Accessibility links

Ресей Черногорияны НАТО-дан қақпайлай бастады


Ресей басылымы мәліметіне қарағанда, Черногория премьер-министрі Мило Дукановичтің Еуропамен интеграция саясатын іске асыру үшін 10 жыл ішінде бір жарым миллард доллар шығын кетеді.
Ресей басылымы мәліметіне қарағанда, Черногория премьер-министрі Мило Дукановичтің Еуропамен интеграция саясатын іске асыру үшін 10 жыл ішінде бір жарым миллард доллар шығын кетеді.

Ресей бұрынғы коммунистік блок елдерін өзінің ықпал ету аймағына қайтару әрекеттерін жалғастырып отыр. Кезек енді Балқан түбегіндегі шағын ел Черногорияға келді.

Мәскеудің НАТО-ға қарсы саясаты бұрынғы империя аумағынан шығып, алыстау аймақтарға да жайылып барады. Трансатлантикалық одақ (НАТО) шекарасының кеңеюі Ресейдің ашу-ызасын туғызып, ол қасындағы көршілеріне қысым көрсете бастады. Мәскеудің ожар саясатының зардабын Украина, Молдова және Грузия тартып отыр.

Қазір Мәскеу НАТО шекарасын өзіне жақындатпаудың бар амалын жасап жатыр. «Буферлік зона» тек бұрынғы СССР, тіпті Варшава шарты ұйымының аумағымен де шектеліп қалмақ емес. Ресейдің назары түскен келесі ел – Балқандағы шағын мемлекет Черногория.

Подгорица 2006 жылы Сербиядан тәуелсіздік алды. Содан бері бұл ел Батыс елдері альянсына қосылуға ұмтылып келеді. НАТО 2009 жылы бұл елді мүшелікке қабылдау жоспарына енгізді. Премьер-министр Мило Дукановичтің айтуынша, Уэльсте биыл қыркүйекте өтетін НАТО саммитінде Черногория альянс құрамына өтуге шақырылуы мүмкін.

РЕСЕЙДІҢ ҚЫСЫМЫ КҮШЕЙДІ

Братиславадағы «Еуропа саясаты» институтының сарапшысы Милан Нич осы шешуші сәт жақындаған сайын Мәскеудің наразылығы да күшейіп келеді деп санайды.

"НАТО-ның кеңеюіне жол бермеуге тырысқан Ресей Балқан түбегінің батысында белсене түсті. Кремль әсіресе Черногорияға шүйлігіп отыр" дейді Нич.

Қысым біртіндеп күшейіп келеді. Түрлі кездесулерде Ресей өкілдері Подгорицаның НАТО-ға ұмтылуы «православ славян халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық рухына қайшы келеді» дегенді қайталап келеді.
Черногория картасы.
Черногория картасы.
Биыл қаңтарда Мәскеу мемлекеттік университетінің эксперименталдық экономика және қаржы институты «Черногория: Еуроинтеграцияның құны» деп аталатын есебін жариялады. Есеп бұқараға таратылмаса да, Ресей баспасөзі бұл жөнінде көп жазып жатыр.

Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, осы есепте Черногорияның Еуропа Одағымен (ЕО) интеграциялық саясатты жүзеге асыру үшін 10 жыл ішінде бір жарым миллиард доллар шығындайтыны айтылған. Одан бөлек, ол есепте Черногория үкіметі ұйымдасқан қылмыспен күресіп, жемқорлықты ауыздықтап жатқанына ЕО-ны сендіру үшін «Ресей фирмаларын тықсырып, олардың мүлкін тартып ала бастағаны» жазылған.

Черногорияда жеті мыңға жуық Ресей азаматы тұрып жатыр. Адриат теңізіндегі демалысқа ыңғайлы жағажайдың 40 пайызы ресейліктер меншігіне өтіп кеткен.

ОРЫСТАРДЫ ЫҒЫСТЫРУ

Сарапшының айтуынша, НАТО-ға мүше болу мәселесі қозғалғалы "Ресейдің Черногорияға ықпалы қандай", "үкімет коррупцияны азайта ала ма" деген сауалдар жиі талқыланатын болған. «Черногорияны Ресей ықпалына жығып беретін жемқорлық екені» де айтылып қалып жүр.

Сәуір айында Ресейдің мемлекеттік басылымы «Российская газета» «Черногорияның дұшпандығы» деген мақала жариялады. Онда Мәскеу мемлекеттік университетінің әлгі есебі талданады, Подгорицаның Еуропамен интеграцияға баруы қатты сыналады.

Олег Дерипаска.
Олег Дерипаска.
Онда аты-жөнін атамаған «дипломат» НАТО-дағы әріптестерінің Черногориядан «Ресейдің қажетсіз ықпалынан арылуды талап еткенін» айтады.

Бұған дәлел ретінде басылым Черногория үкіметі мен ресейлік олигарх Олег Дерипасканың арасындағы Подгорица алюминий зауытына қатысты ұзаққа созылған дауды атаған. Үкімет «Дерипаска басқарған тұста зауыттың жұмысы тоқырап, 350 миллион еуро қарызға батқан» деп отыр. Осы аптада бұл өндіріс орны жергілікті бизнесмен Веселин Пежовичтің қолына өтті.

ЧЕРНОГОРИЯНЫ «ЖАЗАЛАУ»

«Российская газетадағы» мақалада «бетімен кеткен» Черногорияны «жазалау» шараларының біразы аталады. Сан мәрте «сынақтан өткен» бұл шараларды Кремль тағы пысықтап жатса керек. Мәселен, олардың арасында Черногорияның Ресейге шарап экспортын «реттеу», виза режимін енгізу арқылы Ресейге тәуелді туризм индустриясына «шабуыл жасау» әрекеттері аталады.

Ресей Қырымды қосып алғаннан кейін, сәуір айында Подгорица ЕО-ның Мәскеуге салған санкцияларын қолдайтынын, ол шараға қосылатынын мәлімдеді. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұған ашуланып, Черногория басышылығын «1999 жылы НАТО Югославияны бомбалаған кезде жасаған Мәскеудің қамқорлығын ұмытып кетті» деп айыптады.

Мамыр айында черногориялық IN4S.net веб-сайты Ресей думасының депутаты, ЛДПР партиясының мүшесі Михаил Дегтяревтің тосын пікірін жариялады. Онда депутат «НАТО-ға кірген жағдайда Ресей зымырандары Черногорияны нысанаға алады» деп мәлімдеген.

Бұл сөз енді Черногорияның ішінде талқыланып жатыр. B92 ақпарат агенттігіне берген сұхбатында жергілікті сарапшылар Мәскеудің қазіргі позициясын «Коминформ» кезіндегі ахуалмен салыстырады. Сол тұста СССР басшылығы «Югославияға әскери шабуыл жасаймыз» деп қоқан-лоқы көрсеткен еді.

Черногория митрополиті Амфилохий Ресей президенті кезінде Дмитрий Медведевке православие шіркеуінің марапат белгісін тағып тұр. Белград, 20 қазан 2009 жыл.
Черногория митрополиті Амфилохий Ресей президенті кезінде Дмитрий Медведевке православие шіркеуінің марапат белгісін тағып тұр. Белград, 20 қазан 2009 жыл.
Подгорицадағы Еуро-Атлантикалық зерттеулер орталығының сарапшысы Елена Миличтің айтуынша, Черногориядағы НАТО-ға қарсы наразылық шараларын «Путин оркестрі» басқарып отыр. Азаттықтың Балқан қызметіне сұхбат берген Милич:

"Черногорияның НАТО-ға кіруіне қарсы шығып отырған бұл «оркестрдің» құрамына Серб православ шіркеуі, Черногория метрополиті және біраз үкіметтік емес ұйымдар мен ақпарат құралдары кіреді" дейді.

Белградпен байланысты күшейтуді жақтайтын оңшыл бағыттағы «Жаңа серб» демократиялық партиясының жетекшісі Горан Даниловичтің айтуынша, «Черногория үкіметі Шығыс Еуропадағы дағдарысты пайдаланып, ел азаматтарының мүддесіне сай келмейтін саясат жүргізіп отыр».

Еуропамен интеграцияны жақтайтын оппозициялық Социалистік халық партиясының жетекшісі Срджан Милич Черногория премьер-министрін «Ресей мен Батыс арасында тең саясат жүргіземіз деген уәдесінен тайқып, сыртқы саясаттың бағытын өзгертті» деп айыптайды.

ЧЕРНОГОРИЯ ТАҒДЫРЫ ҚЫРКҮЙЕКТЕ ШЕШІЛЕДІ

Мило Дуканович үкіметінің мәлімдеуінше, Черногорияның НАТО мүшесі болуын халықтың 46 пайызы қолдап отыр. Ал оппозицияның пікіріне сүйенсек, қолдаушылар саны бұдан әлдеқайда аз, сондықтан бұл мәселені референдум арқылы шешкен жөн. НАТО-ға кіруді қолдайтын партиялар парламенттегі орынның үштен екісін иемденіп отыр.

Қыркүйек айында Уэльсте өтетін саммитте НАТО басшыларының Черногорияға не айтатындары әзірге белгісіз. Олардың дипломатиялық тәсілмен сырғытпа жауап беруі де, альянстың 29- мүшесі болу жөнінде нақты ұсыныс жасауы да мүмкін.

Қандай шешім қабылданса да, бұл НАТО-ның Мәскеуге жасаған емеуріні болмақ.

Биыл наурыз айында Брюссельде Украинадағы дағдарыстың НАТО-ға әсері туралы сұраққа жауап берген альянстың бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен:

"Меніңше, біз Кремль түсінетін тілде сөйлеуіміз керек. Ол - біздің шешім қабылдау кезіндегі батылдығымыз, Батыстың бірлігі және ынталы елдерді Еуро-Атлантикалық бағытта дамуға бастау" деген еді.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG