Accessibility links

НАТО басшысы Ауғанстан үкіметіне сенім артады


НАТО Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен. Брюссель, 19 мамыр 2014 жыл.

НАТО Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен. Брюссель, 19 мамыр 2014 жыл.

Андерс Фог Расмуссен Азаттыққа ауған сайлау комиссиясының әділдігі мен үкімет жасақтарының бейбітшілікті сақтай алатынына сенетінін айтты. Ол «Талибанмен» келіссөзді Кабул жүргізуі керек дейді.

Азаттық: - Ауғанстан мен АҚШ арасында екіжақты қауіпсіздік келісімі (Bilateral Security Agreement) мен қорғаныс күштерінің мәртебесі туралы құжаттарға (Status of Forces Agreement) әлі қол қойылған жоқ. Ирак үкіметінің осы тақілеттес құжаттарға қол қоюдан бас тартқаны белгілі. Қазір Ирактың дағдарысқа ұшырағанын білесіз. Ауғанстан да осы соқпаққа түсіп кетпей ме?

Расмуссен: - Ирак пен Ауғанстанның әжептәуір айырмашылығы бар, оның үстіне өз басым ауған қауіпсіздік күштері елдегі бейбітшілік үшін жауапкершілікті толық өз мойнына алады деп сенемін.

Соған қарамастан, біз "Ирак тәжірибесін" де ұмытпауымыз керек. Есіңізге сала кетейін, халықаралық күштермен ынтымақтастықты тоқтату, қауіпсіздік келісіміне қол қоймау арқылы Ирак қарулы күштерін машықтандыруды тоқтату туралы шешім шығарған Ирак үкіметі бұл таңдауды өзі жасаған.

Осы жайтты ескере отырып, Ауғанстан қауіпсіздік күштерін оқыту-жаттықтыру миссиясын ашу үшін шұғыл түрде заңдық негіз қалыптастыруымыз керек. Мұны 2015 жылы қаңтардың 1-і күні бастаған абзал болар еді.

Дауыс беріп жатқан Ауғанстан азаматы. Кабул, 14 маусым 2014 жыл.

Дауыс беріп жатқан Ауғанстан азаматы. Кабул, 14 маусым 2014 жыл.

Азаттық: - Қазір Ауғанстанда президент сайлауының нәтижесіне қатысты дау-дамай басталды. Соның кесірінен жаңа президентті ұлықтау рәсімі бірер аптаға, тіпті бірер айға шегерілуі мүмкін. Демек АҚШ-пен арадағы екіжақты қауіпсіздік келісіміне қол қою да кейінге ысырылады деген сөз. Бұл келісімге ауған халқы емес, биліктен кетіп бара жатқан президент Хамид Карзай қарсы болып отыр. Егер қауіпсіздік туралы келісімді бүкіл халық қолдап, оған тек бір ғана адам қарсы болса, мұның соңы не болмақ?

Расмуссен: - Келісімге қол қойылады деген үмітім зор. Бірақ ол үшін, әрине, ең алдымен сайлау процесінің уақытында аяқталғаны, дауыстарды санаудың тым созылып кетпеуі қажет.

Ауғанстанның сайлау органдары өз жұмысын жедел аяқтайтынына сенемін. Бірақ сайлау нәтижесінің сайлаушылардың көзқарасын шынайы түрде, бұрмаламай көрсеткені керек.

Азаттық: - «Талибанмен» келіссөздердің болашағы қалай болмақ?

Расмуссен: - Өз басым «Талибанның» саяси процеске бейбіт түрде араласу ниетінің адалдығына күмәнмен қараймын. Біз әу бастан-ақ ойымызды ашық білдіргенбіз. Яғни, елдегі саяси және бітімгершілік процестерінің барлығын ауғандардың өздері басқаруы тиіс.

Біз ауған үкіметінің бұл іске қатысты қатаң позиция ұстанғанын қалаймыз. Егер ауған үкіметі «Талибанмен» мәмілеге келемін десе, өз шаруасы. Ауған басшылары саяси процесті «Талибанмен» бірігіп жүргізгісі келсе, ол да Ауғанстан билігінің өз шешімі деген сөз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG