Accessibility links

Батысқа танымал болған бүркітші қыз


Айшолпанның бүркіт ұстап тұрған суреті Michelle Rodriguez атты Facebook қолданушысының парақшасынан алынды.

Айшолпанның бүркіт ұстап тұрған суреті Michelle Rodriguez атты Facebook қолданушысының парақшасынан алынды.

Қазанның басында Моңғолияда өткен бүркітшілер сайысында бас жүлде алған, Батыста танымал бола бастаған 13 жасар Айшолпан Азаттыққа бүркіт баптауы туралы айтып берді.

Екі жыл бұрын алғаш рет 15 метр биіктіктен қос арқанды бір-біріне жалғап бүркіттің ұясына түскен 13 жасар бүркітші қыз Айшолпан ойында тек «Ұябасары кеп қала ма» деген қорқыныш болғанын, бірақ оның өзін ұядағы балапанды көргенде ұмытып кеткенін айтады.

Айшолпан Нұрғайыпқызы Монғолияның Баян-Өлгий аймағына қарасты Алтанцөгц сұмынында (аудан – ред.) тұрады. Биыл жетінші сыныпқа көшкен ол оқу жылы басталған соң бүркіт баптауға уақыт таба алмайтынын айтып қынжылады.

– Әкеме еріп саятқа шыққаныммен өз қолыма бүркіт қондырған жоқ болатынмын. 2012 жылы әкеммен еріп барып ұядан балапан алдым. Әкемнен көргенімді істеп, баптадым. Атын Сарықанат қойдым, – деп бастады әңгімесін Айшолпан.

Биыл Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында қазаннның 4-5 күндері 15-рет өткен жергілікті бүркітшілер тойында Айшолпанның Сарықанаты шырғаға (жарыс кезінде бүркіт түсетін аң немесе басқа бір қозғалатын нысан – ред.) 5 секунд ішінде қонып, рекорд жасаған. Ол осы жарыста бас жүлде алған ең жас бүркітші атанды. Аталған сайысқа қатысқан жергілікті бүркітшілердің бірі Қарасқан Илаханұлы Айшолпанға «жас та болса құспен тіл табыса алатыны бірден көрініп тұр» деп сүйсінеді.

Өз құсының шырғаға 8 секундта жеткенін айтқан бүркітші Қарасқан:

– Айшолпанның бүркіті жас екен. Бірақ жастығына қарамастан өте жақсы үйретілген. Иесінің тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Оның бас жүлде алуына ешкім қарсы болған жоқ, – деді.

АТАДАН ДАРЫҒАН ҚҰСБЕГІЛІК

Айшолпанның әкесі Нұрғайып – Моңғолиядағы белгілі бүркітшілердің бірі. Бүркітшілікті «жеті атасынан бері келе жатқан кәсіп» деп сипаттайтын Нұрғайыптың төрт баласы бар. Бірақ өзі құсап бүркіт баптауға ебі бары – қызы Айшолпан болып шыққан.

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында өткен саятшылар байқауы. 5 қазан, 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында өткен саятшылар байқауы. 5 қазан, 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

– Үлкен ұлым да құсқа құмар еді. Бірақ қазір қызмет бабымен қалада тұратындықтан қол үзіп қалды. Ендігі үмітім – осы қызда. Жеті-сегіз жасынан бастап менімен еріп, сонарға шығып жүрді. Он бір жасқа толған соң «әке, өзімнің жеке бүркітім болсыншы» деген талабын ұштап, ұяға түсірдім, – дейді Нұрғайып.

Шың мен құздағы бүркіт ұясына түсіп балапан алып шығу бала түгілі үлкен адамның өзіне ауыр екенін айтқан Нұрғайып Айшолпанның бұл сыннан еш қиналмай өткеніне разы.

– Шетелдіктер келіп кино түсіру үшін бүркіт ұясына екінші мәрте апарғанда да, балапанды қиындықсыз алып шықты, – дейді жас бүркітшінің әкесі.

Айшолпан туралы алғашқы мәлімет биылғы көктемде ұлыбританиялық бірнеше басылымда жарияланған. Жас бүркітші қыздың суреттері әлеуметтік желілерде де кең тарап кеткен еді.

Моңғолиялық kaznews.mn сайтының хабарлауынша, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан Ogilvy Entertainment студиясы «Айшолпаның өмірі» атты деректі фильм жасауға кіріскен.

Әкесі қырда мал бағатындықтан Алтанцөгц аудан орталығындағы интернатта тұрып оқитын Айшолпан келесі каникулды асыға күтіп жүр. Бауырлары мен Сарықанатты сағынып әрең жүр.

– Каникул күндері ғана үйге бара алам. Сол кезде бар уақытым тек бүркітімнің жанында өтеді, – дейді ол Азаттыққа.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG