Accessibility links

Молдованың жыныстық азшылықтары шеруге шықпақ


Молдовалық ЛГБТ шеруі. Кишинев, ақпан, 2013 жыл

Молдовалық ЛГБТ шеруі. Кишинев, ақпан, 2013 жыл

Консервативтік қарсылыққа қарамастан молдовалық ЛГБТ қауымдастығы жыныстық азшылықтың апталық фестивалін өткізгелі жатыр.

2008 жылы гей-марш өткіземіз деп қарсылық танытушылардың тасынан таяқ жегеннен бері біраз уақыт өтті. Қазір ұйымдастырушылардың көңілі көтеріңкі.

Төзімсіздік пен дискриминацияға қарсы күрескен ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер топтар - ред.) белсенділері соңғы уақыттағы жетістікке сүйеніп, 12-рет өтетін жыл сайынғы «Днестр үстіндегі кемпірқосақ» фестивалін бастады.

«5 ЖЫЛДА КӨП ӨЗГЕРІС БОЛДЫ»

Фестивальдің ұйымдастырушысы, ГендерДок-М ақпараттық орталығының белсендісі Анастасия Данилова сейсенбі күні Кишиневте өткен баспасөз мәслихатында фестивальдің консервативтік және негізінен проваслав өкілдері тұратын елде өтіп жатқанын «теңдесі жоқ төзімділік» деп атады.

- Қазір Молдова қоғамының бұрынғыдан әлдеқайда төзімді бола бастағанын байқап отырмыз. Адамдардың ақпарат алу мүмкіндігі артты, соның арқасында олар төзімділікке үйренді, - деді ол.

Молдовада заманның өзгере бастағаны байқалады. Осы жылдың басында парламент дискриминацияға қарсы заңды Еуропа Одағы және АҚШ-тың барынша қолдауымен өткізіп жіберді. Бұл әрекетке Молдова коммунистік партиясы мен православ шіркеуі қатты қарсы шықты.
Көшеде зәбір көрген, ал полиция тас лақтырғандарға селсоқ қарап тұрған 2008 жыл мен қазіргі кездің айырмасы көп.

Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Еуропалық сот 2005 жылы үкіметтің гей-маршқа қарсы шыққанын заңсыз деп танып, ГендерДок-қа 11 мың евро айыппұл төлеуге мәжбүрледі.

Әулие Валентин мерекесі күнінде ЛГБТ белсенділері аңдысын аңду үшін шағын топ құрып, полиция эскортымен көшеге шықты. Ол күні оларға ешкім тиіспеді. Яғни, көшеде зәбір көрген, ал полиция тас лақтырғандарға селсоқ қарап тұрған 2008 жыл мен қазіргі кездің айырмасы көп. Данилова соңғы 5 жылда Молдовада көп өзгеріс болды дейді: «Жастардың, жаңа буынның төзімдірек екені байқалды. Гейлер мен лесбилер туралы айтпаймын. Біздің жыныстық бағдар мен гендердік ұқсастықты анықтауға қатысты семинарымызға келетін гетеросексуалды жастарды айтамын. Олар 5 жыл бұрын келгендерден мүлдем басқа».

ЕПИСКОП ҚАРСЫЛЫҚ ШЕРУІНЕ ШАҚЫРАДЫ

Молдавалық фестиваль биыл мамырдың 17-індегі гомофобияға қарсы халықаралық күнге орайластырылды. Биыл «Днестр үстіндегі кемпірқосақ» шарасы түрлі бағдарламаларды қамтиды - төзімділікті арттыру туралы семинарлардан бастап, гомофобия құрбандарын еске алу да бар. Іс-шара мамырдың 19-ы күні Кишиневте «ЛГБТ дәстүрлі құндылық үшін» атты маршпен аяқталады. Данилованың айтуынша, шара әдеттегі гей-парадтан ерекшеленбейді.

- Адамдар әдеттегі киімдерін киіп, плакаттар мен баннерлер ұстап шығады, қаланың ортасымен жүріп өтеді. Музыкалық карнавал немесе бразилиялық фестивальге ұқсас шара өткізейік деген ойымыз жоқ, - деді ол.
Молдовадағы ЛГБТ шеруі. 2 ақпан 2013 жыл

Молдовадағы ЛГБТ шеруі. 2 ақпан 2013 жыл


Бірақ олардың «ұстамды» ниеттерінің өзі беймәлім жандардың қоқан-лоқы жасауына кедергі болмады. Солтүстік Бельцы қаласының діни қызметкері, епископ Маркел діншілдерді қарсы шеруге шығуға шақырды. Епископ:

- Дін қызметкерлері мен діндар христиандардың бәрін аналардың (ЛГБТ - ред.) жоспарына үнсіз қалмауға шақырамын. 19 мамыр күні Кишиневтің орталығына жиналып, дұғамыз бен қатысуымыз арқылы оларға қарсы тұрайық, - деген үндеу тастады.

Ұйымдастырушылар шараға 50 адам қатысады деп үміттенеді, бірқатар Батыс елдерінің елшілері мен «Еуропалық парламенттің бір өкілі» де қатысатынын тұспалдады. Олар шерушілердің нақты бағытын кездейсоқ жағдайға тап болмас үшін құпия ұстап отыр.

Дегенмен ұйымдастырушылар «қоғамдық күш бізді қолдайды» деп сенеді. Данилованың айтуынша, ЛГБТ қауымы барынша елеулі бола бастады, дәстүрлі емес жыныстылар қауымдастыққа еркін енеді.

- Достарымыз бен отбасы мүшелері арасында жынысы өзгергендер бар. Біз олар туралы ойламаймыз, білмейміз. Бір күні олардың бәрі жиналып, бірге шығатын болса төзімділік туралы әңгіме қозғаудың өзі артық болады, - дейді Данилова.
XS
SM
MD
LG