Accessibility links

20 жыл бойы ұлының сүйегін іздеген ана


Хажра Чатич күйеуінің сүйегі жерленген зиратта құран бағыштап тұр. Потокари, Сребреница. 10 маусым 2015 жыл.

Хажра Чатич күйеуінің сүйегі жерленген зиратта құран бағыштап тұр. Потокари, Сребреница. 10 маусым 2015 жыл.

Босниялық сербтер әскері Сребреницада мұсылмандарды жаппай қырғаннан бері жиырма жыл өтсе де, журналист Нихад Чатичтің анасы ұлының сүйегін іздеумен келеді.

1995 жылы шілде айында Сребреницаға босниялық сербтер әскері кірген кезде журналист болып қызмет істеп жүрген Нихад Чатич Еуропадағы екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең сұмдық қырғынның куәсі болды.

Сербтер әскері Сребреницада жаппай өлтірген 8 мыңнан аса мұсылман ерлері мен ұл балалардың арасында Нихад Чатич те бар деп саналады.

СЕГІЗ МЫҢ БОЗДАҚ

1995 жылы шілденің 10-ы күні босниялық сербтер армиясы Сребреницаны қоршауға алған кезде журналист Нихад Чатич қолындағы диктофонына өзінің ең соңғы, шарасыздық пен қайғы-мұңға толы үндеуін жазған.

«Сребреница үлкен қасапханаға айналып барады. Ауруханаға жеткізілген өлілер мен жаралылар саны толастар емес. Сребреница мен оның халқына төнген қасіретке куә болар адамдар бұл әлемде бар ма екен?» деп айғайлаған ашынған журналист.

Жиырма жылдан соң оның Нихадтың анасы Хажра ұлының аудиожазбасын өзінің ұялы телефонынан тыңдайды. Босния соғысы кезінде Сребреница маңында қаза тапқан 8 мыңнан аса мұсылманның бірі, радио журналисі Нихад Чатичтің өңі тозған фотоларына анасы ұзақ телміріп қарайды.

Бұл қырғын Еуропадағы екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең бір жантүршігерлік оқиға саналады. Холокостан соң жарты ғасыр өтсе де Еуропаның геноцид қаупінен арылмағанын дәлелдейді.

Журналист Нихад Чатич.

Журналист Нихад Чатич.

Сребреница серб әскері қолына түскен кезде 26 жаста болған Нихад 1992-1995 жылдардағы қақтығыс кезінде жергілікті «Сребреница дауысы» радиосында жұмыс істеген. Серб күштері қаланы қоршап алғанда оның Сребреница сұмдығы жайлы айтқан хабарлары бүкіл елге тарады.

Жоғарыдағы үндеу Нихадтың оқиға орнынан жасаған соңғы хабары еді. Бұдан кейін анасы және әкесі Жунус Сребреницаны тастап, Потокари елді мекеніндегі БҰҰ голландиялық бітімгерлері база ретінде пайдаланған ескі көлік батареясы фабрикасын барып паналаған босниялық мұсылмандарға қосылған.

Бірақ бітімгерлер базаны босниялық серб әскері командирі Ратко Младич басқарған Серб республикасына тез арада өткізген соң Хажра күйеуі мен ұлынан айырылып қалған. Содан кейін оларды көрген емес. Жунустың сүйегі 10 жылдан кейін Козлук қаласында, қоқыс үйіндісінің астында жатқан бауырластар қабірінен табылды.

«ТІРІ БОЛСАМ ІЗДЕУДІ ТОҚТАТПАЙМЫН»

Анасы Нино деп атайтын Нихад әлі күнге дейін еш дерегі анықталмаған 1200 құрбанның бірі. Тағы 7 мың адам соғыстан соң хабарсыз кетті, жалпы саны 100 мың адам осы соғыста мерт болды.

– Оны ешқашанда таба алмаймын ба деп қорқамын. Ең құрығанда оның шынашағын тапсам да, басына барып дұға жасайтын орным болар еді, – дейді Хажра Азаттыққа берген сұхбатында.

Нихад пен Жунус 20 мың ер адамдармен бірге БҰҰ бітімгерлері базасына қарай жаяу қашып, босниялық армия бақылауындағы 50 километр қашықтықтағы аумаққа жетіп алмақ болады. Сребреница құрбандарының көбі сол кезде қолға түсіп, жақын маңдағы алқаптар мен қоймаларда өлтірілген.

Сребреница құрбандарының суреттері:

Хажра ұлының қай жерде қаза тапқанын әлі күнге дейін білмейді. Аман қалғандар оған орманда жарықшақ тиіп жараланғанын айтады. Бірақ, аласапыран мен ажал оғынан аман шыққандар Нихадтың демі қай жерде үзілгенін тап басып айта алмайды.

Уақыт өткен сайын Хажраның ұлының сүйегі табылатындығына деген үміті де азайып барады. Сребреница әйелдер бірлестігі жетекшілерінің бірі ретінде ол қанды оқиға құрбандарын еске сақтап, аза тұтушы отбасыларға туыстарының сүйегін тауып, жерлеуіне көмектесіп келеді. Бірақ өз баласының сүйегі қай жерде қалғанын 20 жылдан бері біле алмай отыр.

– Ол жараланды деген мина қойылған алқапқа бардым, бірақ ештеңе таппадым. Сәл алыс жерден бассүйек таптым, бірақ оның сүйегі деп ойламаймын, ол жерден тым қашықта жатыр екен. Мүмкін, менің Нином әлі анықталмаған мүрделер арасында жатқан болар, – дейді анасы.

Жоғалған адамдарды іздеу жөніндегі Босния институты мен хабарсыз кеткендерді анықтау үшін құрылған халықаралық комиссия әлі күнге дейін Сребреница қырғыны құрбандарының есебін жүргізіп келеді. Бірақ жоғалған әрбір адамды табу мүмкіндігі өте аз.

Босниялық сербтер армиясы жаппай қырғынды жасыру үшін өздері өлтірген адамдарды бір жерге топтап жерлеген, бұрынғы бейіттерге апарып тастаған, жыралардан жүк көлігімен төмен лақтырған немесе бульдозермен езіп-жаншыған. Кейде бір адамның сүйектері әр жерден, ондаған километр қашықтықтан табылады. Жыл сайын, шілденің 11-інде алдыңғы жылда анықталған сүйектер Потокаридегі бауырластар моласына жерленеді.

Биыл осы күні өткен Сребреница қырғынында мерт болған 136 азаматтың сүйегін жерлеу рәсіміне мыңдаған адам – құрбандарың туысқандары мен бүкіл әлемнен келген ресми тұлғалар қатысты.

2015 жылы 11 шілдеде Потокариде өткен аза тұту рәсімі:

Бірақ жерленгендер арасында Нихад Чатичтің сүйегі жоқ. Күн өткен сайын еңсесі түскен Хажра ұлын дұрыстап жерлемейінше жаны тыныштық таппайтынын айтады.

– Үмітім сарқылып барады, бірақ күресуге тиіспін. Көзімнің тірісінде оны іздеуді тоқтатпаймын, – дейді Хажра.

Садик Салимович пен Клэр Биггтің мақаласы ағылшыннан аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG