Accessibility links

Будапештте күрмеуі көп Nabucco жобасы талқыланды


Nabucco құбырының картасы.

Nabucco құбырының картасы.

Еуропа ресмилері мен қаржыгерлер және энергия тасымалдаушылар Венгрия астанасы Будапештте кездесіп, Nabucco жобасын талқылады. Ұсынылып отырған бұл құбыр арқылы Ресей мен Украина сияқты елдерді айналып өтіп, табиғи газ Таяу Шығыс пен Каспий теңізі аймағынан Еуропаға тасымалдауға мүмкіндік туар еді.


Қаңтар айында Мәскеу мен Киев арасында орын алған газ дауынан кейін Еуропа елдері балама энергия жолдарын іздестіруде. Бірақ Nabucco жобасын жүзеге асыру үшін, алдымен қаржыландыру мен тасымалдау мәселелері сияқты көптеген сауалдар шешілуі тиіс.

Шығыстағы Каспий аймағынан бастап, Таяу Шығыс пен Еуропа Одағына дейінгі мемлекеттер Nabucco жобасы қалай шешілетініне алаңдаулы.

Венгрия үкіметі Nabucco құбыры жобасына қатысты халықаралық конференцияны ұйымдастырды. Ұсынылып отырған бұл құбыр арқылы Каспий мен Таяу Шығыс аймақтарынан Еуропаға газ импортталмақшы.

Қаңтар айында Ресей мен Украина арасында орын алған газ дауына байланысты Еуропаға газ тасымалы шамамен екі аптаға тоқтап қалған болатын. Осыдан кейін Еуропа басшылары газ тасымалының балама жолдарын зерттеуге шақырды. Бұл екі арада Nabucco жобасының маңыздылығы байқала бастағандай болды.

Nabucco құбыры арқылы Еуропаға жылына 31 миллиард текше метр газ тасымалданады деп жоспарланып отыр. Бұл Еуропа мұқтаждығының 10 пайызға жуығын құрайды бірақ, шын мәнінде, бұл Еуропаның газ мәселесіне келгендегі Ресейге деген тәуелділігін әлсіретуі мүмкін.

Ұзындығы 3,300 шаршы метр болатын Nabucco құбыры Түркияның шығысынан басталып, Болгария, Румыния және Венгрия елдері арқылы Австрияға дейін созылмақ. Басында газ тікелей Каспий теңізінің батысындағы Әзірбайжаннан келеді деп жоспарланған болатын.

Кейін бұл жобаға Каспий аймағының шығысынан Түркменстан мен Қазақстан елдері, сондай-ақ, бірқатар Таяу Шығыс мемлекеттері қосылуы мүмкін. Nabucco ресмилері тіпті саяси алаңдаушылықтарға қарамастан, Иран мен Ресейді де тасымалдаушы елдер ретінде қарастырып отыр.

Бұл жоба 2013 жылы аяқталуы тиіс. Алайда құбырдың бір бөлігі де әлі салынбады. Басында Nabucco жобасына шамамен 4.4 миллиард еуро қажет делінген еді бірақ таяуда бұл есептеулер екі есеге көбейтілді.

Сейсенбі күнгі конференция Nabucco жобасы үдерісінің дереу басталуына бағытталған. Будапешттегі жиынға Австрия, Румыния, Германия елдерінің жоғары лауазымды өкілдері мен Түркияның энергетика министрі Хилми Гулер, сондай-ақ, Болгария премьер-министрі Сергей Станишев қатысуда.

Сонымен қатар, конференцияға жиналғандардың арасында Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев жетекшілігіндегі делегация мен Қазақстан, Түркменстан, Ирақ, Мысыр, Грузия мемлекеттерінің ресмилері де бар.

Конференцияға, сондай-ақ, Еуропа Одағы төрағалығындағы Чехия премьер-министрі Мирек Тополанек, ЕуроОдақтың энергетика бойынша комиссары Андрис Пибалгс, Еуропалық даму және қайта құру банкі президенті Томас Мироу, Еуропаның Инвестиция банкі президенті Филип Майстадт, АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Мэтью Брыза және Nabucco жобасының бас директоры Рейнхард Митшек қатысып отыр.

Будапешттегі жиынға қатысушылардың көбі екі сұраққа жауап іздеп көруде: Бұл жобаны іске асыру үшін қаржы табыла ма? Газ жеткілікті ме?

Еуропа елдерінің жоғары лауазымды өкілдері мен аталған еуропалық банктердің жетекшілері бұл жобаны қаржыландыруға көмектесуге дайын екендіктерін айтып отыр. “Осыған байланысты біз әлі керекті мәліметтерді жинауымыз керек”, - деді Еуропаның Инвестиция банкі президенті Филип Майстадт Рейтерс ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Газ тасымалдаушы елдер де Nabucco жобасына үлкен қызығушылық танытып отыр. Олардың қатарында Әзірбайжан да бар. Бірақ Түркменстан бұлыңғыр міндеттемелер ұсынуда. Ал Қазақстан Nabucco жобасына қатыса ма жоқ па, бұл белгісіз болып тұр.

Каспий аймағындағы аталған үш мемлекет көгілдір отынын Ресей құбырлары арқылы экспорттай алады. Түркменстан мен Қазақстан ұзақ мерзімді мұндай келісім-шарттарға қол қойған.

Nabucco құбырының салынуы нақты белгілі болғанға дейін, бұл үш ел Ресеймен арадағы қарым-қатынастарына зиян келтіріп алғысы келмейді.

Бұған қоса, тағы бір мәселе бар. Егер Түркменстан мен Қазақстан Nabucco жобасына қосылатын болса, қосымша құбыр салынуы тиіс. Будапешттегі конференцияға қатыспаған Ресей мен Иран бұған қарсылық танытуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG