Accessibility links

Батысшыл кандидат пен ресейшіл үміткер екінші турға өтті


Молдова президентіне кандидат Игорь Додон (сол жақта) мен Майя Санду (оң жақта). Көрнекі сурет

Молдова президентіне кандидат Игорь Додон (сол жақта) мен Майя Санду (оң жақта). Көрнекі сурет

Молдовада 20 жылдан кейін өткен жалпыхалықтық президент сайлауында жеңімпаз анықталмады. Сайлаудың екінші турына ресейшіл кандидат Игорь Додон мен еуропашыл Майя Санду өтті.

Қазанның 30-ында Молдовада өткен президент сайлауында кандидаттар жеңіске қажетті 50 пайыздан астам дауысты жинай алмады. Сайлаудың 1-турында Игорь Додон - 48,7 пайыз, Майя Санду - 37,9 пайыз дауыс жинады. Қалған сегіз кандидат 6 пайыздан аз дауыс алды. Дауыс беруге сайлаушылардың 49,3 пайызы қатысты.

Президент сайлауының 1-турындағы дауыстарды санап жатқан сайлау комиссиясының мүшелері. Молдова, Кишинев, 30 қазан 2016 жыл.

Президент сайлауының 1-турындағы дауыстарды санап жатқан сайлау комиссиясының мүшелері. Молдова, Кишинев, 30 қазан 2016 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау процесі ешқандай заң бұзылмай, дұрыс өткенін мәлімдеді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Алина Руссу президент сайлауының қарашаның 13-інде болатын екінші турына социалистер партиясының кандидаты Игорь Додон мен "Әрекет пен ынтымақтастық" партиясының жетекшісі Майя Сандудың өткенін хабарлады.

"НЕ ЕО-ДА ҚАЛАМЫЗ, НЕ РЕСЕЙГЕ БЕТ БҰРАМЫЗ"

41 жастағы Игорь Додон президент болып сайланса, Молдованы Еуропа Одағымен (ЕО) серіктес етпеу үшін референдум өткізіп, Еуразиялық экономикалық одаққа қосуға ниетті. Додон православие дінін "Молдова моралінің темірқазығы" деп санайды.

Ал Додонның қарсыласы, бұрынғы білім министрі Майя Санду "Молдованың болашағы ЕО-да" деп біледі. Ол президент болып сайланса, Ресеймен прагматикалық қарым-қатынас орнатуға дайын.

Молдова – парламенттік басқару жүйесіндегі ел. Жергілікті сарапшылар президент билігі шектеулі болса да, 20 жылдан кейін өтіп жатқан жалпы халықтық бұл сайлаудың маңызы зор екенін айтады.

Әлеуметтанушы Ион Жилау президенттік сайлаудан кейін Молдовада өзгеріс болады деп үміттенеді.

Сайлаушылармен кездесіп тұрған Игорь Додон. Молдова, 25 қазан 2016 жыл.

Сайлаушылармен кездесіп тұрған Игорь Додон. Молдова, 25 қазан 2016 жыл.

- Ондаған жылдар бойы бір орында тапжылмай тұрмыз. Біз кімбіз, қай тілде сөйлейміз, бағытымыз батыс па, әлде, шығыс па? Осы сұрақтарға әлі жауап жоқ. Шешілмеген мәселе үсті-үстіне жиналып жатыр. Кедейшіліктен ел шаршады, - дейді Жилау.

ОЛИГАРХТАР ЫҚПАЛЫ

Саяси телебағдарлама жүргізушісі Наталья Морарь президентті жалпыхалықтық жолмен сайлау парламентке ықпал етуі мүмкін дейді. Оның сөзінше, елдегі билік жүйесіне коррупция дендеп, парламент олигархтардың ықпалында қалған.

- Бас прокуратура, коррупциямен күрес орталығы, сот жүйесі парламент бақылауында. Олигархтар қадағалап отырған билік тармақтары қатарында енді президент билігі бола ма? Президент - парламент жиындарына қатыса алатын, қауіпсіздік кеңесін басқаратын, референдум өткізуге бастама жасай алатын тұлға. Яғни, президент тараптардың теңдігін ұстайтын орталық бола алатын сияқты, - дейді Морарь.

Сайлаушылар алдында сөйлеп тұрған Майя Санду. Молдова, 24 қазан 2016 жыл.

Сайлаушылар алдында сөйлеп тұрған Майя Санду. Молдова, 24 қазан 2016 жыл.

Саясаттанушы Игорь Боцанның пікірінше, алдағы президенттік сайлау басты екі мәселені анықтайды. Біріншісі, жалпыхалықтық сайлауда сайланған тұлға президенттік билікті "кландар бақылауынан" шығара ала ма? Екіншісі, Молдова ЕО-дағы жолын жалғастыра ма?

Президенттік сайлаудың екінші туры қарашаның 13-і күні өтеді. 2015 жылғы Кишинев қаласында болған наразылықтардан кейін конституциялық сот Молдова президенті жалпыхалықтық сайлауда сайланатыны туралы шешім шығарған.

Бұған дейін Молдовада жалпыхалықтық президент сайлауы 1996 жылы өткен. 2000 жылдан бері президентті парламент сайлап келді. Молдова заңы бойынша, президент төрт жылға сайланады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG