Accessibility links

ИМ Мосул тұрғындарына сақал өсіруді міндеттеді


«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы жетекшілерінің бірі Муслим Шишани (ортада). Интернетте жарияланған видеодан скриншот.

«Ислам мемлекеті» экстремистік тобы жетекшілерінің бірі Муслим Шишани (ортада). Интернетте жарияланған видеодан скриншот.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) тобы Мосул қаласының (Ирак) барлық ер тұрғындарына сақал жіберуді бұйырған. Олардың айтуынша, «шариғатта беттегі түкті қыру - харам» саналады.

ИМ тобының жаңа бұйрығы туралы Facebook бетіне Mosul Eye деген атпен тіркелген тұрғын жариялаған. 2014 жылдың маусымында әскерилер қаланы жаулап алғаннан бері жергілікті тарихшы осындай құпия атпен Мосулдың хал-жағдайын баяндап келеді.

САҚАЛМЕН АЛЫСУ

Mosul Eye әлеуметтік желіге содырлар таратқан үндеуді де салып қойған. Онда «шариғат заңына сай сақал өсіру – міндет» делінген. Тұрғынның айтуынша, талапты орындамаған ер-азаматтарды жазалайды.

ИМ тобы Ирак пен Сирияның басқа бөліктеріне де осындай талаптар енгізген еді. Ұлыбританияда орналасқан Сирияның адам құқығы жөніндегі ұйымы (SOHR) желтоқсан айында ИМ бұндай тыйымды Сирияның шығысындағы Әл-Маядин қаласына да енгізді деп хабарлаған.

Экстремистер Әл-Маядин тұрғындарының неке жүзігін тағуына да тыйым салып, оны «христиан дініне тән үрдіс» деген. Өздері бақылауға алған жердегі ер адамдардың сақалымен алысқан әсіредіншіл ұйым жалғыз ИМ ғана емес.

ИМ тобының сақалға қатысты бұйрығы туралы Mosul Eye интернетте жариялаған ақпараттан скриншот.

ИМ тобының сақалға қатысты бұйрығы туралы Mosul Eye интернетте жариялаған ақпараттан скриншот.

2010 жылы Сомали елінде Хизбул-Ислам тобы Могадишо ерлеріне сақалдарын өсіріп, мұрттарын қыруға бұйырып, «оған бағынбағандарды жазалаймыз» деп қорқытқан. Ал 1996-2001 жылдары аралығында Ауғанстанды билеген Талибан тобы бұдан да асып түскен.

Олар сақал қыруға, батпырауық ұшыруға, қыздардың мектепке баруына, әйелдердің ер туысқанынсыз далаға шығуына, кассета тыңдауға, т.б. тыйым салған. Олар тіпті ауған ерлерінің сақалын «діни өлшемге сай ма, жоқ па?» деп тексерген. Жолдағы полиция ерлердің сақалының ұзындығын өлшеп, қысқа болып шықса жазалайтын болған.

ПОГОНОФОБИЯ ДЕГЕН НЕ?

Кейбір мемлекеттер сақал өсіруді радикалдану белгісі деп де қорқады. Осы аптада Тәжікстан полициясы мұсылман ерлердің сақалын мәжбүрлеп кестіргені үшін сөгіс алды. Елдің ішкі істер министрінің орынбасары Икром Умарзода сәуірдің 27-сі күні Азаттыққа Соғды облысының тұрғындарынан шағым түскенін мәлімдеді.

Облыс тұрғындары полиция қызметкерлерінің талабымен сақалдарын қырғызуға мәжбүр болғандарын айтқан. «Полицияның жергілікті бөлімшесіне тұрғындармен экстремизм жайлы сөйлесуге шақырдық, бірақ күш көрсетіп, қысым жасаңдар деген емеспіз» дейді Умарзода.

Ал тәліптердің «сақал үкімінен» зәрезап болған ауған халқы Талибан әскері ғана емес, сақалы бар батыс күштерінен де қорқады екен.

Foreign Policy басылымы 2009 жылы жазғандай Кандагар провинциясының тұрғындары тәртібі нашар әскерилерді «сақалды америкалықтар», ал өздеріне жақсы қарым-қатынас жасағандарды «сақалсыз америкалықтар» деп бөлген.

САҚАЛҒА АРНАЛҒАН СУСАБЫН

Сақалмен алысу тек әсіредіншілдерге тән құбылыс емес. 1698 жылы Ресейдің бірінші Петр патшасы жаңа саясат енгізіп, сақалды қыруға өкім еткен еді. Тәртіпке бағынбаған ақсүйектер мен мұжықтарға салық салған.

«Жайш әл-Мухажирин уәл-Ансар» тобының шешен әйелдері ойлап шығарған сақал күтіміне арналған өнімдер жарнамасы.

«Жайш әл-Мухажирин уәл-Ансар» тобының шешен әйелдері ойлап шығарған сақал күтіміне арналған өнімдер жарнамасы.

Қазіргі Сирия мен Ирак жерінде сақал өсіруді міндет санайтын ИМ ұйымы ғана емес. Басқа да әсіредіншіл топтар сақал қоюды парыз көреді, бірақ ИМ сияқты басқалардан талап еткен емес.

Ал әсіредіншілдердің әйелдері өздері сақал өсіре алмайтындықтан, ерлеріне көмектесуді борышым деп санайды. Мысалы, кавказдық "Жайш әл-Мухажирин уәл-Ансар" шешендер тобының әйелдері сақал күтіміне арналған құралдар ойлап шығарған. «Жәннатты аңсау» деп аталатын сусабын «сақалдың тез өсіп, қалың болуына көмектеседі-мыс». Оның құрамында алое гелі, жожоба майы, пальма майы мен кобра майы және глицерин бар делінеді.

Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG