Accessibility links

Абай ескерткіші: Алматыда - жиын орны, Мәскеуде - қарсылық символы


Абай ескерткіші алдындағы оппозиция жиыны. Мәскеу, 10 мамыр 2012 жыл.

Абай ескерткіші алдындағы оппозиция жиыны. Мәскеу, 10 мамыр 2012 жыл.

Акция орындарын ауық-ауық ауыстырып келе жатқан Ресей оппозициясы өкілдері өткен түні тағы да Мәскеудегі Чистые пруды тоғанының қасындағы Абай ескерткішінің маңына қонып шықты. Ақпарат бойынша, онда кемінде 150 азамат түнеген.

Владимир Путиннің инаугурациясынан бері акцияға шыққан шара белсенділерін полицейлер ұстай бергеннен кейін олар қарсылық шарасының осындай жаңа тәсіліне көшкен.

Мұнда ешкім плакат ұстап, ұрандатпайды. Есесіне шағын топтарға бөлініп, әңгіме-дүкен құрып, саяси қарсылық шарасын әрі қарай жалғастырудың амал-тәсілдерін осылайша әр жерде ақылдасып келеді.

АКЦИЯДА АБАЙ ӨЛЕҢІ ОҚЫЛДЫ

Полицейлер көше тыныштығын бұзбауды ескерткеннен кейін өз ішінен кезекшілер де сайлап алған. Олардың міндеті - араларында «тәртіп бұзған» (мысалы, ішімдік ішкен) адамдар болса, полицейлерге тапсыру. Осылай қамданған акцияға қатысушылардың өткен түні де тыныш өтіпті. Полиция ешкімді ұстамаған.

Оппозициялық блогер Алексей Навальный Абай ескерткішінің түбінде сөйлеп тұр. Мәскеу.

Оппозициялық блогер Алексей Навальный Абай ескерткішінің түбінде сөйлеп тұр. Мәскеу.

Акциядан тікелей трансляция жүргізіп жатқан «Новая газета» басылымының жазуынша, өткен түні Абай ескерткішінің жанында жиналғандар өлең оқыған. Онда Абай өлеңдері де оқылған.

Әлеуметтік желілерде, интернетте #ОккупайАбай хэштегі әлі де танымал болып тұр. Бұл хэштег кеше Twitter-дің Ресейлік бөлігінде бірінші орынға, әлем бойынша үшінші орынға шыққан еді. Бүгін де акцияға қатысушылар осы хэштег арқылы бір-біріне "Қайырлы таң" айтысып, жоспарларымен бөлісіп жатыр. Мысалы, Vinnik Sergey ‏есімді қолданушы: #ОккупайАбай достар, сіздерге көмектесу үшін WM (webmoney – ред.) әмиянын құрайық, біз ақша саламыз» деп жазса, «За честные выборы» деген атпен құрылған аккаунт иесі: «Чистый Прудыға нешеде келесіңдер, не әкеле аласыңдар, #ОккупайАбай хэштегімен жазыңдар» дейді.

#БЕЛАЯГОРЯЧКА - ОППОЗИЦИЯҒА ҚАРСЫ «ҰРАН»

Ресейдегі оппозиция өкілдерінің қарсыластары да интернеттегі белсенділіктерін арттыра бастады.

Оппозиция митингісіне қатысқан адамдарды маскүнем адамның елірме ауруы - «белая горячка» (орысша атауы) дертіне шалдыққандар деп астарлы түрде кекеген топ дәл осы хэштегпен «Twitter-соғыс» ашып, қарсылық акциясына қатысқан азаматтарды келемеждеуге тырысып жатыр.

«#белаягорячка - ресейлік оппозицияның өздері қалап алған саналы ісі. Оларға Абай ескерткіші алдындағы оппозиция жиыны. Мәскеу, 10 мамыр 2012 жыл.

Абай ескерткіші алдындағы оппозиция жиыны. Мәскеу, 10 мамыр 2012 жыл.

жұмыс істегенше, көшеде селтеңдеп жүрген жақсы» деп жазады Васильцов Константин есімді аккаунт иесі.

«Таныс бір студент #белаягорячка ауруын жұқтырып алыпты. Навальныйды тыңдап-тыңдап, енді үзіліс кезінде «Путин - қарақшы және ұры» деп өлең айтатын болды. Емделетін кез жетті» деп жазады Кристина Степанова Twitter-де.

Олар Ресей интернетінің кешеден бергі номері бірінші танымал хэштегіне айналған #ОккупайАбай-ға қарсылық ретінде #белаягорячка-ны көп жазуға үндеді.

Оппозицияға қарсы топ YouTube арқылы бейнеролик таратып, олардың әрекеттерін түсініксіз, мақсатсыз етіп көрсетуге тырысты. Ал оппозиция өкілдері мұны билік ұйымдастырып отыр деп есептейді. Әзірше әлеуметтік желіде екі топ арасында ешқандай диалог орнай қойған жоқ.

Чистые пруды тоғаны маңындағы Абай ескерткіші алдындағы акциядан тікелей трансляция таратқан «Новая газета» басылымының жазуынша, шара әлі жалғасып жатыр.

Бүгін кешке қарай ол жерге Мәскеудегі қазақ диаспорасы өкілдері барған.

"Лагерьге қазақтар келді. Ескерткіш (Абай Құнанбаев - қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы) маңында біраз тұрды. Енді бауырсақ таратып жатыр. Бауырсақ - пончикке ұқсас ұлттық тағам. «Ақ ленташыларға – жақтастарынан» деді» деп жазады басылым.

ҚАЗАҚ ОППОЗИЦИЯСЫНЫҢ «ҚАЗАҚЫЛАНБАУЫ» ТУРАЛЫ УӘЖ

Алматыда да Абай ескерткішінің маңында қаңтар айынан бері «Қарсылық жиыны» өткізіліп келе жатыр. Мұнда әзірге Абай өлеңдері оқылып көрген емес. Сарапшылар Абай ескерткішінің «тек жиналу орны деңгейінен» әрі аса алмағанын айтып, оның себебін әрқилы түсіндіреді.

Оппозиция жиыны өтетін күні Абай ескерткішін қоршауға алған полиция күштері. Алматы, 28 қаңтар 2012 ж.

Оппозиция жиыны өтетін күні Абай ескерткішін қоршауға алған полиция күштері. Алматы, 28 қаңтар 2012 ж.

Саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, «бәрі де жиынды өткізіп жүрген, сол жиынның басы-қасында жүрген азаматтардың пиғылына, сапасына байланысты».

- Егер шын мәнінде Абай ескерткішінің жанында болып жатқан митингілерде қазақ рухты жандар көбірек болатын болса, онда Абай да, ұлттық құндылықтар айтылатын еді. Бірақ қазір көріп отырсыздар, ұйымдастырушылардың арасында жік бар сияқты. Оппозицияның өзі қазақыланбай, біздің демократиялық күштер жалпыұлттық платформаға көшпей, менің ойымша, бүгінгі тіршіліктен жаңалық немесе үлкен күш пайда болады дегенге сенбеймін, - дейді ол.

Саясаттанушы «Ресейдегі жағдайдан сабақ, тәлім алуымыз керек» деп есептейді.

- Қоғам қиналған кезде өзінің құндылықтарын іздейді ғой. Сондай құндылықтардың бірі - Абай. Қоғам сол құндылықтар маңайында топтасу керек, - дейді ол.

«РЕСЕЙДЕ «ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫ» БОЛҒАН ЖОҚ»

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин Абайдың Ресейдегі қарсылық шараларының символына айналуын «кездейсоқ пайда болған феномен» деп атайды. Ол «Абай ескерткіші» образының әрқилы түсінілуін - Қазақстан мен Ресейдегі қоғамдық-саяси жағдайлар арасындағы едәуір айырмашылықпен ұштастырады.

- Ресейге қарағанда Қазақстанда билік репрессияны әлдеқайда кең ауқымда және қатты жүргізіп жатыр. Әрине, қай жер болмасын, қан төгілген жақсы емес. Бірақ Жұмысшы оппозиция жиыны өтетін күні Абай ескерткішін жуып жатыр. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл.

Жұмысшы оппозиция жиыны өтетін күні Абай ескерткішін жуып жатыр. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл.

бізбен салыстырғанда, Ресейде "Жаңаөзен оқиғасы" болған жоқ. Қазақстанда Жаңаөзеннен кейін елде бұрын-соңды болмаған қуғын-сүргін басталды. Биліктің тізесі батып кеткен жағдайда қалай дегенмен қоғамда қорқу-үрку бар, - дейді ол.

Азаматтық қоғам белсендісі Ғалым Ағелеуов Facebook әлеуметтік желісінде бұл мәселеге орай:

- Ресей мен Қазақстанда да азаматтардың Абай ескерткішінің маңында жиналып жатқанында қандай да бір астар бар. Абай - ағартушы және азаматтық мәдениеттің атасы. Ол өтірікті, жағымпаздық пен жемқорлықты өлердей жек көрген, - деп жазады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG