Accessibility links

Молдовада мыңдаған оппозиция қолдаушылары жексенбі күні тағы да наразылық шарасын ұйымдастырды


Молдовалық наразылық танытушылар. 12 сәуір 2009 жыл.

Молдовалық наразылық танытушылар. 12 сәуір 2009 жыл.

Олар сайлаудан кейін орын алған зорлық-зомбылыққа байланысты ел басшылығын айыптап отыр. Хабарларға қарағанда, өткен аптада шерулер барысында ондаған адам жарақат алып, жүздеген кісі қамауға алынған. Оппозиция сәуірдің 5-і күнгі парламенттік сайлаулардың қорытындысы бұрмаланды деп айыптауда.

Жексенбі күні кемінде 5 мың молдовалық азамат Кишиневтің орталығындағы алаңға жиналып, үкіметке қарсы наразылық шарасын өткізді.

Алаңға сондай-ақ көптеген полиция қызметкерлері орналастырылды. Полиция өлкелерден ел астанасына аттанған автобустарды тексеруде деп хабарланып отыр. Журналистердің айтуынша, қаладағы жағдай айтарлықтай тыныш көрінеді.

Шеру барысында оппозициялық Либералды демократиялық партиясының жетекшісі Влад Филат сәуірдің 5-і күнгі парламенттік сайлаулардан кейін қауіпсіздік күштерінің наразылық танытушыларға көрсеткен іс-қимылдарын айыптады. Филат Азаттық радиосының молдовалық қызметіне берген сұхбатында былай деп мәлімдеді:

“Біз үкіметтен билік бастаған террордан бас тартуды, соққыға жығылған және азаптауға тап болған барлық саяси тұтқындарды босатуды сұраймыз. Біз сондай-ақ үкіметтен сайлаушылар тізімін тексеру үшін жағдай жасауын талап етеміз”.

Сенбі күні Ішкі істер министрлігі тұтқындалғандардың тізімін жариялап, қамауға алынғандардың азаптауға ұшырап жатқандығы жөніндегі айыптауларды жоққа шығарды. Министрліктің айтуынша, қылмыстық тергеу ісіне қатысты 166 адам тұтқындалған және 129 адам әкімшілік абақтысына жабылған.

Сайлау комиссиясының ресми мәліметінше, сайлауда президент Владимир Ворониннің Коммунисттік партиясы жеңіске жеткен. Алайда комиссияның 9 мүшесі сайлауда заң бұзушылықтар болды деп мәлімдеді.

Молдованың Конституциялық соты парламенттік сайлаудағы дауыстарды қайта санау туралы шешім шығарды. Бұл өтінішті президент Владимир Воронин жасаған болатын. Сот төрағасы Думитру Пубеленің айтуынша, сайлау ресмилері 9 күн ішінде дауыстарды қайта санап шығуы тиіс. Сайлаушылардың тізімі де тексерілетін болады деді Пубеле.

Оппозицияның айтуынша, ол тізімде қайтыс болған адамдардың аттары болған.

Ал бұл екі арада, толқулар барысында оппозициялық қолдаушының өлімі жөніндегі хабар жексенбі күні расталды. 23 жастағы Валерий Бобоктың ата-анасы қамауға алынған баламыз соққыға жығылған соң қаза болды деп мәлімдеді.

Алайда полиция әлгі жігіттің газдан уланып қаза болғанын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG