Accessibility links

НАТО-Ресей шарты келмеске кетті ме?


НАТО жаттығуына қатысып жатқан Литва жауынгерлері. Ресей Шығыс Еуропада НАТО әскерінің көбеюінен қауіптенеді. (Көрнекі сурет)

НАТО жаттығуына қатысып жатқан Литва жауынгерлері. Ресей Шығыс Еуропада НАТО әскерінің көбеюінен қауіптенеді. (Көрнекі сурет)

Ресей Украинаға соқтығуын қояр емес, ал АҚШ Шығыс Еуропаға танкілері мен ауыр қару түрлерін қайта орналастыруы мүмкін. Осыған қарағанда қырғиқабақ соғысқа нүкте қойған НАТО-Ресей келісімі күшін жойды деуге болатын сияқты.

1997 жылы Ресей мен НАТО ынтымақтастық туралы тарихи келісімге қол қойғанда ресми тұлғалар мұны «Қырғиқабақ соғысты келмеске кетірген тарихи оқиға», «ақылдың жеңісі» деп бағалап, «бұл - шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын жаңа еуропалық әріптестік келісімі» деп мәлімдеген.

Арада 20 жыл өткенде Мәскеу Украинаға басып кірді, ал әскери альянс (НАТО) шығыс шебіндегі қорғанысты нығайтуға кірісті. Демек НАТО мен Ресейдің «негізгі шарты» бұл күнде күшін жойды деуге болады. АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Стивен Пайфер Азаттыққа:

– Іс жүзінде бұл келісім жұмыс істемей тұр десе де болады, - деді.

ӨЗАРА КІНӘЛАСУ

2014 жылы наурыз айында Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап, Украинаның шығысында үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасында қақтығыс басталғалы екі тарап бір-біріне ауыр айыптар тағып, екі арада күмән-күдік, сенімсіздік көбейді.

НАТО Ресейді «келісім қағидаларын аяққа таптап, Украинаға басып кірді» деп айыптап, Балтық бойында және Шығыс Еуропадағы қорғанысын күшейте бастады. Кезінде Совет Одағының ықпалында болған бұл елдер Мәскеудің басқыншылық саясатынан тіксініп отыр.

Ресейшіл сепаратистердің Жеңіс күні мерекесіне (9 мамыр) арнап әзірлеген әскери техникасы. Украина, Донецк, 5 мамыр 2015 жыл.

Ресейшіл сепаратистердің Жеңіс күні мерекесіне (9 мамыр) арнап әзірлеген әскери техникасы. Украина, Донецк, 5 мамыр 2015 жыл.

Мәскеу «НАТО-ның алаңдауына негіз жоқ» дейді әрі альянстың шығыстағы мүшелері аумағына әскер орналастыруы НАТО-Ресей тарихи келісімінің шарттарын бұзады деп санайды.

Осы аптада The New York Times басылымы «Вашингтон Балтық бойы және Шығыс Еуропа елдеріне танкілер мен ауыр қару әкелмекші» деген ақпарат таратқан соң Ресей АҚШ-ты «келісімнің негізгі талаптарына қайшы әрекет етті» деп айыптады.

Газет маусымның 13-і күнгі санында «Латвия, Литва, Эстония елдеріне әскери жабдықтары бар 150-ге тарта сарбаздан тұратын топтың, ал Польша, Румыния, Болгария, бәлкім Венгрияға 750 сарбаздың орналастырылатынын» жазған.

Маусымның 15-і күні Ресей сыртқы істер министрі «Барлық жағынан қарағанда, АҚШ өзінің одақтастарымен бірлесіп, аталған елдерде тұрақты шабуылдаушы әскерін орналастырмауға міндеттеме алған 1997 жылғы Ресей-НАТО шартының талаптарын бұзуға кіріскені байқалады» деп мәлімдеді.

«ҮЛКЕН КӨЛЕМ» ТУРАЛЫ ПІКІРТАЛАС

НАТО басшылығы Ресеймен әріптестік шартын бұлжытпай орындап отырмыз деп мәлімдесе, альянстың кейбір мүшелері «Мәскеудің Украинаға жасаған шабуылынан соң бұл шарттың «үлкен көлемдегі тұрақты шабуылдаушы күштерді қосымша орналастыруға тыйым салған» бабының мәні кетті» деп санайды.

Альянстың шығыстағы мүшелері «әскери күштерді ротация жолымен алмастырып отыру тұрақты түрде орналастыруға жатпайды, оның үстіне олардың саны НАТО-Ресей шартында көрсетілген «үлкен көлемдегі әскер» межесіне жетпейді» деген пікір айтады.

Ал Ресей «НАТО басшылығы бұл шартта көрсетілген «үлкен көлемдегі шабуылдаушы күш» деген тіркестің нақты мәнін әлі анықтап айтқан жоқ» дейді.

Мәскеудегі АҚШ елшілігінің бұрынғы әскери атташесі Кевин Райанның айтуынша, «үлкен көлемдегі әскер» дегенді Кремль «кез келген әскер түрі» деп түсінеді.

Райан Азаттыққа «Соңғы екі кездесуде, әсіресе наурызда өткен кейінгі басқосуда ресейліктер шекараға таяу маңда НАТО әскерінің көбеюін қауіп санайтындарын, Ресейдің оған төзбейтінін айтқан» дейді.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей, Украина және Еуразия бөлімінің бұрынғы директоры Стивен Пайфер.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей, Украина және Еуразия бөлімінің бұрынғы директоры Стивен Пайфер.

НАТО-Ресей келісіміне қол қойылған тұста АҚШ президенті Билл Клинтон әкімшілігінде ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей, Украина және Еуразия бөлімі директоры қызметін атқарған Пайфердің айтуынша, құжатты әзірлеу кезінде альянс (НАТО) мүшелері «үлкен көлемдегі шабуылдаушы күштер» деген тіркестің мағынасын өз ішінде айқындап алған, ал The New York Times газетінде жазылған әскер саны белгіленген межеден әлдеқайда төмен. Дегенмен Пайфер «үлкен көлемді әскердің» нақты саны қанша болатынын ашық айтпады.

– НАТО Ресейге бұл меженің қанша екенін ешқашан ашық айтпағандықтан, ресейліктер НАТО-ның іс-әрекетінің бәрін «үлкен көлемдегі әрекет» деп қабылдайды. Бірақ альянс мүшелері өз ішінде Орталық Еуропа және Балтық бойы елдеріне көбірек әскер кіргізу үшін негізгі шартқа ешқандай өзгерістер енгізілмеу керек деген мәмілеге келген, - деді Пайфер.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест маусымның 15-і күні «әскер орналастыру» жобасының жаңадан талқылана бастағанын айтып, «НАТО одақтастары өз жерін тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн қорғайтынын ескерткім келеді. Біз қырағылықты күшейте береміз» деген.

Биылғы ақпанда НАТО қорғаныс министрлері Болгария, Эстония, Латвия, Литва, Польша және Румынияда алты әскери басқарма орталығын құруға және дағдарыс болған жағдайда екі тәулік ішінде жиналып үлгеретін 5 мың жауынгерлік шеп жасақтауға уағдаласқан.

Сонымен бірге олар альянстың шұғыл әрекет күштерінің санын 13 мың адамнан 30 мыңға дейін арттыру керек деп ұйғарған. Бұл процесті НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг «Қырғиқабақ соғыс аяқталғалы бергі ұжымдық қорғанысты жұмылдырудың ең ауқымды шарасы» деп атаған.

«ЛА-ЛА» ЕЛІ

Батыстың кейбір саяси тұлғалары, сарапшылары мен ресми өкілдері Ресейдің Еуропа шекарасын қайта қарауы НАТО-Ресей шартын «геосаясаттағы ескінің қалдығына айналдырды» деп санайды.

Құжаттың екінші тармағында «НАТО мен Ресей бірін-бірі жау деп санамайды» деп жазылған. Бірақ шарттың соңына таман «тараптар қазіргі және болжап білуге болатын қауіпсіздік жағдайында» «үлкен көлемдегі тұрақты шабуылдаушы күштерді қосымша орналастырмайды» деген сөйлем бар.

Өз елінде НАТО-ның тұрақты әскери базасын орналастыруды жақтап жүрген Эстония президенті Тоомас Хендрик Ильвес тамыз айында Twitter-де «1997 жылдан бері қауіпсіздік ахуалы өзгерген жоқ деп санайтындар «Ла-ла» елінде өмір сүреді» деп жазды.

АҚШ президенті Барак Обама да былтыр «бұл шартқа мәжбүрлі түрде қол қойылғалы бері жағдайдың өзгергені анық» деген пікір айтқан. Ал НАТО бас хатшысы Столтенберг маусымның 16-сы күні Брюссельде журналистерге «өзгерген, жаңа қауіпсіздік ахуалына және Ресейдің Украинадағы белсенді әрекеттеріне жауап ретінде біз альянсымыздың шығыс бөлігіндегі әскерін көбейтеміз» деді.

«The New York Times басылымында айтылған өзгерістер НАТО-Ресей шартына қайшы келмей ме?» деген сұраққа Столтенберг «Біздің іс-әрекетіміздің ешқайсысы халықаралық міндеттемелерімізге қайшы кілмейді» деп жауап берді.

Столтенберг «НАТО-ға мүше елдер қорғаныс министрлері келесі аптада өтетін саммитте түрлі ұсыныстарды АҚШ қорғаныс министрі Эш Картермен талқылайды» деген.

Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG