Accessibility links

Кремльдің қарсыласын кім улағаны белгісіз


Ресейлік оппозиционер Владимир Кара-Мурза, 8 қаңтар 2016 жыл.

Ресейлік оппозиционер Владимир Кара-Мурза, 8 қаңтар 2016 жыл.

Ресейлік оппозиция белсендісі Владимир Кара-Мурза тергеу комитетінен өзін қасақана улаған кім екенін анықтауды сұрайды. Тергеушілер оны арыз бергеніне бір ай өткенде шақырып отыр.

Ресей оппозициясының белсендіcі Владимир Кара-Мурза 2015 жылы 26 мамырда Мәскеу орталығындағы мейрамханада Борис Немцов негізін қалаған «Парнас» партиясының өкілімен түскі ас ішіп, президент Путиннің авторитарлық режиміне қарсы тұрудың жайын пысықтаған. Бұдан соң ол оппозициядағы тағы бір әріптесі Михаил Яструбицкиймен далада кездескен. Екеуі біраз сөйлескен соң Кара-Мурза кенеттен әлсіреп, қара терге түсіп, құсып, есінен танып қала берген.

– Ол ақсаңдап әрі баяу сөйлеп қалды. Тіпті аяқ-қолын қозғай алмай қалды десе де болады. Қайта-қайта көзі жұмылып кете берген соң біз есінен танып қалмасын деп, оны сөзге тартып отырдық, - деп еске алады Михаил Яструбицкий Азаттыққа сұхбатында.

ЖҮРЕК ТАЛМАСЫ МА, ӘЛДЕ У БЕРУ МЕ?

Жедел жәрдем Владимир Кара-Мурзаны Мәскеудің 2-қалалық ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер саясаткердің жүрек талмасына ұшырағанын хабарлап, кейін қаладағы ең мықты саналатын жүрек дерті емханасының мамандары науқастың жүрегіне шұғыл операция жасау керектігін айтқан. Арада бір күн өткенде емхана дәрігерлері «Кара-Мурзаның жүрегінде ақау жоқ, сондықтан ешқандай операция жасалмайды» деп, алдыңғы пікірлерін қайта өзгерткен.

– Дәрігер оның жүрегі сау екенін, бірдеңеден қатты уланғанын айтты, - дейді Кара-Мурзаның адвокаты Вадим Прохоров.

Дәрігер оның жүрегі сау екенін, бірдеңеден қатты уланғанын айтты.

Дәрігерлердің бұлайша қарама-қайшы диагноз қойып, шатастыруы Владимир Кара-Мурзаның Ресей мен АҚШ-тағы достарын қатты алаңдатты. 33 жасында ол Ресейдегі белді оппозиялық тұлғаға айналып үлгерген. Елдегі екі бірдей либералдық партияның қолдауына сүйенген саясаткер 2003 жылы парламент депутаттығына сайлауға түсіп, жеңіліп қалған еді.

Кара-Мурза АҚШ астанасында журналист болып он жылдай жұмыс істей жүріп Ресей оппозициясы мен АҚШ-тағы ресми тұлғалардың арасында жақсы байланыс орнатуға атсалысқан. Содан кейін ол Путиннің қарсыласы, ұзақ жыл түрмеде отырып, бостандыққа шыққан соң Еуропаға кетіп, сол жақтан өкіметке қарсы күштердің басын қоспаққа ниеттеніп жатқан Михаил Ходорковскийдің «Ашық Ресей» жобасына қосылған.

Ресей оппозициясының өкілдері Борис Немцов (оң жақта) пен Владимир Кара-Мурза ұлттық баспасөз клубындағы жиында Сочи олимпиадасы кезіндегі коррупция туралы айтып отыр. Вашингтон, АҚШ, 30 қаңтар 2014 жыл.

Ресей оппозициясының өкілдері Борис Немцов (оң жақта) пен Владимир Кара-Мурза ұлттық баспасөз клубындағы жиында Сочи олимпиадасы кезіндегі коррупция туралы айтып отыр. Вашингтон, АҚШ, 30 қаңтар 2014 жыл.

Владимир Кара-Мурза жұмбақ дертке ұшырардан үш-ақ ай бұрын оның жақын үзеңгілесі әрі досы, оппозиция лидері Борис Немцовты Кремльден жүз-ақ метр жерде атып өлтіріп кеткен. Немцов Кара-Мурзаның кенже қызына өкіл әке болатын. Оның үстіне бұл екеуі АҚШ-тың Кремльді қатты ашуландырған «Магнитский актісін» қабылдауына бірге атсалысқан еді.

Жүрек дертінен сау болғанымен, Кара-Мурзаның денсаулығы күрт нашарлап, миына ісік шығып, өкпе, бүйрек, бауыр, жүрек сияқты ағзаның негізгі органдары әлсіреп кетті.

– Дәрігерлер «уланудың барлық белгілері бар, бірақ мұның қандай улану екенін, оның неден болғанын біле алмай отырмыз» деді, - деп еске алады Михаил Яструбицкий.

ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫСЫМ

Кремль қарсыластарының арасында жұмбақ жағдайда уланып, көз жұмғандар не дертке шалдыққандар көп.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері Александр Литвиненко. Мәскеу, 17 қараша 1998 жыл.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері Александр Литвиненко. Мәскеу, 17 қараша 1998 жыл.

Өзгелерін былай қойғанда, Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері Александр Литвиненконың, Украинаның бұрынғы президенті Виктор Ющенконың, журналист Анна Политковскаяның (атып өлтірілерден екі жыл бұрын «Аэрофлот» ұшағында уланған), журналист-саясаткер Юрий Щекочихиннің улану оқиғаларын айтсақ та жеткілікті.

Әдейі у берілген жағдайда Ресей басшылығы Владимир Кара-Мурзаның дұрыс ем қабылдауына мүмкіндік бере қоймас деп қорыққан оның жақтастары мен АҚШ-та тұратын зайыбы Евгения саясаткерді тезірек шетелге алып кету үшін Мәскеуге дипломатиялық қысым жасауға бар күшін салды.

Владимир Кара-Мурза Ресеймен қоса Ұлыбританияның да азаматы болғандықтан, жақындары Мәскеудегі британ диполматтары арқылы Кремльге ықпал етуге тырысты. АҚШ мемлекеттік департаменті де бұл іске жіті назар аударып, бірнеше рет мәлімдеме жасады. Евгения Кара-Мурза ахуалы нашарлап бара жатқан күйеуін Еуропадағы не Израильдегі клиникалардың біріне медициналық жолмен эвакуациялауды табанды түрде талап етумен болды. Ол 29 мамырда Мәскеуге ұшып келгенде дәрігерлер Владимир Кара-Мурзаның тірі қалу мүмкіндігі бес-ақ пайыз болғандықтан, оны тасымалдау өте қауіпті деген қорытынды жасады.

ДӘРІГЕРЛЕР ҚОЙҒАН ДИАГНОЗ

Артынша Мәскеудегі дәрігерлер Владимир Кара-Мурза «циталопрам атты антидепрессанттан уланған» деген алдын-ала қорытынды шығарды. Саясаткер бірнеше жылдан бері кең таралған осы дәріні ішіп келіпті. Бұл хабарды іліп әкеткен кремльшіл ақпарат құралдары «Кара-Мурза өзі ішіп жүрген дәріден уланыпты» дегенге елді сендіруге тырысып бақты.

Евгения дәрігерлердің бұл тұжырымына таң қалды. Оның айтуынша, күйеуі дәрінің мөлшерін ешқашан арттырмаған әрі ол препарат қауіпсіз дәрілер қатарына жатады.

Ал дәрігерлер болса, оның бүйрегінде дерт болып, соның кесірінен әлгі дәрі ағзасында белгілі бір элементтердің көлемін күрт арттырып жіберген болуы, немесе циталопрам аллергияға қарсы спреймен реакция тудыруы ықтимал деген де болжамдар жасады. Бірақ токсикологтар ол қабылдаған дәрілердің ешқайсысы бір-бірімен қайшы келуі мүмкін емес деген қорытындыға келді.

Владимир Кара-Мурза әйелі Евгениямен.

Владимир Кара-Мурза әйелі Евгениямен.

Евгения күйеуінің неден уланғанын жан-жақты тексеруді өтінгенімен, дәрігерлер оның сөзіне құлақ аса қоймаған.

– Олар көбіне «мұның емге еш қатысы жоқ, уланудың қай түрі болса да, ем түрі бірдей болады» дегенді қайталай берді, - дейді Кара-Мурзаның зайыбы.

Евгения Кара-Мурза тәуелсіз токсикологиялық сараптама жүргізу мақсатында күйеуінің қан, зәр, шаш, тырнақ үлгілерін алуды да талап еткен. Бірақ, «белгісіз себептермен Ресей дәрігерлері бұған үзілді-кесілді қарсы болды, бірақ неге екенін айтпады», - дейді ол. Ақыр соңында Владимир Кара-Мурзаның ағзасынан биологиялық белгілерді алып, Франциядағы Pascal Kintz лабораториясына жөнелтудің сәті түседі. Осыдан ондаған жылдар бойы «Новая газетаның» журналисі Юрий Щекочихиннің мәйіті осы жерден зерттелген.

Дегенмен лаборатория Кара-Мурзаның неден уланғанына қатысты ешқандай нақты тұжырым жасай алмады.

«ҚАЙТА ТІРІЛГЕН» НАУҚАС

Владимир Кара-Мурзаның отбасы мен достары дәрігерлердің дерттің себебін анықтауға тырыспай отырғанына кейігенімен, медициналық көмектің сапасына көңілдері толады.

31 мамырда дәрігерлер пациенттің «ғажап түрде» қайта тіріле бастағанын хабарлады.

Денесінің сол жақ бөлігінің жүйке клеткалары толық қалпына келмеген ол әлі таяққа сүйеніп жүреді.

Бірнеше күннен соң Владимир Кара-Мурза көзін ашып, туыстарын тани бастады. Денсаулығы біртіндеп жақсарған ол Михаил Ходорковский арнайы жалдаған ұшақпен шілденің 5-інде Вашингтонға бала-шағасының қасына ұшып барды.

Азаттық тілшісіне сұхбатында Владимир Кара-Мурза Ресей дәрігерлерінің еңбегіне алғыс білдіре отырып, олардың «циталопрам дәрісінен уланды» деген қорытындысымен келіспейтінін айтты.

Ауыр дерттен айыққалы сегіз айдың жүзі болса да, Владимир Кара-Мурзаның денесінің сол жақ бөлігінің жүйке клеткалары толық қалпына келмеген, ол әлі таяққа сүйеніп жүреді. Дәрігерлер оған «биыл құлан-таза айығып кетесіз» депті.

ТЕРГЕУ КОМИТЕТІНЕ АРЫЗДАНУ

11 желтоқсанда адвокаты Вадим Прохоровпен бірге ол Ресей тергеу комитетіне өзін қасақана улап өлтіру әрекетін тергеуді сұрап өтініш берді.

– Мені қасақана улап өлтірмек болғандарына және мұның менің саяси әрекеттеріме байланысты екеніне шүбәм жоқ. Мен дені сап-сау 33 жастағы жігіт болатынмын. Аяқ астынан барлық негізгі органдарым 24 сағаттың ішінде бірінен соң бірі істен шыға бастады, бұл – жайдан жай болатын нәрсе емес, - деді Владимир Кара-Мурза.

Ресей оппозициясы лидері Борис Немцов Сергей Магнитскийдің суретін ұстап, наразылық акциясында тұр. Мәскеу, 21 наурыз 2012 жыл.

Ресей оппозициясы лидері Борис Немцов Сергей Магнитскийдің суретін ұстап, наразылық акциясында тұр. Мәскеу, 21 наурыз 2012 жыл.

Жұмбақ дертке ұшырар алдында оған ешкім қоқан-лоқы жасамапты. «Бұл – «Ашық Ресей» қоғамымен жұмыс істегенім үшін, Ходорковскийге «дұғай сәлем» айту үшін арнайы жасалған әрекет» деп күдіктенеді ол. «Немесе бұл – әйгілі «Магнитский ісі» бойынша белсенді әрекетім үшін «кек алу» шарасы болуы ықтимал» дейді саясаткер.

Тергеу комитеті Владимир Кара-Мурзаның улануына қатысты қылмыстық іс қозғай ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. Комитет баспасөз хатшысы Владимир Маркиннің кекесінге толы жауаптарына қарағанда, іс қозғала қоймайтын сияқты.

Азаттық тілшісіне «қитұрқы сұрақ» қойдыңыз деп жекіген ол «адамдар Батыстан импортталған сапасыз азық-түлік пен сусыннан уланып жатқанда бір уланған адамға қатты мән бересіз» деп кейіс білдірді.

– Жұрт шотланд вискиінен ауырып, тіпті өліп кетіп жатыр. Ал сіз тірі қалған бір адамның жайына алаңдап отырсыз. Кара-Мурза деген кім, күн сайын түрлі себептермен Англияда, Америкада, Еуропада қайтыс болып жатқандар кімдер? Әйелдерге жасалатын әлімжеттікпен күреспей отырған неміс полициясының салғырттығы сізді неге алаңдатпайды? – деді Владимир Маркин 12 қаңтарда.

Әйткенмен, 15 қаңтарда Тергеу комитеті Мәскеу бөлімшесінің тергеушілері қылмыстық іс қозғау туралы арыздың жай-жапсарын талқылау үшін Владимир Кара-Мурзамен кездесуге ниет танытқан. Бұл туралы оның адвокаты Вадим Прохоров хабарлады.

РЕСЕЙГЕ ОРАЛУ

Кара-Мурза келесі аптада Мәскеуге сапарында комитет өкілдерімен кездесіп, барлық қажетті ақпаратты беретінін айтты. Дегенмен, оның бұл істің алға жылжитынына күмәні бар.

– Ақпаратты тексеруді бастаудың өзіне бір айдан кейін ғана кіріскеніне, әрі істі аудандық деңгейге бергеніне қарағанда, олар бұған мүлде маңыз бермей отырған сияқты, - деді ол.

Владимир Кара-Мурза (ортада оң жақта) мен Геннадий Гудков қастандық құрбаны болған ресейлік оппозиция лидері Борис Немцовты ақтық сапарға шығарып салған қаралы шеруде. Мәскеу, 1 наурыз 2015 жыл.

Владимир Кара-Мурза (ортада оң жақта) мен Геннадий Гудков қастандық құрбаны болған ресейлік оппозиция лидері Борис Немцовты ақтық сапарға шығарып салған қаралы шеруде. Мәскеу, 1 наурыз 2015 жыл.

Владимир Кара-Мурзаның айтуынша, Путиннің саяси жауларына қарсы қылмыстық істерді бұдан жоғарырақ деңгейдегі тергеушілер қарайды. «Яғни, Тергеу комитеті үшін оппозиция мүшесін өлтіргісі келгендердің ісінен гөрі Кремль оппоненттеріне қарсы саяси астары бар істердің маңызы жоғары», - дейді саясаткер.

Ресейге қайтып оралған соң ол «Ашық Ресей» ұйымымен жұмысын жалғастырып, қыркүйекте өтетін парламент сайлауына дайындала бермек.

– Уланғаннан кейін мен сөйлескендердің барлығы «Ресейге барма, ол жұмысыңды қой» деп кеңес берді. Бірақ, мен үшін бұл – принцип мәселесі. Мен өзімді дұрыс жолда жүрмін деп санаймын. Сондықтан, ешқайда қашпаймын. Бұғып қалар ойым жоқ, - деді Владимир Кара-Мурза.

Күйеуінің Ресейге оралу жоспарына көзқарасын сұрағанымызда зайыбы Евгения біраз ойланып қалды.

– Бірдеңе деу қиын. Біздің үш баламыз бар, әрі ол менің – өмірімнің мәні. Екінші жағынан, көп жыл бұрын оған тұрмысқа шыққанымда-ақ оның өткен өмірі осындай болатын. Бұл тұрғыдан ештеңе өзгерген жоқ. Қатер бар екенін әрдайым сеземіз, Ақпандағы Бористің [Немцовтың] қазасынан соң бұл қауіп анық байқала бастады... Бірақ Влад өз ісіне құлай берілген, - дейді Евгения Кара-Мурза.

(Карл Шрек пен Том Бэлмфорттың материалы ағылшын тілінен аударылды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG