған соң социалистік партия жетекшісі, 41 жастағы Игорь Додон Кишиневте баспасөз мәслихатын өткізіп,"Мәскеуге жақындағысы келетіндер мен Еуропа Одағымен (ЕО) ынтымақтастықты жақтаушылардың бәріне бірдей ортақ президент болатынына" уәде берді. Игорь Додон "тартысты сайлау кампаниясын өткізген" қарсыласы Майя Сандуға алғыс айтып, одан "қоғамды тыныштандыруға" көмек сұрады.

Молдова президенттігіне кандидат Майя Санду дауыс беріп тұр. 30 қазан 2016 жыл.
Молдова президенттігіне кандидат Майя Санду дауыс беріп тұр. 30 қазан 2016 жыл.

Ал жеңіліс тапқан еуропашыл кандидат Майя Санду "сайлауды ұйымдастырушыларды отставкаға кетуге шақырып", дауыс беруге толық жағдай жасалмағанын мәлімдеді.

- Алыс жолдан келіп, суық күнде далада, жауын астында [кезек] күткен жүздеген адам дауыс бере алмады. Билік Молдова азаматтарының конституциядағы құқығын қадірлемеді, - деді Майя Санду.

Сайлау күні Лондон, Бухарест, Болонье, Мәскеу және басқа да бірнеше елдің қалаларындағы елшіліктерде кейбір молдовандар дауыс бере алмаған. Бұған себеп – сайлау комиссиясының жеткілікті бюллетень жібермегені. Сарапшылардың пікірінше, осы қалаларда еуропашыл кандидат Майя Сандудың жақтастары көп болған.

Сандудың сөзінше, Молдова сайлауына қатыспауы тиіс, Ресей ықпалындағы даулы, сепаратист Приднестровье аймағында тоғыз мыңға жуық сайлашы Додонға дауыс берген.

Бұрынғы білім министрі, Дүниежүзілік банк маманы Майя Санду сайлау алды бағдарламасында ЕО-мен ынтымақтастықты одан әрі арттырып, Молдоваға қажет шикізат беруші Ресейге тым жақындаудың қауіптілігін ескерткен болатын. Қарашаның 13-інде сайлау учаскесіне келген Майя Санду "тазалыққа құмар, адал еңбек, ар мен шындықты қадірлейтін адамдар үшін дауыс бергенін" айтқан.

Бұрынғы экономика министрі Игорь Додон "Молдова тәуелсіздігі мен бірлігі үшін" дауыс бергенін, "Молдованы құлатқысы келетіндерге" қарсы болғанын мәлімдеді. Сайлау алды үгіт-насихат кезінде Игорь Додон "Молдовадағы өмір адам төзгісіз" екенін, "Ресеймен арадағы әріптестік жойылғаннан кейін үлкен нарыққа шығар жолдың жабылғанын" айтқан еді. Игорь Додон Молдованың Ресей қарсылығына қарамастан ЕО-мен жасасқан 2014 жылғы жақын серіктестік келісімін қайта қарауға бейіл. Додон 2014 жылы аннекцияланған "Қырым түбегі Ресей территориясы" деген сөзі үшін Украинада сынға ұшыраған.

Мәскеу Молдова мен ЕО ынтымақтастығына салқын қабақ танытып келеді. Молдовадан сепаратистік жолмен тәуелсіздігін жариялап алған Приднестровье аймағында Ресейдің мыңдаған әскері шоғырланған. Президенттікке кандидат Майя Санду сайлауда жеңсе, Приднестровье даулы аймағындағы әскерді Ресейге қайтармақ болған.

Үш жарым миллионнан астам тұрғыны бар Молдова – Еуропадағы ең кедей мемлекет. Сайлау алдындағы қоғамдық сауалнама ЕО-мен ынтымақтастыққа ықыласты көптеген молдовандардың көңілін банктен тоналған ақша мен сыбайлас жемқорлық дауы өзгерткенін көрсетті. Елдегі экономикалық жағдай 20014 жылы үш банктен бір миллиардқа жуық АҚШ доллары (бұл елдің ЖІӨ-нің 10 пайызы) із-түсіз жоғалып кеткеннен кейін одан әрі қиындай түскен.

2015 жылғы Кишинев қаласында болған наразылықтардан кейін конституциялық сот Молдова президенті жалпыхалықтық сайлауда сайланатыны туралы шешім шығарған. Молдовада жалпыхалықтық президент сайлауы бұған дейін 1996 жылы өткен. 2000 жылдан бері президентті парламент сайлап келді. Молдова заңы бойынша, президент төрт жылға сайланады. Парламенттік басқару жүйесіндегі Молдовада құзыры шектеулі болғанмен президент заң жобасын кері қайтарып, парламентті тарату өкілетіне ие.

XS
SM
MD
LG