Accessibility links

«Онлайн-курс» білім беруде революция жасай ма?


Интернет қарап отырған студент. (Көрнекі сурет)

Интернет қарап отырған студент. (Көрнекі сурет)

АҚШ профессорлары интернет арқылы онлайн-дәрістер оқып жүр. Әдетте оны «онлайн-курстар» дейді. Ал мамандар оны «оқу-ағарту төңкерісі» деп те айтады.

АҚШ-тың үздік университеттерінің бірі - Массачусетс технология университеті мен Пәкістанның солтүстік аймағындағы Шакаргар қаласының арасы - 11 мың шақырым.

«ДОСЫМ ҚАТТЫ ТАҢДАНДЫ»

25 жасар Халид Раза осы Шакаргар қаласында тұрады. Бірақ ол «әлемдегі кедейшілік проблемалары» туралы сөз қозғайды. Оған Массачусетс технология университетінің халықаралық экономика профессоры және Дүниежүзілік банктің бұрынғы кеңесшісі онлайн-дәріс берген.

Халид автобуста келе жатып ноутбугін шығарды. Орындаған тапсырмасын «онлайн-оқытушысына» интернет арқылы салып жіберді. Содан кейін әңгіме бастап:

Интернет қарап отырған адам. Пәкістан, 19 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Интернет қарап отырған адам. Пәкістан, 19 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

- Бір қызық айтып берейін. Досым екеуміз қыдырып жүрген едік. Мен оның көзінше мұғалімге орындаған тапсырмамды жібердім. Ол «Не істеп отырсың?» деп сұрады. АҚШ-тан қалай онлайн-курс алып жүргенімді айтып ем, қатты таңданды, - деді.

Раза басында онлайн-оқуға мүлде сенбеген екен. Оның үстіне тегін білім аламын деп ойламаған. Ол «бар болғаны Массачусетс технология университетінің виртуалды аудиториясына тіркелгенін» айтты.

«МАҚСАТЫМЫЗ - ОҚУДЫ АРЗАНДАТУ»

Қазір әлемде бірнеше миллион адам «онлайн-курс» оқиды. Халид Раза - солардың бірі. Мұндай курстарды көптеген университеттер 2000 жылдардың басында аша бастаған. Бірақ «онлайн-оқушылар» былтырдан бастап күрт көбейді. Қазір бұл сөз елдің аузынан түспейді. Білім беру саласында да ең көп талқыланатын тақырып - осы.

АҚШ-тың ондаған мықты университеттері бұл жаңа технология тобымен бірігіп, физикадан бастап, поэзияға дейін көптеген тақырыпта «онлайн-сабақтар» өткізіп жүр.

Бұл курстарда видео, тағы басқа мультимедиа материалдары, электронды мәтіндер, пікір алмасу үшін құрылған онлайн-форумдар пайдаланылады.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Эссе жазу сияқты автоматтандырылған жүйеге сәйкес келмейтін тапсырмаларды курстастар рубрикалар арқылы тексереді. Бұл курстарда оқытушымен қоян-қолтық араласып, оның көмегін алу сирек. Курсты аяқтаған студенттерге сертификат беріледі. АҚШ-тың бірнеше оқу орындары «онлайн-курстарды» кредитпен оқыта бастаған.

Бұл жобалардың авторлары «Мақсатымыз - оқуды практикалық және гуманитарлық тұрғыда тиімді ету, әрі бағасын арзандату. Сапалы білімге халықтың қолы жететіндей етсек» дейді.

«ІРІ ТӨҢКЕРІС»

Массачусетс технология университетінің профессоры Анант Агарвал - Гарвард пен өз университетіндегі пайда табуды көздемейтін edX жобасының президенті. Ол қазір 60-тан аса «онлайн-курс» өткізеді.

- Меніңше, білім беру жүйесі өзгереді. Мен бұл технология мен «онлайн-курсты» осыдан 500 жыл бұрын басталған баспа өнерінен кейінгі ең ірі төңкеріс деп сипаттар едім, - дейді Агарвал.

Бұл құбылысты сырттай бақылаушы мамандар да «онлайн-курстардың» болашағынан үміт күтеді. Бірақ жаңа пайда болған бұл құбылысқа күмәнмен қарайтындар да бар. Сынаушылар «курсты аяқтамай тастап кететіндердің көп екенін, оқытушылар сабақтарды оқушымен бетпе-бет отырып өтпейтінін, «онлайн-сабақтар» өткізетін коммерциялық компаниялар оқу ақысын қымбаттатып жіберуі мүмкін екенін» айтады.

Компьютер алдында отырған адам. (Көрнекі сурет)

Компьютер алдында отырған адам. (Көрнекі сурет)

Coursera компаниясы бұл жобаға 20 миллион доллар қаржы салған. Қазір компания университеттің «онлайн-сабақтарын» лицензиялаумен айналысады. Компания студенттерге ақылы мүмкіндіктер де ұсынып отыр. Мәселен, компания электронды сертификаттар береді, «онлайн-курстардың» электронды жазбаларын жұмыс беруші мекемелерге немесе университеттерге таратады.

ОНЛАЙН-ОҚУШЫ БІР МИЛЛИАРДҚА ЖЕТЕДІ

Қалай болғанда да «онлайн-курстардың» әлемге жылдам тарап бара жатқаны күмәнсіз. Агарвалдың айтуынша, бір жылдың ішінде edX сабағын алуға 192 елден 1 миллионнан аса адам тіркелген. Дәл осындай уақыт аралығында Coursera компаниясына 3 миллион студенттен өтініш түскен. Оның болжамынша, енді ондаған жыл өткенде шетелдік «онлайн-оқушылар» 1 миллиардқа жетеді. Бірақ ол «онлайн-курстарда» саясат, тарих және философия сияқты либерал пәндерді оқыту проблемаға айналуы мүмкін» дейді.

- Кейбір елдер пайдалы санайтын пәндерді басқа мемлекеттерде зиянды көрінуі мүмкін. Әзірше edX сабақтарына ешбір ел тыйым салған жоқ. Бірақ біздің курстар кейбір елдерде өтпейді. Мәселен, біз видеоматериалдарды YouTube арқылы жібереміз. Ал YouTube-ті Қытай, Пәкістан сияқты елдер жауып тастаған. Біз енді видеоларымызды өзіміздің сайтқа іле бастадық. Яғни, көшіріп алуға жағдай жасап жатырмыз, – дейді Аваргал.

ҚАЗАҚША СУБТИТР

Тағы бір кедергі – тіл. Себебі «онлайн-сабақтар» түгелге жуық ағылшын тілінде жүреді. Coursera компаниясы мамыр айында осы мәселені шешу үшін «бірнеше ұйымдармен ынтымақтасуға ұмтылып жатырмыз» деп хабарлады.

Интернет қарап тұрған жастар. Татарстан. (Көрнекі сурет)

Интернет қарап тұрған жастар. Татарстан. (Көрнекі сурет)

Олардың ішінде Украинадағы Виктор Пинчук қоры бар. Олар ағылшынша дәрістерге араб, жапон, қазақ, португал, орыс және украин тілінде субтитр жазып берумен айналысады.

Coursera компаниясының өкілінің пікірінше, «бұл тілдер – студенттердің тілі». Ол Азаттық тілшісіне:

- Одан бөлек, соңғы алты айда Шығыс Еуропа мен Ресей аймақтарында «онлайн-курс» оқығысы келетіндер 230 пайызға көбейді, - дейді.

Мәскеу маңында тұратын 32 жастағы Алексей Гряцких - жаңа медиа менеджері. Ол Coursera арқылы «онлайн-курстан» өткен. Ол сабақтар кәсіби тұрғыда өсуіне көмектесіп, білімін бір жүйеге түсірген. Гряцких «жарнама агенттігінде директор болған кезінде жиған білімін осы курстар жүйелеп бергенін, қазір білімін нақты өмірде пайдалана бастағанын» айтты.

Ричард Солаштың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG