Accessibility links

Ауған үкіметі НАТО әскері кеткеннен кейінгі қауіпсіздікке күмәнмен қарайды


АҚШ-та өтіп жатқан НАТО саммиті. Чикаго, 21 мамыр 2012 жыл.

АҚШ-та өтіп жатқан НАТО саммиті. Чикаго, 21 мамыр 2012 жыл.

Economist («Экономист») журналы мамырдың 25-інде Чикагодағы НАТО саммитінің жұмысы жайлы мақала басты. Автордың айтуынша, Батыс Ауғанстан қауіпсіздігін талқылаған. Бірақ, Ауғанстан басшылары Батыс әскері кеткен соң елде тыныштық орнайды дегенге сенбейді.


Басылымның жазуынша, бұл жолғы саммиттің талқылайтын мәселесі көп болған. Чикагодағы саммитте НАТО мүшелері Ауғанстандағы әскерін мейлінше тыныш жолмен алып шығу жоспарын пысықтаған. Жұмсартып айтқанда, бұл жоспар «Ауғанстанның өз қауіпсіздігін өз қолына өткізіп беру» деп аталады.

«ЗАРДАРИДІҢ САУДАСЫ»

«Одақтастардың одан да басқа «тиімді қорғаныс» деп атауға болатын тағы бір маңызды мәселесі бар» деп жазады басылым. Батыс бұл жоспар бойынша саяси жағынан қолайсыздау әріптестерінің үміттерін сыпайы ғана ысырып тастап (Ресейді ашуландырмауға тырыса отырып), Еуропаның баллистикалық қорғаныс жүйесіне көбірек міндет жүктеген еді. Мақала авторының зерттеуінше, қазір «Талибан» және оның жақтастарымен болып жатқан 10 жылдық соғыстан абыроймен шығып кету - НАТО үшін ең басты мәселеге айналды.
Пакістанның қорғаныс кеңесінің жетекшілері НАТО әскерін Пәкістан арқылы өткізуге қарсы шығып тұр. Карачи, 27 мамыр 2012 жыл.

Пакістанның қорғаныс кеңесінің жетекшілері НАТО әскерін Пәкістан арқылы өткізуге қарсы шығып тұр. Карачи, 27 мамыр 2012 жыл.


Басылымның жазуынша, НАТО-ға бұл жоспарын жүзеге асыру оңай емес. Себебі, НАТО әскерін Еуропамен жалғап жатқан «Оңтүстік жолы» Пәкістан арқылы өтеді. 2011 жылы қараша айында АҚШ ұшақтары қателесіп Пәкістанның 24 жауынгерін әуеден атып түсірген. Осы қайғылы оқиғадан соң, Пәкістан үкіметі бұл жолды жауып тастады.

Автордың дерегі бойынша, Батыс Пәкістан президенті Азиф Әли Зардариді «Пәкістан жері арқылы жүк көліктерін өткізуге рұқсат беретін шығар» деген үмітпен келіссөзге шақырған. Алайда Әли Зардари «АҚШ үкіметі қаза болған сарбаздар үшін кешірім сұрасын. Әрбір жүк көлігін өткізгені үшін 5 мың доллар төлесін. Ауғанстанға Пәкістан арқылы пилотсыз ұшақтар ұшыруды тоқтасын» деген талаптар қойған. АҚШ президенті сарбаздар қайғысына ортақтасып көңіл айтқанмен, кешірім сұраған жоқ. НАТО «Әрбір көлікке 5 мың емес 500 АҚШ долларын төлейміз» деген.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон (оң жақта) мен Пәкістан президенті Асиф Али Зардари (сол жақта) НАТО саммитінде. АҚШ, Чикаго, 20 мамыр 2012 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон (оң жақта) мен Пәкістан президенті Асиф Али Зардари (сол жақта) НАТО саммитінде. АҚШ, Чикаго, 20 мамыр 2012 жыл.


Мақала авторы Пәкістан президентінің бұлайша саудаласуына қынжыла отырып, «Бұл жайт оның келіссөз жүргізе алмайтын әлсіздігін және жалпы пәкістандықтарға тән анти-америкалық көңіл-күйін білдіреді» деп жазады. «Бұл жолы НАТО-ға «Оңтүстік жолы» әскерді қамтамасыз ету үшін емес, 2014-ші жылдың соңына қарай құрал-жабдықтарын алып, елден біржола шығып кету үшін керек» дейді автор.

Economist-тің жазуынша, НАТО-ның Ауғанстаннан кету жоспары үш тарапқа да анық болуы керек.

ҮШ ТАРАП: САЙЛАУШЫЛАР, АУҒАН ХАЛҚЫ, АУҒАН ҮКІМЕТІ

Бірінші - Обама мен Еуропа Одағы басшылары соғыстың ауырлығы мен тиімсіз шығыны туралы дәлелдер келтіріп, сайлаушыларын барынша сендіруге тырысып жатыр. Қазір олардың көпшілігі «Ауғанстандағы әскерді әкету керек» дегенді жақтап отыр.
Франция президенті Франсуа Холланд Ауғанстандағы француз жасағын қарап шықты. 25 мамыр 2012 жыл.

Франция президенті Франсуа Холланд Ауғанстандағы француз жасағын қарап шықты. 25 мамыр 2012 жыл.


Екінші - НАТО басшылары «Ауғанстан халқын біржола қиындыққа тастап кетпейміз» дейді. Себебі, ауғандықтар «Талибан» режимінің қайта орнауынан қауіптенеді. «2014 жылдан соң да әлем сендерді азамат соғысына қалдырып кетпейді. Мұндай оқиға 1989 жылы Совет Одағы әскері Ауғанстаннан кеткенде болған» деген уәждер айтылған.

Үшінші - Батыс «НАТО әскерінің басым көпшілігі елден кеткенімен, Кабулдағы үкімет әскеріне қажетті жәрдем беру жалғаса береді» деп ескертті.

АУҒАНСТАНДА 20 МЫҢ ЖАСАҚ ҚАЛАДЫ

Осы мақсатта АҚШ пен НАТО-ның басқа 27 мүшесі 2010 жылы «Лиссабон саммитінде» қабылданған жоспарларды өзгертуге келісті. Болашақта қауіпсіздік мәселесін Ауғанстан үкіметінің өз қолына өткізіп беру жоспарланған. Ауған үкіметі алдағы 18 айда Батыстың көмегін пайдаланып, қауіпсіздік мәселесін жетілдіріп алуы тиіс.
Ауғанстандағы НАТО әскері. 24 мамыр 2012 жыл.

Ауғанстандағы НАТО әскері. 24 мамыр 2012 жыл.


Автор мақаланың соңына қарай болашақта Ауғанстанның қауіпсіздік саласына бөлінетін қаржылай көмек жайлы нақты деректерге сүйене отырып, бұл елдің келешектегі қауіпсіздігіне болжам жасаған. Дерек бойынша, Ауғанстанда үкімет әскеріне соғыс жүргізу тәсілдерін үйрететін НАТО-ның арнайы 20 мың жасағы қалады. Президент Обама «Талибан» толық жеңілді деп айтпаса да, «Жолдар қауіпсіз болмақ» деп мәлімдеді.

Алайда Ауғанстан үкіметінің басшылары бұл елдегі қауіпсіздіктің болашағына күмәнмен қарайды. Себебі, олар «Қауіпсіздік жоспары әлі толық жетілмеген» деген пікірде» дейді басылым.
XS
SM
MD
LG