Accessibility links

Приднестровье түйіні шешілетін күн алыс


Андрей Дешица, Украинаның ЕҚЫҰ-дағы өкілі (сол жақта), Дженифер Браш, ЕҚЫҰ-ның Молдовадағы елшісі. Одесса, 23 мамыр 2013 жыл.

Андрей Дешица, Украинаның ЕҚЫҰ-дағы өкілі (сол жақта), Дженифер Браш, ЕҚЫҰ-ның Молдовадағы елшісі. Одесса, 23 мамыр 2013 жыл.

Приднестровье дауын шешу бойынша кезекті халықаралық келіссөзден нәтиже шықпады. Ал сепаратистік аймақтың өз ішінде парламентті Днестрдің арғы бетіндегі Бендерге көшіру туралы ұсыныс айтылды.

Украина Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төраға болысымен аймақтағы ең қиын мәселелердің бірі – Приднестровье түйінін шешуге бар күшін салатынын айтқан еді. Алайда өткен жұма Одессада өткен келіссөздердің екінші күні аяқталған соң бұл жоспардың оңай жүзеге аспайтыны белгілі болды.

«5+2 тобы» деп аталған халықаралық ара ағайын топқа Ресей, Украина, АҚШ, Еуроодақ, ЕҚЫҰ өкілдері және Молдова мен Приднестровье басшылары кіреді. Бұл 21 жылдан бері тоңы жібімей тұрған конфликтіге қатысты келіссөздердің күн тәртібін анықтаудың өзі қиынға соқты.

ТАРИХИ ЖӘНЕ САЯСИ МӘНІ БАР ҚАЛА

Келіссөздер басталардан бірер күн бұрын ғана сепаратистік аймақтың мәскеушіл басшысы Евгений Шевчук аймақтың заң шығарушы органы – Жоғары кеңесті елдің орталығы Тираспольдан екінші ірі қала Бендерге көшіру туралы күтпеген ұсыныс жасаған. Бендер қаласының таңдалуы жайдан-жай емес. 1990 жылдары тәуелсіздік үшін күрес басталғанда ең қанды қақтығыстардың бірі дәл осы қалада болған. Сол оқиға аймақтың Молдовадан бөлініп, тәуелсіздік жариялауына түрткі болған.

Приднестровьедегі Бендер ауданы.

Приднестровьедегі Бендер ауданы.

Парламент Бендерге көшсе, мойындалмаған аймақ басшылығының Днестр өзенінің екі жағында теңдей ықпал жүргізуі жолындағы ерекше қадам болмақ. Днестр өзені аймақты Молдовадан бөліп жатыр, өзеннің батыс жағында ресми түрде танылмаған Приднестровье үкіметінің бақылауындағы бірнеше ғана аудан болса, соның бірі – осы Бендер ауданы.

Бендер ауданы соғыстан кейін құрылған қауіпсіздік аймағына кіреді. Өзеннің екі жағалауын алып жатқан бұл аймақта Приднестровьенің де, Молдованың да бақылауындағы анклав-ауылдар бар.

«АГРЕССИВТІ БЕЛСЕНДІЛІГІН ТОҚТАТУ»

1992 жылы қабылданған бітім шартына сәйкес тараптар екі жақтағы жағдайды ушықтыратын әрекеттерге бармауы керек. Парламентті көшіру туралы бастама Совет Одағында және Балқан аймағында болған жер дауларында жиі ұшырасқан «жерді қармап қалу» әдісін еске түсіреді дейді кейбір сарапшылар.

Шевчуктың айтуынша, парламентті көшіру Кишиневтің Бендердегі «агрессивті белсенділігін» тоқтату үшін қажет болған. Молдова соғыстан бері бұл аймақта полиция бекеттерін және бірнеше мекемесін орналастырып үлгерген. Приднестровье әкімшілігі Бендерде жүрген молдовалық тәртіп сақшыларына арнайы киім киюге тыйым салу арқылы олардың мысын басып тастаған.

Кишинев аймақ басшылығының Жоғары кеңесті көшіру бастамасына наразылық білдіріп, мұны «жергілікті ахуалды біржақты өзгертуге тырысу әрекеті» деп бағалады. Еуропашыл саясат ұстанатын коалиция тарап, Молдованың өз ішіндегі саяси дағдарыс ушығып тұрған тұста бұған Бендер мәселесі қосылды.

«РЕСЕЙДІҢ ҚЫЗҒАНЫШЫ» МЕН «ШЕВЧУКТЫҢ САЯСИ ОЙЫНЫ»

Кишиневте тұратын саяси сарапшы Оазу Нантой бұл бастаманың көтерілуіне екі себеп болуы мүмкін дейді.

– Бірінші болжам бойынша, бұл бастама шынымен Тираспольдің өзінде пайда болды. Екінші болжам бойынша, Мәскеу Еуропа Одағы мен Молдова арасындағы әріптестік қарым-қатынасқа қызғанышпен қарайды және Кишиневтегі қазіргі саяси дүрбелеңді пайдаланып, Бендер төңірегінде қандай да бір қитұрқы әрекетке жол беріп, жағдайды тұрақсыздандыруды көздейді, - деп санайды сарапшы.

Украинаның Молдовадағы елшісі Сергей Пирожков парламентті көшіру бастамасы қауіпсіздік аймағындағы қазіргі тұрақтылыққа қатер төндіреді деген пікір айтты. Приднестровьенің өз ішіндегі сарапшылар бұл көшіруге Кишиневке қарсы бағытталған стратегиядан гөрі ішкі саяси мәселе деп қарайды.

Тирасполь қаласында жеңіс күнін тойлаушылар.

Тирасполь қаласында жеңіс күнін тойлаушылар.

Тираспольда тұратын саяси сарапшы Андрей Сафроновтың айтуынша, 2011 жылдан бері билікте отырған Шевчук оппозицияшыл депутаттары басым Жоғары кеңесті оқшаулап тастау арқылы өзінің саяси ықпалын күшейтуді көздейді.

– Бәрі оп-оңай: Шевчук оларға «Бәріңді халық сайлаған болса да, сендердің саяси салмақтарың нөлге тең, мен сендерді қашан, қайда көшірем десем де өзім білем» дегенді кекесінмен жеткізіп тұр. Бұл – бір. Екіншіден, ол Жоғары кеңестің жұмысын қожыратып, сол арқылы оны тіпті саяси аренадан алып тастағысы келеді, - дейді сарапшы.

Жоғары кеңес депутаттары мамырдың 23-і күні бұл ұсынысты кері қайтаратын қарар қабылдады. Ол қарарда «Приднестровьенің парламенті елдің іс жүзіндегі астанасы Тираспольде орын тебуі керек» деп жазылған.

МӘСКЕУДІҢ ЫҚПАЛ ЕТУ САЯСАТЫ

Көршілес украинадағылар Жоғары кеңесті көшіру туралы ой жай ішкі тартыстардың әсерінен пайда бола қалды дегенге сенбейді.
Мәскеу Приднестровьемен ауыз жаласып, Украинаның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі рөлін жоққа шығаруға күш салып отыр.

Киевте орналасқан Еуроатлантика ынтымақтастық институтының сарапшысы Александр Сушко бұл ұсыныстың Одессадағы келіссөздер басталар қарсаңда жарияланғанына назар аудару керек дейді. Оның айтуынша, Тирасполь дипломатиялық келіссөздерді тақырыбынан ауытқытып жіберетін тәсілдер қолдануға шебер. Шевчук ақпан айында Львов қаласында болған келіссөздердің де шырқын бұзып, Украинаның Приднестровье дауын биыл шешуден үмітін үзді дейді сарапшы.

Сушконың айтуынша, "жақын көршілеріне ықпалын сақтап қалуға тырысып отырған Мәскеу Приднестровьемен бірігіп, Украинаның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі рөлін жоққа шығаруға күш салып отыр".

– Жылдың басында Ресей жағы Тирасполь басшылығын қатаң саясат ұстануға көндіргені ешкімге жасырын емес. Мұндағы жанама мақсаттарының бірі – Украинаның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына барынша кедергі келтіру, яғни бұл мәселені шешуде қандай да бір ілгерілеуге жол бермеу, - деді украин сарапшысы.

Ағылшын тілінен тәржімалаған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG