Accessibility links

Молдовада шеру жетекшілері қарсылық жалғасатынын мәлімдеді


Кишиневтегі шерушілер. Молдова, 6 қыркүйек 2015 жыл.

Кишиневтегі шерушілер. Молдова, 6 қыркүйек 2015 жыл.

Кишинев алаңындағы наразылар жетекшілері шатырлар тікті. Қыркүйектің 7-сі күні олар «талаптары орындалмайынша наразылықты жалғастыратындарын» мәлімдеді.

Қыркүйектің 7-сі күні таңертең Кишиневтегі шерушілердің жетекшілері «шатыр тіккендерін, енді талаптары орындалғанша қарсылықты жалғастыра беретіндерін» хабарлады.

Қыркүйектің 6-сы күні Кишинев қаласының орталығындағы қарсылық акциясына ондаған мың адам қосылған еді. Олар ел президенті Николае Тимофтидің биліктен кетуін, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап етті. Бұл кедей елде жазда үш банктен жиыны бір миллиард АҚШ доллары жоғалып кетіп, ол ұлттық валютаның құнсыздануына, инфляцияның өсуіне, тұрмыстың нашарлауына әсер еткен еді.

Шерішулер Молдова орталық банкі басшылығы мен бас прокурордың да отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Полиция мәліметіне қарағанда, үкімет үйінің жанында кеше өткен шеруге 60 мың адам жиналған. Олар «Отанымызды өзімізге қайтарыңдар!», «Олигархтар жойылсын!» деп айқайлаған. Елдің бас прокуратурасы ғимаратына басып кірмек болған шерушілермен полиция қақтығысқан. Бұдан бірнеше адам жараланып, бір әйел ауруханаға түскен. Тағы бірнеше адамды полиция ұстап әкеткен.

Қыркүйектің 6-сы күні шеруден кейін наразылардың жетекшілері алаңға 30 шақты шатыр тіккен еді.

Кишиневтегі шеру видеосы (қыркүйектің 6-сы):

Шерушілердің жетекшісі, бұрынғы депутат Валентин Долганюк қыркүйектің 7-сі күні «Шатырлар талаптарымыз орындалмаған жағдайда бұдан да үлкен шерулердің орталығы болады» деді.

Молдовада 2014 жылы қарашада өткен парламент сайлауының алдында, жаздың соңында үш банктен бір миллиард долларға жуық (Молдова ішкі жалпы өнімінің сегізден бір бөлігі) қаражаттың жоғалып кеткені хабарланған еді.

Молдованың еуропашыл премьер-министрі Валериу Стрелец коррупциямен күресуге уәде беріп, шерушілердің талаптарын қарастыратындарын мәлімдеді. Стрелец тамыз айында Reuters агенттігіне жоғалып кеткен бір миллиард долларды іздеп жатқандарын хабарлаған еді.

XS
SM
MD
LG