Accessibility links

Мүгедек әйелдердің республикалық «Бибі Ана» қоғамы Қазақстан президенті мен оның отбасына үндеу жасады. Оған соңғы 15 жыл бойы қоғамдық ұйым отырып келген ғимарат себеп болды.

Алматыда Абай және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан 12 қабат ғимаратты 2004 жылы қаланың сол кездегі әкімі Виктор Храпунов «Алматыгаз» акционерлік қоғамына тегін берген, бірақ құжат түрінде заңдастырылмаған. 2006 жылы «Алматыгазды» өзінің еншілес компаниясы арқылы «ҚазМұнайгаз» ұлттық компаниясы сатып алған. Ал, тағы екі жылдан соң «ҚазМұнайгаз» ондаған млн. долларға бағаланған көлемі 8,5 мың шаршы метрге жуық ғимаратты толықтай жеке меншіктегі «Алматыинженеринг» компаниясына 2 миллион долларға қайта сатады.
«Алматыинженеринг» компаниясы «Меркурий» акционерлік қоғамының еншісінде. Енді қордан ғимаратты босатуды талап етіп отырған «Меркурий» ел президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа бағынышты дейді мүгедектер.
Содан бері ғимараттың жаңа қожайыны 1-қабатта отырған «Бибі Ана» қоғамдық ұйымынан бұл жайды босатуды талап етіп келеді. Бірнеше рет өткен сот даулы іс бойынша меншік иесінің пайдасына шешім шығарған. Ал «Бибі Ана» қоғамының президенті Бибігүл Иманғазина, әділдік сұрап президент Назарбаев пен оның туыстарына үндеу хат жолдапты:
Бибігүл Иманғазина ел президентінің күйеу баласын ақылға келуге шақырды. 29 шілде 2008 ж.
- Нұреке! Осы қоғамдық қорды құрғанда басы-қасында өзіңіз болған едіңіз. Сара Алпысқызы, сіз де біздің ісімізге ортақ едіңіз ғой, неге күйеу балаңызды тәртіпке салмай отырсыз! Екеулеріңізді сыйлағаннан бәріне шыдадық. Шаңырағымыз ортасына түсіп жатқанда қашанғы шыдауға болады? Біздің шыдамымыз таусылды! Мен 217 мың мүгедек әйелдің бетіне қалай қараймын? Сондықтан, Алла-тағала қанша ғұмыр берсе, мен сіздердің күйеу балаларыңызбен соттасып, соғысып өтемін. Тимур, айналайын! Кішкене ғана бір ұятың, адамгершілігің бар болса, келіп, мына мүгедек әйелдермен кездес, айтатыныңды айт. Барлық істеп жатқандарың - заңсыз.
Мүгедек аналар осы мәселе бойынша Тимур Құлыбаевпен кездесуге бірнеше мәрте әрекет жасағанымен, ол кісі бұларды қабылдауға уақыт таппағанын айтады.
- Қанша мүгедек әйел бар, соның бәрі жылап-еңіреп отыр, - деді Бибігүл Иманғазина.
Мүгедек аналардың құқығын қорғап жүрген заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, соңғы кездері қоғамның ғимарат ішіндегі дүние-мүлкі екі рет тоналған, 48 млн теңге тұратын біраз зат талан-таражға түскен.
Сергей Уткин: Аса қымбат ғимаратты мемлекеттің жеке меншік компанияға бере салғанына таңым бар.
- Аталмыш ғимараттың заңсыз жеке қолға өтіп кетуінің кесірінен қоғамда осындай мәселе болып отыр. Менің бір таң қалатыным, 20 млн. АҚШ доллары немесе одан да қымбат тұратын ғимаратты мемлекеттің неге жеке меншік компанияға бере салғанын түсінбеймін. Алайда, мемлекеттің заң орындары бұл мәселеге көз жұма қарайды. Осы фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, ешкім онымен айналысқысы келмейді, - деді Сергей Уткин.
«Меркурий» АҚ-ның өз аты-жөнін атаудан бас тартқан өкілі Азаттық радиосына берген сұхбатында, дау тудырып отырған ғимарат компанияның есебінде тіркеуде жоқ дегенді айтты. Ал компанияның қаржы директоры Азамат Иришев Азаттық радиосына бұл туралы түсініктемені сәл кейінірек беретінін айтумен шектелді.
«Бибі Ана» қоғамы өз беттерінше бала тәрбиелеп отырған 217 мың мүгедек ананың басын қосады.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызына үйленген Тимур Құлыбаев пен оның зайыбының әрқайсысының байлығын былтыр АҚШ-тың «Форбс» журналы 2,1 млрд. доллар деп бағалаған.
XS
SM
MD
LG