Accessibility links

Молдовада ресейшілдер басым күшке айналып келеді


Жемқорлықпен күресетіндерін жариялаған Игорь Додон (сол жақта) мен Ренато Усатый Молдованы Мәскеудің ығына жығып бермей ме?
Жемқорлықпен күресетіндерін жариялаған Игорь Додон (сол жақта) мен Ренато Усатый Молдованы Мәскеудің ығына жығып бермей ме?

Молдовада ресейшіл және батысшыл саяси партиялар жұмылып, үкіметті отставкаға кетіруге тырысып жатыр. Кей сарапшылардың болжауынша, бұл тартыста Мәскеу ғана жеңеді.

Молдова астанасы Кишиневтегі наразы оппозициялық партиялар ел күтпеген «одақ» құрды. Сарапшылар еуропашыл және ресейшіл күштердің бұл «одағының» ғұмыры ұзаққа созылмайды деп болжайды.

Наразылық шарасын ұйымдастырып жатқан үш негізгі саяси күш – Социалистік партия, «Біздің партия» және «Намыс пен ақиқат» партияларын ортақ мақсат біріктірді. Үшеуі де «жемқорлыққа батқан саяси элита Молдова халқын кедейліктен шығара алмады» деп, үкіметке наразылық білдірді.

Бұған қоса, олар «жемқор элитаның қуыршағы – жаңа тағайындалған үкіметті отставкаға жіберіп, мерзімінен бұрын сайлау өткізу керек» деп санайды. Сонымен бірге, үш оппозициялық партия халықтың билікке деген сенімін азайтқан жемқорлық оқиғасына қатысы бар деген ықпалды олигарх әрі медиа магнатты жауапқа тартуды талап етеді.

Алайда саясат жөнінен олардың көзқарастары мүлде кереғар, сондықтан бұл партиялардың тұрақты альянсқа жұмылуы мүмкін емес. Социалистік партия мен «Біздің партия» Ресеймен жақын болуды жақтайды және мұнысын жасырмайды, ал «Намыс пен ақиқат» Молдованың ЕО-мен (Еуропа Одағы) интеграциялануын, СССР (Совет Одағы) мұрасынан бойын неғұрлым аулақ салғанын қалайды.

«УАҚЫТША ДОСЫҚ»

Павел Филип басқарған жаңа үкіметтің тағайындалуына қарсы болған үш партияның басшылары жақында Кишиневте үлкен шеру ұйымдастырды.

Джеймстаун қоры сарапшысы Владимир Сокордың айтуынша, «үш партия өздеріне ыңғайлы болғандықтан, уақытша бас қосты, оның үстіне оларды «олигарх Влад Плахотнюктің жаңа үкіметке ықпалы өте күшті» деген ортақ ұстаным біріктіріп тұр». Азаттыққа берген сұхбатында ол:

- Бұл – ғұмыры қысқа, тактикалық альянс. Оны құрғандардың мақсаты - ресми түрде Павел Филип басқарғанмен, іс жүзінде Плахотнюкке бағынышты үкіметті биліктен кетіру, - деді.

Былтыр Молдовада бұл елдің жалпы ішкі өнімінің сегізден бір бөлігіне тең болатын қомақты сома – 1 миллиард доллар қаражат банк жүйесінен қолды болып, мұның соңы үлкен дау-дамайға, саяси дағдарысқа ұласқан. Осы себепті қазан айында үкімет орнынан кетіп, жаңа премьердің кандидатурасы тек үшінші ретте әупіріммен бекітілген.

Ресейшіл де, батысшыл да саяси күштер «жаңа тағайындалған үкімет осыдан үш ай бұрын парламент шешімімен отставкаға кеткен үкіметке ұқсайды» деп санайды. Сарапшы Сокордың айтуынша, «наразылық шарасы басшылары ғана емес, молдован халқының дені мемлекетті ұйымдасқан қылмыс өкілдері басып алған деп есептейді».

Наразылық шарасын басқарған үш лидер де «мақсатымызға жетіп, ерте сайлау өте қалса, әрқайсысымыз өз жөнімізбен кетеміз» дегенімен, жұртшылық мұндай «одақтан» Молдова «ресейшілдер» мен «еуропашылдарға» бөлініп алып тартыса ма деп секемденеді.

РЕСЕЙШІЛДЕР АЛДА КЕЛЕДІ

Үш тарап жұмыла күрескенінің арқасында жаңа сайлау өтетін болса, онда бұл айқаста Ресей ғана жеңіп шықпақ. Жақында өткізілген сауалнама қорытындысына қарағанда, егер сайлау осы күндері өтетін болса, Социалистік партия (17 пайыз) мен «Біздің партия» (15 пайыз) сайлаушылар дауысының көбін алады.

Ондай жағдайда олар жаңа үкімет жасақтап, Совет Одағы тарағалы өз жолын табуға талпынып келе жатқан Молдованы басқа бағытқа бұруы ықтимал.

Халқының 75 пайызы Еуропаға жақын румын тілді болғанымен, соңғы кездері мұнда ресейшіл партиялар ықпалы артып келеді. Бұған себеп – ел ұғымында ЕО-мен интеграция болашағы бұлыңғыр, Совет Одағы кезіндегі заманын аңсайтындар көбейген. Оның үстіне, 2014 жылы ЕО-мен ынтымақтастық келісіміне қол қойылғанына қарамастан, содан бері билік құрған еуропашыл үкіметтер ел тұрмысын оңалта алмады.

«Намыс пен ақиқат» партиясы басшысы Андрей Настасе.
«Намыс пен ақиқат» партиясы басшысы Андрей Настасе.

Ресейшіл саясаткерлер Игорь Додон мен Ренато Усатый Молдованың бұл келісімге қол қоюына қарсы шығып, керісінше «Ресей бастаған Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше болу керек» деген еді.

«Ресеймен бірге» деген ұранмен сайлауға алғаш қатысқан Додонның Социалистік партиясы әжептәуір қолдауға ие болып, 20 пайыз дауыс жинады. Оның Ресей президенті Путинмен қатар тұрған үлкен плакаттары сайлау науқаны кезінде жиі қолданылды.

Коммунистік партия сайлаудың алдында «социалистермен ешқандай альянсқа бірікпейміз» деп мәлімдегендіктен, көп дауыс алғанына қарамастан, Додонның партиясы үкіметке келе алмады. Сондықтан, еуропашыл партиялар бірігіп, коалициялық үкімет құрды.

Усатыйдың саясат сахнасына қайта шығуы Мәскеуге бүйрегі бұратын үкімет құрылуы ықтимал деген болжамды растай түседі. 10 жылдай Ресейде тұрған Усатый 2014 жылы Молдоваға оралды. Сол жылы қарашада өткен парламент сайлауы қарсаңында оның Ресейді жақтайтын «Отан» партиясы Молдова жоғарғы соты шешімімен тізімнен алынып тасталды. Оған себеп – партия шетелден заңсыз қаржы алған.

Парламент сайлауына қатыса алмай қалғаннан кейін, ақпан айында ол өзінің жаңа саяси ұйымы «Біздің партияны» тіркеді. Сайлаудан шеттетілген соң елден кеткен ол Молдовадағы екінші ірі қала – Балти мэрі сайлауына түсу үшін қайта оралды. Қайырымдылық шараларына көп қаражат жұмсаған Усатый маусымда өткен мэр сайлауында жеңді.

НАРАЗЫЛЫҚТЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН КІМ?

Додон да, Усатый да Ресейге жиі барып тұрады, әрі қаңтардың 20-сы күні парламент ғимараты алдында наразылық шараларын бастардан бірер сағат бұрын екеуінің Мәскеуден бірге қайтып келе жатқанын көргендер бар. Соның алдында ғана парламент шұғыл түрде Филип үкіметін тағайындаған еді.

Наразылық кезінде екеуі де ЕО-ға қарсы риторикасын бәсеңдетіп, жемқорлық тақырыбын қаузады. Бірақ «бұлар билікті қолға алған бойда Молдованы Мәскеудің ығына жығады» дегендерге қарсы ештеңе деген жоқ.

Ресей ықпалынан босап шықпақ болған Украинаның шығысында қантөгіс болып жатқанын көрген еуропашыл молдовандар бұл жағдай өз елдерінде қайталана ма деп үрейленеді. Азаттықтың Молодован қызметі тілшісімен сұхбатында саяси комментатор Петру Богату:

- Жемқорлықпен және олигархиялық жүйемен сол жүйе өкілдері көмегімен күресу мүмкін емес. Соның бірі - бұрынғы контрабандашы, қазіргі саяси авантюрист Ренато Усатый. Үйіңді, үстеліңді кір қолыңмен тазарта алмайсың, - дейді.

Сауалнама қорытындылары бойынша еуропашыл «Намыс пен ақиқат» партиясы 9 пайыз «дауыс» алып, 3-орында тұр. Партия басшысы Андрей Настасе «еуропашыл бағыттан тайқымаймыз» дегенімен, соңғы кездері сыншылар оны «бұзылып жүр» дейді. Настасенің қазіргі мақсаты – Молдованы Плахотнюктың «қақпанынан» шығару.

КИШИНЕВТЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ (қаңтардың 24-і күнгі видео):

Кишиневтегі наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

Сарапшы Богатудың айтуынша, «Настасе Додонмен және Усатыймен бірігу арқылы саяси болашағына балта шапты әрі Молдованың еуропашыл күштерінің абыройына кір келтірді».

- Еуропашыл әрі демократ молдован азаматы үшін Плахотнюк сияқты олигархқа қарсы тұрдық дегеннің өзінде ресейшіл котрабандашы, Путиннің (Ресей президенті) «сүйіктісімен» бірігу Башар Асадты (Сирия президенті) биліктен кетіру үшін «Ислам мемлекетімен» (Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйым – ред.) бірігу сияқты әсер қалдырады, - дейді Богату.

ТАРТЫС КҮШЕЙДІ

Қаңтардың 22-сі күні Владимир Путиннің Ресей қауіпсіздік кеңесінде «Молдовадағы шиеленіскен ахуалды» талқылағаны хабарланды. Яғни, бұл – Кремльдің бұл елдің ішкі ісіне араласуға ниеті бар екенін білдіреді. Ал Молдова премьер-министрі Павел Филип Батысқа жалтақтайды.

АҚШ пен ЕО Румынияның жаңа үкіметіне қолдау білдіріп, премьерді жемқорлыққа қарсы реформаларды шұғыл қолға алуға шақырды.

Қаңтардың 26-сы күні Павел Филип тілі мен тарихы ортақ көрші ел – Румынияға барып қайтты.

Бухарест оған 162 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек беруге және оның 65 миллионын жақында аударуға уәде етті. Дегенмен алдымен Филип үкіметі румын басшылығын шынайы реформалардың жүретініне сендіруі керек.

Уақытша бас қосқан үштік қарсылық акциясын күшейтпекке бекінгендей. Қаңтардың 29-ы күні олар Парламент спикері Андриан Кандумен кездесіп, үкіметті отставкаға жіберіп, жаңа сайлау тағайындау мәселесін талқылау үшін парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыру жайын пысықтайды. Бұл қысымға шыдас бере ме екен деп жұрт Павел Филипке қарап отыр.

Еуген Томюктың материалы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG