Accessibility links

Шіркеу басшысын әшкерелеген басылым құқай көрді


«Одноклассники» әлеуметтік желісін қолданушы Нелли Ткачуктің парақшасында жарияланған фото. Оң жақта - Кишинев пен бүкіл Молдова митрополиті Владимир.

«Одноклассники» әлеуметтік желісін қолданушы Нелли Ткачуктің парақшасында жарияланған фото. Оң жақта - Кишинев пен бүкіл Молдова митрополиті Владимир.

Молдова православ шіркеуі басшысының Түркиядағы жағажайда бір әйелмен түскен суреттерін жариялаған жергілікті газет қоқан-лоқыға тап болғанын айтады.

Кишиневте шығатын Ziarul de Garda басылымы елдің православ шіркеуі басшысының үй-мүлкі және жеке өмірі туралы екі мақала жариялағалы құқайға ұшырадық дейді.

Жақында бұл басылым Кишинев пен бүкіл Молдова митрополиті Владимирдің Түркияда Нелли Ткачук есімді әйелмен демалып жүрген суреттерін жариялаған. 11 қыркүйекте газет редакциясына қоңырау шалып, өзін «Ткачуктың күйеуімін» деген біреу оларға қоқан-лоқы жасапты.

ЗӘУЛІМ ВИЛЛА, ЖАЛАҢАШ ӘЙЕЛ

Газет журналистерінің анықтап білгені – Владимир әкей өзінің ресми резиденциясында да, Кишиневтегі өз пәтерінде де емес, астанадан бес шақырым қашықтықтағы Бостанчи елдімекеніндегі зәулім виллада тұрады екен.

Ресми құжаттарды іздеп тапқан журналистер бұл үйдің 47 жастағы Нелли Ткачуктікі екенін анықтаған. Жақын маңда тұратын кісілер шіркеу басшысы мен сары өңді әйелдің биік дуалмен қоршалған осы үйге келіп-кетіп жүргенін жиі көреді екен.

Бұдан әрі індете зерттеген журналистер Ресейдің «Одноклассники» әлеуметтік желісінен Ткачуктің атынан тіркелген парақшаны табады. Ол парақшада Владимир әкей мен әлгі әйелдің түрлі жағдайда түскен бірталай суреті тұр. Суреттердің бірінде православ шіркеуінің киімдерін киген Владимирдің Нелли Ткачукке қорапқа салынған үлкен сыйлықты тапсырып жатқан сәті бейнеленген.

ОЛ ӘЙЕЛ КІМ?

Және бір топ суретте шіркеу басшысы сол әйелмен бірге Түркияның Кемер аймағындағы теңіз жағалауында демалып жүр. 2012 жылы түсірілді делінген бұл фотолардың бірінде олар суға түсетін киіммен жағажайда жатса, екінші біреуінде жеңіл-желпі киініп, шағын қайықта серуендеп бара жатыр.

Кишинев түбіндегі Нелли Ткачуктің вилласы.

Кишинев түбіндегі Нелли Ткачуктің вилласы.

– Біз оның [Владимир әкейдің] бөтен әйелге тиесілі үйде тұрып жатқанын анықтадық. Ол – өз бизнесі бар кісі екен. Содан соң «Одноклассники» сайтын ақтарып отырып ол әйелдің парағын тауып алдық. Онда сары өңді әйелдің дінбасымен бірге теңіз жағасында, қайықта, үстел басында түскен түрлі суреттері жарияланған, - дейді Ziarul de Garda газетінің бас директоры Алина Раду.

Мақала шыққан соң «Одноклассники» сайтындағы әлгі парақша жоғалып кеткен.

Газеттің жазуына қарағанда, Нелли Ткачуктің Кишиневте екі пәтері және Alfa-Nord деп аталатын жеке қауіпсіздік, детектив қызметтерін көрсететін фирмасы бар болып шықты.

Сан мәрте телефон шалса да, газет журналистері Ткачуктің де, Молдова православ шіркеуі басшылығының да ешқандай комментариін ала алмапты.

«ШЕШЕН ЗАҢЫМЕН ЖАЗАЛАЙМЫН»

11 қыркүйекте даулы мақала шыққан газет дүңгіршектерге түсе салысымен өзін «Нелли Ткачуктың күйеуі – Руслан Ибрагимовпын» деп таныстырған ер кісі Alfa-Nord фирмасына тіркелген телефоннан қоңырау шалған.

Редакция Ибрагимовпен болған 14 минуттық әңгімені түгел таспаға түсіріп алыпты. Әлгі кісі «газетті шешен заңдарымен жазалайтынын» айтып қорқытыпты. «Өлтірем, жоям» деп нақты айтпағанымен, ол «мұны бұлай қалдырмайтынын, шешен заңдарына сай жазалайтынын» бірнеше мәрте қайталаған.

Редакция аудиотаспаны полицияға тапсырыпты. Қазір құқық органдары бұл істі тергеп жатыр.

ЕШҚАШАН НЕКЕЛЕСПЕУ АНТЫ

Кишинев пен бүкіл Молдованың метрополитін Мәскеу мен бүкіл Ресейдің патриархы тағайындайды. Владимир әкейді бұл қызметке 1992 жылғы желтоқсанда сол кездегі патриарх ІІ Алексей ұсынған. Православ шіркеуінің ережелері бойынша, Владимир әкейдің үйленуге қақысы жоқ, соған байланысты ол ешқашан некелеспеуге ант берген.

Кишинев пен бүкіл Молдова митрополиті Владимир.

Кишинев пен бүкіл Молдова митрополиті Владимир.

4 қыркүйекте осы басылым Молдова митрополитіне қатысты және бір сенсациялық мақала жариялаған. Онда Николай Кантарянның (Владимир әкейдің шын аты-жөні) атына екі жекеменшік компанияның тіркелгені және осы екі мекемені де оның өзі басқаратыны айтылған.

Ziarul de Garda газетінің сөзіне сенсек, олар содан бері шіркеуге хабарласып, ресми түсініктеме беруді сұрап келе жатыр екен. Ал шіркеу басшылығы әлі ешқандай жауап қатпапты.

Роберт Коалсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG