Accessibility links

Молдовалық консерваторлар үкіметтің мұсылмандар ұйымын тіркегеніне наразы


Молдовалық православие өкілдері мұсылман үйымының тіркелуіне қарсылық көрсетіп тұр. Кишинев, 18 мамыр 2011 жыл

Молдовалық православие өкілдері мұсылман үйымының тіркелуіне қарсылық көрсетіп тұр. Кишинев, 18 мамыр 2011 жыл

Молдованың саяси сахнасында күтпеген жерден жанжал туып, елдегі шағын ғана мұсылман қауымы екі оттың ортасында қалғандай болды. Дау өткен айда әділет министрлігі мұсылмандардың үкіметтік емес ұйымын тіркей сала басталған.


Азаттық радиосының Молдован қызметінің тілшісі Мирча Цикудян баяндағандай молдовалық Ислам лигасын құрушы топ 2008 жылдан бері үкіметтің өздерін ресми тіркеуден өткізуін күтіп жүріпті. Ұйымның мүшесі Йорданияда туған Исмаил Абдел Вахаб қазір Кишинев қаласында тұрады.
Ол Молдованың қазіргі батысшыл үкіметі мұсылман қауымын жылы қабылдап отыр деп санайды.

"МОЛДОВАДА ОСМАН ИМПЕРИЯСЫ КЕЗІНДЕ ДЕ МЕШІТ САЛЫНБАҒАН"

- Біз үкімет ұйымымызды тіркеуден өткізгенге дейін де Ислам дінін ұстанып келдік. Бірақ мемлекеттің мақұлдауынсыз ғибадатыңды орындау біртүрлі екен. Дегенмен, біз қазір ресми түрде тіркеуден өттік, енді бірге жиналып, құлшылығымызды атқарып, мейрамымызды атап өте аламыз. Біз өзімізді енді ешбір молдовалықтың біздің ісімізге килігуіне хақы жоқ азамат ретінде сезіне аламыз, - дейді Исмаил Абдел Вахаб.

Ал елдегі православ шіркеуінің өкілдері үкіметтің мұндай шешім шығарғанына наразылық танытып отыр. Шіркеу басшысы метрополитан Владимир үкіметтің бұл қадамын «елдегі басымдыққа ие христиандарды кемсітушілік» деп мәлімдесе, өзге шіркеулердің өкілдері «мұсылман қауымы Молдовада «жайсыздыққа себепкер болады» деген пікір білдірді.
Владимир Воронин, Молдова коммунистік партиясының жетекшісі. Кишинев, 6 қыркүйек 2010 жыл

Коммунистік партияның басшысы, бұрынғы президент Владимир Воронин Молдованың Осман империясының құрамында болған кезде елде мешіт салуға қарсы болғанын, және қазір де солай істеу керек екенін атап айтты.

Владимир Воронин: «Православтардың ең ұлық мерекесі – Пасхаға екі апта уақыт қалғанда біздің православиялық сенімімізге анық қарсы келетін бұл ұйымды тіркеуден өткізу – түсініксіз жайт. Бұны сөзбен айтып жеткізе алмаймын» дейді.

Ислам лигасының басшысы Сегю Сокирка қарсы айтылған пікірлерден өзінің көңілі қалғанын білдірді. Оның айтуынша, елдің мұсылман қауымы көп жылдардан бері қуғын көріп, қудаланып келеді екен.

«Біз әрқашан мәдени орталығымызда жұма намазына жиналатынбыз. Орталықтың кіреберіс есігінде полиция қызметкерлері бақылау жасайтын. Олар ішке кірген, шыққан адамдардың кім екенін білгісі келіп тұратын. Олар біз үшін маңызы жоқ тізім жасап, оны барлау қызметіне тапсырады. Молдовада тыйым салынған дінді ұстанғаным үшін прокуротура мені жеке бақылауға алды» дейді Ислам Лигасының басшысы Азаттық радиосының Молдова қызметіне.

КОНСЕРВАТОРЛАР ЛИБЕРАЛДАРҒА ҚАРСЫ

Кишиневтегі Православ теологиялық академиясының профессоры Питер Прутяну шіркеудің мұсылман ұйымын тіркеуге қарсы болуының өз себебі бар екенін айтады. «Біздің ең басты алаңдап отырған мәселеміз мынадай: ислам дінін ұстанған адам одан тек өлім арқылы ғана бас тарта алады. Бұл ресми түрде айтылмаған, алайда іс жүзінде ислам дінінен бас тартқан адамды өлтіріп тастайды» деп санайды профессор.

- Араб мемлекеттерінің жақсы дайындалған өз жоспары бар, ол құпия, не болмаса біз одан бейхабармыз. Мұсылман студенттердің Молдоваға жіберілуі тегін емес. Олардың мұнда ең алдымен жергілікті христиан қыздарына үйленіп, сосын оларға ислам дінін қабылдауға мәжбүрлейтінін аңғару қиын емес, - деген уәж айтады профессор.

Ислам лигасының өтінішін мақұлдап, артынша конституциялық сотқа орналасу үшін отставкаға кеткен бұрынғы әділет министрі Александру Тэнасенің айтуынша, мұсылмандарды тіркеуден бас тартуға ешқандай заңдық негіз жоқ.
Молдованың бұрынғы әділет министрі Александру Тэнасен. Кишинев, 3 сәуір 2011 жыл

Бұрынғы министр: «Ислам секта емес. Ол әлемдік басты үш діннің бірі болып табылады. Әлемде мұсылмандардың құқығын мойындамайтын бірде-бір мемлекет кездеспейді. Біздің конституциямыз барлық адамның дін ұстау еркіндігіне кепілдік береді. Әділет министрлігінен тіркеуден өтуге құжаттарын тапсырғандар барлық заңдық талаптарды орындап отыр» дейді.

Осы уақытқа дейінгі қудалаулардың кесірінен молдовалық мұсылман жамағатының нақты саны қанша екендігі белгісіз болып отыр. 3,4 миллион халқы бар Молдовада тіркелген 2 мыңға жуық мұсылман бар екен. Алайда Ислам лигасының басшысы Сегю Сокирка мұсылмандардың нақты саны 17 мың адамға жетеді дейді.

«Әйелім екеуміз жаңа паспорт алуға өтініш бергенбіз. Сосын ондағы «ұстанатын діні» деген тұсқа «мұсылман» деп жазайық десек, оның «христиан» деп толтырылып қойғанын байқадық. Мен полиция қызметкерлеріне өзіміздің мұсылман екендігімізді айтсам, олар мені тыңдамады да. Олар бізді «мұсылман» деп жаза алмайтынын, барлық адамды бірдей христиан ретінде тіркеп жіберетінін түсіндірді» дейді Лига басшысы Сегю Сокирка.

САЯСИ ЖІКШІЛДІК

Молдованың саяси кеңістігі бірнеше жылдан бері консервативті коммунистер мен батысшыл либералды коалицияға бөлініп кеткен. 2009 жылдан бері бірінен кейін бірі өткен сайлаулардан соң екі коалиция да парламентте бірдей шамадағы орындарға ие болып, ортақ негізде президент сайлай алмай келеді.
Ислам лигасының басшысы Сегю Сокирка, 28 сәуір 2011 жыл

Алдағы маусым айында дау тудырған жергілікті жерлерге сайлаудың шешуші кезеңі өтпек. Ал консерваторлар болса жоғарыдағыдай мәселелерді алға ұстап, халықтың қолдауына ие болуға ұмтылып жатыр. Олар сірә, билік басындағы либералдық коалицияның батыстық үлгідегі дискриминацияға қарсы заңды қабылдау талабын тығырыққа тіреп қойған секілді. Себебі ол заң адамды жыныстық көзқарасы бойынша да кемсітушілікке жол бермейтін еді.

Қазір Исмаил Абдел Вахаб үкіметтің ақыр аяғында Ислам лигасын тіркеуден өткізгеніне және Кишиневтегі мұсылмандардың діни ғибадаттарын еркін атқара алатынына қуанышты. Оның күндердің күнінде өздерінің мешіт салатынынан да үміті бар. «Қазір біздің намаз оқитын үйіміз бар. Ол біз үшін мешіт те болып табылады. Ал мұнарасы бар және Ислам талаптарына сай келетін мешіт салуға келер болсақ, оның ауылы әлі алыс. Қазір ондай уақыт емес» дейді Исмаил Абдел Вахаб.

- Меніңше, бұл мәселені этникалық молдован ұлтынан шыққан мұсылмандардың өзі шешер. Бұл енді болашақтың ісі, - дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG