Accessibility links

Молдованың визасыз режимі Приднестровьені қызықтырды


Варницадағы паспорт бөлімі.

Варницадағы паспорт бөлімі.

Бір ай бұрын ЕО Молдова азаматтарының Шенген аймағына визасыз кіруіне рұқсат берді. Молдованың ресейшіл сепаратист Приднестровье аймағы да бұған елең ете қалды.

Молдованың шығысындағы Варница қаласының паспорт бөлімінде ұзақ-сонар кезек. Кісі қарасы қалың, кеңсенің іші қапырық. Пысынаған жұрттың қабағы қатулы.

ҰЗАҚ-СОНАР КЕЗЕК

Өзін Василий деп таныстырған жігіт кеңсе ашылардан бірнеше сағат бұрын, таңғы сағат алты жарымда келгенін айтты. Соның өзінде кезекке 24-ші болып тіркелген. Ал аты-жөнін айтқысы келмеген орта жастағы бір әйел:

"Жұма күні мұнда 200-ге тарта кісі болды. Екі баламмен келіп күн ұзақ отырсам да құжат өткізе алмадым. Таңғы жеті жарымнан жүрмін, үлгерем бе, жоқ па – білмеймін. Үйде кішкене балаларым қалған еді, бір жағынан соларға да алаңдап тұрмын" деді.

Паспорт алуға кезек басталғалы көп бола қойған жоқ. Варница - Молдованың бөлініп кеткен Приднестровье аймағының әкімшілік шекарасына жақын орналасқан қала. Ресейшіл саясат жүргізіп отырған Приднестровьеде бұрын Молдова азаматтығын (паспортын - ред.) алғысы келетіндер сирек ұшырасатын.

Енді керуен кері айналып, жұрт жағалай Молдова паспортын алғысы келіп қалған. Үкіметтің сепаратистік ауданды қарамағына қайта алу әрекеттерінен бір нәтиже шығып келе жатқандай.

Жыл басынан бері Приднестровьеде тұратын 8 мыңға жуық адам Молдованың ішкері жағына өтіп, осы елдің азаматтығы мен биометрикалық паспортын алуға өтініш берген. Кишинев таратқан мәліметке қарағанда, жікшіл аймақтың азаматтарынан айына азаматтық сұраған 2 мыңдай өтініш түседі.

Сәуірдің 28-інен бері биометрикалық жаңа паспорттары бар Молдова азаматтары Шенген аймағындағы Еуропаның 26 еліне визасыз, емін-еркін кіріп-шығуға мүмкіндік алды. Бұл – Еуропамен интеграцияны тереңдету саясатын жүргізіп отырған батысшыл үкіметтің үлкен жетістігі.

Кишиневтегі «Эксперт-Груп» зерттеу орталығының сарапшысы Виктория Владтың айтуынша, «Визаны алып тастағаннан кейін 40 мың молдовалық азамат ЕО-ға барып қайтқан. Бұл былтырғы осы кездегі көрсеткіштен 20 пайызға артық». Жоспар бойынша, Молдова маусымның 27-сі күні Брюссельде ЕО-мен ұзақ уақыт талқыланған серіктестік шартына қол қояды.

ЕУРОИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ПАЙДАСЫ

Молдованың шығысындағы Днестр өзені мен Украина шекарасының арасындағы жіңішке алқапты алып жатқан Приднестровье аймағы 1990 жылдардың басынан бері іс жүзінде тәуелсіз тіршілік кешіп жатыр. Бұл аймақ негізінен Ресейдің экономикалық, саяси және әскери қолдауының арқасында жан сақтап отыр. Аймақ басшылары Приднестровьені қосып алу жөнінде Мәскеуге бірнеше рет өтініш айтқан. Өңір тұрғындарының біразы Ресей азаматтығын алған.

Приднестровье картасы.

Приднестровье картасы.

Кишинев Приднестровьені қайтару саясатын жергілікті тұрғындарға Еуропамен интеграцияның тиімділігін дәріптеу арқылы жүргізіп келеді. Бұған дейін Молдова үкіметінің оларды иландыратындай мықты уәжі болмаған еді. ЕО-ға визасыз кіру мүмкіндігі Молдованың Приднестровьені қайтару шаруасын біршама жеңілдетіп отыр. Мәселен, өзін Оксана деп таныстырған студент қыз:

"Жақында молдовалық паспортымның мерзімі бітеді. Енді биометрикалық паспорт алып жатырмын. Ол 10 жылға жарайды. Бұл – өте ыңғайлы. Енді шетелге шығатын шығармын. Жақында оқуымды бітіремін, содан кейін жұмыс істеуге, не демалуға шетелге барсам деген жоспарым бар" деді.

Құжат тапсырғалы тұрған және бір адам Кипрде тұратын туысына бару үшін паспорт алып жатқанын айтты.

Кишинев Приднестровье тұрғындарының Молдова паспортын алу процесін оңайлатып жатыр. Мәселен, алғаш рет паспорт жасатқалы отырғандар ешқандай ақы төлемейді.

Алайда Варницадағы паспорт мекемесі қаланың шетінде орналасқан, оған қоғамдық көлікпен қатынау қиын. Оның үстіне мұнда тек екі-ақ терезе істеп тұр, олар жұртқа қызмет көрсетіп үлгермей жатыр. Азаматтық алуға өтініш бергісі келетіндердің айтуынша, елдің басқа аймақтарындағы паспорт кеңселерінде де адамдар ұзақ-сонар кезекте тұр.

Приднестровье тұрғындары елдің кез келген аймағындағы паспорт үстеліне өтініш бере алады. Соған қарамастан, басқа кеңседегілер «Варницаға барыңдар» деп осында жібереді екен.

Молдованың адам құқықтары жөніндегі омбудсменінің мәліметтері бойынша, Приднестровье аймағынан түсетін арыздардың үштен екісі паспорт алудың қиыншылықтары туралы жазылған.

«ЕУРОПА ТҮГІЛІ УКРАИНАҒА БАРУ МҰҢ»

Аты-жөнін айтпаған, Тираспольде тұратын орта жастағы әйел Азаттық тілшісіне ЕО-ға визасыз баруға жергілікті жұрттың да қолы жете бермейтін баяндап берді.
"Еуропаға визасыз қатынау деген керемет қой. Бұл көп жұрттың шаруасын жеңілдетіп, мүмкіндігін арттырады. Мені ойландыратын бір ғана жайт - бұл мүмкіндікті пайдалануға қанша адамның шамасы келер екен. Себебі Еуропаға бару арзан емес, біраз қаражат керек. Приднестровье халқының көбі кедей, олар үшін тіпті тиіп тұрған Украинаға барудың өзі мұң" дейді ол.

Приднестровьенің екінші ірі қаласы – Бендердің біз тілдескен және бір тұрғыны:

"Мен де, жақындарым да, тіпті іргедегі Украинаға барып көрмеппіз. Еуропада да болған емеспін, жақын арада ол жаққа бара қоюым да неғайбіл" дейді.

Аздап ойланып алған ол ары қарай:

"Тираспольде ғана болдым. Қайда барсам екен? Алдымен Италияға барып көрер едім. Венецияға суреттеріне қарап-ақ ынтызар болып жүрмін. Алдымен ақша жинау керек, нақты қайда баратынымды содан соң ойланармын" деді.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG