Accessibility links

Тасқыннан соң әкімдер әжуаға қалды


Су басқан көшемен өтіп бара жатқан адам. Мәскеу, 22 шілде 2016 жыл.

Су басқан көшемен өтіп бара жатқан адам. Мәскеу, 22 шілде 2016 жыл.

Мәскеуді әбігерге салған тасқыннан Кремльдің іргесіндегі көшелерде жұрт толарсақтан су кешіп кеткенде Интернетте қала мэрі Сергей Собянинді әжуалай бастады. Сын-мысқылға Алматы мен Астана әкімдері де ілінді.

МӘСКЕУДЕГІ ТАСҚЫН

Ресей астанасының басшылығы 22 шілдедегі тасқын су толассыз жауған нөсердің салдары деп ақталғанымен, кейбір ақпарат құралдары мен оппозиция өкілдері жағдайдың бұлайша өрбуіне Мәскеу әкімшілігінің жаяу жүргінші жолын кеңейтіп, жаңа тас төсеуді көздейтін «Менің көшем» жобасы себепкер болды деп санайды.

Мәскеу орталығындағы әйгілі көшелерді басқан су өзен болып ақты, сол «өзенді» кешіп бара жатқан көліктердің суреттері әлеуметтік желілерде қаптап кетті.

Facebook желісінде жарияланған видеосында мәскеулік Александр Белов есімді азамат «Қазір қайықтарды тұраққа қою тегін бе екен, кім біледі?» деп кекесінмен сұрақ қояды. Кейінгі жылдары Мәскеудегі автотұрақтарға ақы төлеу жүйесі енгізілген.

Бір суретте Кремльдің іргесіндегі көшеде жүк көлігінің үстіне шыққан полиция қызметкерінің Манеж алаңына қарай жол сілтеп, көлік қозғалысын реттеп тұрғаны бейнеленген.

Биыл жазда жергілікті биліктің «Менің көшем» деген жобасы аясында Мәскеу жолдарында қызу құрылыс жүріп, жүргіншілер жолдары кеңейтіліп, жол жиектеріне жаңа тастар қойылып, ғимараттардың сырты жаңартылған.

«Коммерсант» басылымы 25 шілдеде нақ осы су тасыған аймақтарда жолдардың жаңартылғанын хабарлады. Қаланың құрғату жүйесіне жауапты «Мосводосток» мемлекеттік компаниясы департаменті басшысының орынбасары Александр Захаров RBK телеарнасына берген сұхбатында тасқын судың қаптауына «Менің көшем» жобасы себепкер болғанын мойындаған.

Оның айтуынша, нөсер жауынның кесірінен «Менің көшем» жобасы бойынша жұмыс жүріп жатқан жерлердегі дренаж тесіктеріне құрылыс материалдары тұрып қалған, «құрылыс жүріп жатқан аудандар су тасқынының ең көп зардабын тартты» деді ол.

Саяси көзқарастары әркелкі Twitter қолданушы жұртшылық тасқынға Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин кінәлі деп, оны өткір сынға алды.

Кремльден хабар тарататын тілшілер тобында жұмыс істейтін Дмитрий Смирнов: «Собянин бүгін төтенше мәжіліс ашып «Не салып жатырсыңдар, Кремльді су алып кетті ғой?» деп айтар ма екен?» - деп жазды.

«Іріп-шіріген Батыс» деген Twitter қолданушы терең су астында тұрған сүңгуірдің фотосын беріп, астына: «Собянин қала орталығындағы кірпіштердің қалану сапасын бағалады. Тверская көшесі, Мәскеу, Ресей» деп жазып қойған.

KermlinRussia есімді қолданушы президент Владимир Путиннің аузына сөз салып: «Наполеон Мәскеуге от қойды, ал Собянин оны суға батырды» деп кекесінмен жазды.

Ал оппозициялық саясаткер Алексей Навальный тасқыннан көп зардап шеккен Малая Бронная көшесіндегі жөндеу жұмыстарын жүргізу құқығын иеленген компания туралы жазған.

Оның айтуынша, Ресей бас прокуроры Юрий Чайканың ұлы Игорь Чайкаға тиесілі компания былтыр осы көшедегі құрылыстың жобасын жасаған. «Бронная көшесінде белуардан су кешіп келе жатып, «Мұны кім жобалаған?» деп айқай салсаңыз, оның жауабы дайын», - деп жазды Навальный.

Сонымен, бұл тасқын үшін біреу-міреу жауап бере ме?

Рустем Адагамов есімді блогшы Собяниннің мұртын балта шаппайды деген болжам айтты. Су басқан Мәскеу көшесінде қайықпен жүзіп бара жатқан бір топ адамның 1965 жылғы суретін берген ол қала мэрінің сол оқиғадан соң 25 жыл орнында отырғанын ескерткен.

СУДА ҚАЛҒАН АСТАНА МЕН АЛМАТЫ

Биылғы сәуірде Астананы дамыту және EXPO халықаралық көрмесіне дайындық барысын пысықтаған жиналыста Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалада былтыр болған тасқынның фотоларын көрсетіп, жауапты адамдардан түсінік беруді сұраған.

Слайдта Астанадағы су басқан Иманов көшесінің суреті көрсетілгенде қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов «Бізде мұндай болған жоқ» деп жауап берген. Көше толы суға қарап Астананы Венецияға теңеген президент сол кездегі қала әкімі Әділбек Жақсыбековке «ұятқа қалмау үшін ЕХРО-ға моторлы қайық алып қой» деп кекесінмен ескерту жасаған.

Биылғы 6 шілде – Астана күнінде қатты нөсер жауып, қаланы тағы су басты. Түрлі фото, видеоларымен бөліскен қала тұрғындары тасқынды әжуаға айналдырды. Біраз жұрт жолда қалған көліктердің фотоларын беріп, астына қала әкімі орынбасарының «бізде мұндай болған жоқ» деген сөзін қосып қойған.

Instagram қолданушысы қаланың қақ ортасында балық аулап тұрған суретін жарияласа, Нұрсерік Жолбарыс есімді Facebook қолданушы жолда тұрып қалған автобусты сүйреп, «синхронды жүзіп бара жатқан» жеңіл көліктің видеосын музыкамен әрлеп ұсынды.

Маусым айында Алматы көшелерін су басқанда да әлеуметтік желіде мысқыл-кекесінге толы түрлі фотоколлаждар көп жарияланды. Халық көбіне Алматы әкімі Бауыржан Байбекті әжуалады.

Бір суретте серфинг тақтайшасына мінген Байбек «Алматыда серфингті дамыту аясында» деп жүзіп бара жатса, енді бірінде ол суға батқан велосипедпен қала көшесінде кетіп бара жатады.

Алматы әкімі Бауыржан Байбекті мысқылдаған әлеуметтік желідегі фотоколлаж.

Алматы әкімі Бауыржан Байбекті мысқылдаған әлеуметтік желідегі фотоколлаж.

Тағы бір коллажда «Жол-патрульдік полиция» деген жазуы бар қайыққа мінген полицейлер көліктегілерге қарап: «Сендер қаладан қайда кетіп барасыңдар? Жолдың салығын кім төлейді? Мен бе?» деп сұрап тұр.

Енді бір суретте Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында суға батып бара жатқан «Титаник» кемесі бейнеленген.

Су астында қалған Астана көшелері туралы видео:

XS
SM
MD
LG