Accessibility links

Нью-Джерси мұсылмандары Трампқа жауап шарасын бастады


Патерсонда тұратын тегі түрік студент Несібе Килидж. Нью-Джерси, АҚШ.

Патерсонда тұратын тегі түрік студент Несібе Килидж. Нью-Джерси, АҚШ.

АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы ең ірі мешіттің басшысы президент сайлауына түсіп жатқан Дональд Трамптың сөзінен соң өздері жайлы өзге дін өкілдері көбірек хабардар болуы үшін белсенділік таныта бастағандарын айтады.

– Жұртшылықтың біз туралы ақпаратты Дональд Трамптан емес, біздің өзімізден білгенін қалаймыз, - деді Пассейк ауданы ислам орталығының (ICPC) президенті Омар Ауад.

21 шілдеде республикалық партия атынан президент сайлауына түсуге келісім берген Дональд Трамптың сайлау науқаны кезінде мұсылмандар туралы айтқан жағымсыз мәлімдемелері ел ішінде наразылық тудырған еді. 8 қарашада өтетін сайлауда ол демократиялық партия атынан түсіп жатқан үміткер Хиллари Клинтонға бақталас болмақ.

Трамп былтыр желтоқсанда «АҚШ-қа мұсылмандарды мүлде келмейтін етемін» деп мәлімдеген.

Бұған қоса ол былтыр мешіттерге түгел бақылау орнатуды, америкалық мұсылмандардың деректер базасын жасап, әрқайсысын арнайы тіркеуге алуды ұсынған. Оның үстіне Трамп 2001 жылғы 11 қыркүйекте «әл-Қайда» терроршылары Нью-Йорктегі дүниежүзілік сауда орталығына шабуыл жасағанда Нью-Джерсидегі мыңдаған мұсылман терактіні қуана қолдады деп жалған сөйлеген. Іргелес Нью-Йорктегі биік ғимаратта қаза тапқандардың арасында нью-джерсиліктер көп болған.

АҚШ президенттігіне республикалық партиядан кандидат Дональд Трамп.

АҚШ президенттігіне республикалық партиядан кандидат Дональд Трамп.

Нью-Джерси – мұсылмандарының саны бойынша АҚШ-та екінші орында тұрған штат. Мұнда араб елдерінен, Түркиядан, Суданнан қоныс аударған және Америка аумағында дүниеге келген мұсылмандардың үлкен қауымы бар.

Нью-Йорктен небәрі 32 километр қашықтықта жатқан Патерсон – мұсылмандар тығыз қоныстанған қалашық. Іргедегі Клифтон қалашығының білім кеңесі сайлауына алғаш рет мұсылман кандидат түсіп жатыр. ICPC мешіті маусым айында Клифтонда өзінің екінші бөлімшесін ашқан.

Екі қаланың арасындағы жолда түрлі ұлт өкілдерінің тіршілігі қыз-қыз қайнап жатады. Жол бойында түрік шаштаразы, палестиндердің кондитерлік дүкені, сириялықтардың наубайханасы, ливандықтардың хумус дәмханасы қатар орын тепкен. Мұнда қытай асханасы да, испан тілділердің дүкендері де жиі кездеседі.

Жақында қалада болғанымызда маңдайшалардың барлығында Рамазан айымен құттықтаған тілектер жазылып тұрғанын байқаған едік.

Istanbul кафесінде жұмыс істейтін 20 жастағы түркиялық Несибе Кылыч бұл жерде өзін «оқшау әлемде өмір сүретіндей» сезінетінін айтады.

Жұмыртқа мен қызанақтан жасалған «менемен» деген түрік тағамын әзірлеп жатқан ол өзі оқитын Монтклэр университетінің тұрағындағы көліктерден Дональд Трамптың жарнамасы бар стикерлерді байқағанда «өз үйіміздегі сатқындарды көргендей боламын» дейді.

– Шынымды айтсам, егер [Трамп] президент болса, онда мұнда қалмайтын да шығармын. Менің басқа барар жерлерім бар. Өз еліме қайтуыма немесе Канадаға кетуіме болады, себебі әкем сол жақта жұмыс істейді. Ол президент болса, АҚШ-ты хаос жайлайды, - деді Несибе Кылыч.

ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ

Ислам туралы жайсыз әңгіме таратқан Трамптың президент болып сайлану мүмкіндігі бар. Осыны ойлаған мұсылман қауымдастығы өзге дін өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады.

Омар Ауад 2 мыңға тарта жамағаты бар өзі басқаратын мешіт қан тапсыру, аш адамдарға тамақ беру, мұсылман еместерді мерекелік шараларға шақыру арқылы мұндай түсіндіру әрекеттерін бұрыннан жүргізіп келе жатқанын айтады.

Патерсондағы Пассейк ауданы ислам орталығының президенті Омар Ауад. Нью-Джерси, АҚШ.

Патерсондағы Пассейк ауданы ислам орталығының президенті Омар Ауад. Нью-Джерси, АҚШ.

Ал қазір олар бұрынғыдан да белсенді іс-шараларды қолға алған. Баспасөз хабарламаларын бұрынғыдан да көп таратады, мешіт жастары Нью-Йоркте «Бейбітшіліктің раушаны» деген шара өткізіп, халыққа ислам діні туралы мағлұмат беріп тұрады.

Оның үстіне мешіт әлеуметтік желіде жұмыс жүргізетін төрт адамды уақытша жұмысқа алған.

– Соңғы 25 жылда өте көп сауапты іс жасадық. Бәлкім бізге атқарған жұмысымызды дұрыс насихаттап, халыққа жеткізу керек шығар, - дейді Омар Ауад.

Оның айтуынша, Трамптың мәлімдемелері мен оның президенттіктен үміткер болуы Нью-Джерси мұсылмандарын жігерлендіре түскен.

Бесін намазы кезінде мешіттің алдында отырған Египеттен келген 55 жастағы Мона Ахмед Трамптың айтқан сөздері өзіне одан сайын қайрат бергенін айтады.

– Бұрынғыдан да зор мақтаныш пайда болды. Рас айтам. Білесіз бе, менің қызым хиджаб кимейтін. [Tрамп] мұсылмандар жайлы жосықсыз сөйлей бастағалы ол... исламға жақындай түсті, - деді Мона Ахмед.

Оның айтуынша, Трамп жеңген жағдайда Америка «үшінші әлем еліне айналады», себебі шетелден инвестиция келмейтін болады.

ТРАМПҚА ҚОЛДАУ БІЛДІРЕТІНДЕР

Бірақ Дональд Трамп жайлы аймақтағы тұрғындардың барлығы бірде бұлай ойламайды. Болгариядан келген 41 жастағы мұсылман иммигрант Елена Сербест экономикаға қатысты идеяларын қолдайтындықтан Трампқа дауыс бермек ниетте. Ол «Трамп билікке келсе, кафедегі жұмысымды тастап, жақсырақ жұмыс табатын шығармын» деп үміттенеді.

Сириядан келген 51 жастағы діні христиан бала тәрибешісі Рита Махул демократтардан әбден шаршағандықтан әрі Клинтонның сөзіне сенбейтіндіктен, Трампқа дауыс беруге ықылас танытып отыр.

– Сіз таңқалып отырған шығарсыз, себебі мен арабпын және сириялықпын. Өзгерістің болғанын қалаймын, - деді ол.

АҚШ-Ислам қарым-қатынас кеңесінің Нью-Джерси бөлімшесінің директоры Джим Сюестің айтуынша, штаттағы басқа ірі мешіттер де ICPC сияқты маңайдағы өзге дін өкілдерімен тығыз байланыс орнатып жатыр.

АҚШ республикалық партиясы съезіне қатысушылар президенттікке кандидат Дональд Трампқа қолдау білдіріп тұр. Кливленд, Огайо, 19 шілде 2016 жыл.

АҚШ республикалық партиясы съезіне қатысушылар президенттікке кандидат Дональд Трампқа қолдау білдіріп тұр. Кливленд, Огайо, 19 шілде 2016 жыл.

– Исламофобия баяғыдан бар, әрине. Бірақ, Дональд Трамп сияқты көшбасшылар... сондай сезімдерге, мұсылмандарға қырын қарауға жол ашып береді, - дейді Сюес.

Оның айтуынша, қазір кеңес мешіттен тысқары мұсылман сайлаушыларды тіркеуді қолға алып жатыр. Штаттағы мұсылман саны 200-300 мыңның айналасында.

Жергілікті деңгейдегі шаралар жемісін беріп жатыр. ICPC ислам орталығы Клифтонда бөлімшесін ашқанда оны қолдауға қалалық кеңестің мүшелері де келген. Олардың арасында Демократиялық партияның басқа діндегі өкілі Лорен Мерфи де бар.

Мешіт ашылардан бұрын олар көршілерге жеміс толы себеттер таратқан. «Бұл бір қайырлы шара болды», - дейді Мерфи. Оның айтуынша, халық «ауданда көлік көбейетін болды» деп мешіттің ашылуынан секем алған.

– Қазір бәрінің еті үйренді, - дейді Мерфи.

Патерсонның 55 жастағы тұрғыны Дэвид Рид мұсылманы көп қалада тұратындықтан Америка мұсылмандарының өмір-салтынан бір кісідей хабардармын дейді.

– Олар да мен сияқты адамдар... Трамптың кесірінен олар туралы біржақты көзқарас қалыптасып жатыр, - дейді ол.

Омар Ауадтың сөзінше, жамағат бұрын синагога болған мешіт ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, көбірек терезе салуды жоспарлап отыр. Жергілікті қауымға етене жақындай түсу мақсатында бұрыннан жоспарланып қойған бұл шаруаның Трампқа қатысы жоқ дейді ол.

– Біз Мұхаммед пайғамбардың өсиетін орындаймыз, - дейді Омар Ауад.

(Даниэлла Чеслоудың материалы ағылшын тілінен аударылды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG