Accessibility links

Молдова мақсатына биыл жете ме?


Молдова астанасы Кишинев қаласындағы Еуропа Одағына қарсы шеру. 28 қараша 2013 жыл.
Молдова астанасы Кишинев қаласындағы Еуропа Одағына қарсы шеру. 28 қараша 2013 жыл.

Молдова Еуропа Одағымен серіктестік келісіміне биыл қол қоюды жоспарлап отыр. Бірақ олар мақсатына жақындаған сайын Ресей де осы бір шағын мемлекетке қысымын күшейтіп барады.

Бір қарағанда 2014 жыл Молдова үшін жемісті жыл болайын деп тұр. Бұл мемлекетті бұрыннан «Еуропаның ең кедей елі» деп атайды. Кишинев Еуропа Одағымен (ЕО) серіктестік келісімі және еркін сауда пактісіне (Association Agreement and Deep and Comprehensive Free Trade pact) қол қоюға үш жылдан астам дайындалды. Енді оған биыл қол қоймаққа бекініп отыр.

Молдованың бұған қоса, либералдық виза режиміне көшкен азғантай елдердің біріне айналу жоспары да бар.

Ресей президенті Владимир Путин Кавказ аймағындағы әскери жаттығуды бақылап тұр. 17 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин Кавказ аймағындағы әскери жаттығуды бақылап тұр. 17 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Бухарестегі еуропалық саясат мәселелері бойынша румын орталығының сарапшысы Станислав Секриеру Молдованың ЕО-мен интеграциясы туралы баяндама дайындады. Оның ойынша «Үкімет үш жарым жыл бойы келіссөздер жүргізіп, реформаларды жүзеге асырып келді. 2014 соның жемісін жейтін жыл болмақ».

Бірақ еңбектің «жемісін жейтін» кезде Ресей килігіп, Молдоваға қысым жасай бастады. Ресей бұл елдің Батысқа бет бұруына қарсы екенін ашық білдірді, келісімге қол қойдырмау үшін аянып қалар түрі жоқ.

Соның бір мысалы, ақпанның 2-сі күні Молдовадағы тұрғындарының көбі орыстілді Гагаузия автономды облысында Кеден Одағына қатысты референдум өтті, көпшілік Кеден Одағына қосылуды қолдады. Кишинев референдумды «заңсыз шара» деп айыптады.

РЕСЕЙДІҢ АРАНДАТУ ӘРЕКЕТІ

Желтоқсан айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездескен Молдова президенті Николае Тимофти «Ресейдің арандату әрекеті» үдеп келе жатқанын ескертті. Ол «Ресейдің барлық әрекеті - Молдова мен ЕО арасындағы серіктестік келісіміне кедергі жасау және күзде өтетін сайлауға ықпал ету» деді.

Биліктегі коалиция күздің соңында жалпыхалықтық сайлау өткізеді. Олардың қарсыласы – ел ішіндегі ең танымал жалғыз саяси күш, халықтың 35 пайызы қолдайтын Коммунистік партия. Олар сайлау науқаны басталмай-ақ үкіметті әлсіретуге, құлатуға тырысып жатыр.

Молдова президенті Николае Тимофти ЕО-мен интеграцияны жақтаушылар шеруінде сөйлеп тұр. Кишинев, 3 қараша 2013 жыл.
Молдова президенті Николае Тимофти ЕО-мен интеграцияны жақтаушылар шеруінде сөйлеп тұр. Кишинев, 3 қараша 2013 жыл.
- Сайлауға дейін билік (коалиция - ред.) ресейшіл оппозициямен тіл табысып үлгеруі тиіс. Ал олар (Коммунистік партия - ред.) осы жазда серіктестік келісіміне қол қойдырмау үшін жанталасып жатыр, - дейді Секриеру.

Ресейдің Молдоваға қысым жасайтын мүмкіндіктері мол. Мәскеу Приднестровье сепаратистік ауданы мен Гагаузия автономдық облысын қолдайды. Секриерудің айтуынша, «Коммунистік партия Гагаузиядағы референдум нәтижесін үкіметті әлсіретуге пайдаланбақ».

Бұдан бөлек, Ресей - Молдованың табиғи газ жеткізіп отырған негізгі сауда әріптесі. 2013 жылдың қыркүйегінде Мәскеу Молдова шарабына эмбарго қойды, шенеуніктер тіпті «Молдовадан келетін жеміс-жидек пен көкөністерге тыйым салайық» деген ұсыныс жасады. Мұның бәрі Коммунистік партияны жақтайтын ауылдық аймақтардың билікке деген наразылығын арттыра түсетіні анық.

Бірақ Парижде орналасқан ЕО қауіпсіздік мәселелері институтының сарапшысы Нику Попеску «Мәскеудің соңғы уақытта біраз ықпалынан айрылғанын» айтады.

- Соңғы он жылдары Ресей шарап және сауда мәселесі бойынша қысым жасап көрді, бірақ бұл шаралар Молдованың сыртқы саясатын өзгерте алмады, - дейді ол.

ЕО-мен интеграцияға қарсылар шеруі. Молдова, Кишинев, 28 қараша 2013 жыл.
ЕО-мен интеграцияға қарсылар шеруі. Молдова, Кишинев, 28 қараша 2013 жыл.
Оның пікірінше, «Биліктегі коалиция өз ішіндегі күрестен әлсірегенін сезді, сондықтан ЕО-мен келісімге қол қояр алдында қателіктер жасамауға тырысады, яғни келісімнен бас тарпайды».

- Молдова ЕО-мен серіктестікке ұмтылып отырған басқа елдерге қарағанда, экономикасын ЕО талаптарына барынша икемдеді, - дейді Нику Попеску.

ЕО - Молдованың негізгі сауда әріптесі. Молдова сауда айналымының 54 пайызы ЕО үлесінде.

- Егер серіктестік туралы келісім мен еркін сауда пактісіне қол қойылып, бекітілсе, саяси және экономикалық тұрғыда өзгертуге болмайтын жаңа қоғам пайда болады, - дейді сарапшы.

УКРАИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫҢ ӘСЕРІ

Ресейдің Молдоваға қысым жасауына мүмкіндік беретін тағы бір күшті құралы бар. Ресейде молдовалық еңбек мигранттары көп, олар жыл сайын отбасыларына қомақты қаржы аударып отырады. 2012 жылы бұл соманың мөлшері 1 миллиард долларға жеткен. Егер Ресей жұмысшылардың келуіне тыйым салса, немесе жазғы құрылысқа келетін мигранттар санын шектесе, Молдовадағы халық наразылығы күшейе түседі. Коммунистік партия мен билікке қарсы басқа да топтар «осы мәселенің бәрін шешу үшін Кеден Одағына қосылу керек еді» деп шығады.

Украинадағы "Еуромайдан" акциясына шерушілер алып шыққан ЕО туы. Киев, 23 қаңтар 2014 жыл.
Украинадағы "Еуромайдан" акциясына шерушілер алып шыққан ЕО туы. Киев, 23 қаңтар 2014 жыл.
Көршілес Украинадағы тұрақсыздық та Молдова үшін алаңдайтын мәселеге айналды. Мәскеу Молдоваға газ беруді доғарғанда Кишинев оны Украинадан ала бастады. Приднестровьемен қарым-қатынас шиеленісіп кеткенде де бұл мәселені реттеуге украиндар көмектесті.

Биліктегі коалиция құрамындағы Либералдық-демократиялық партия басшысы Влад Филат Азаттыққа:

- Украинада болып жатқан жағдайға қатты алаңдаймын. Украина - біздің көршіміз, стратегиялық серіктесіміз ғана емес, досымыз. ЕО-мен интеграция процесін Украинамен бірлесіп атқарамыз деп үміттенген едік, - дейді ол.

Оның айтуынша, «Келісімге қол қояр сәтте артық-ауыс кедергілердің болмағаны жөн. Бұл әсіресе визалық режимді либералдандыруға қатысты, оны молдовалықтардың бәрі қалайды».

Бірақ ЕО мен Молдова үкіметі халыққа жақындай түсуі керек. Мәселен, қаңтарда қол қойылған құжаттар орыс және румын тілінде ғана жарияланды, солайша молдовандардың көбі оның мазмұнымен жете таныса алмады.

​Бірақ ең үлкен әрі орындалуы екіталай міндет – ЕО мүшелігіне толық қабылдану болатын шығар. Румыния президенті Траян Бэсеску өткен аптада, қауіпсіздікке қатысты Мюнхен конференциясында осыны ескертті.

- Бұл елдердің ЕО-мен серіктестігі – олар ЕО мүшесіне айналды дегенді білдірмейді. Бұл елдер мүшелікке өтуге дайындығын аяқтаған шақта ЕО-ның талаптары одан сайын күшейе түсетін шығар, - деді ол.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG