Accessibility links

Ресей футболында нәсілшілдік өршіп тұр


«Спартак» (Мәскеу) пен «Шинник» (Ярославль) командалары арасындағы ойынға жиналған футбол фанаттары нацистік туды көтеріп тұр. 30 қазан 2013 жыл.

«Спартак» (Мәскеу) пен «Шинник» (Ярославль) командалары арасындағы ойынға жиналған футбол фанаттары нацистік туды көтеріп тұр. 30 қазан 2013 жыл.

Ресейде футбол фанаттары арасындағы нәсілшілдік ырық бермей отыр. 2018 жылғы әлем чемпионатына дейін бұл мәселенің қалай шешілері әлі белгісіз.

200 НӘСІЛШІЛДІК ОҚИҒАСЫ

Фанаттар неонацистердің белгілерін ұстап шығады. Стадионға жиналған жұрт кавказдық ойыншының нәсілін келемеждеп, айқайлайды. Бұзақылар пойызда өзге нәсіл өкіліне шабуыл жасайды. Ресей туралы ақпараттардың арасында осы тақылеттес хабарлар жиі кездеседі.

2012-14 жылдар аралығында ресейлік футбол жанкүйерлерінің арасында нәсілшілдік кемсіту не алалаудың 200 оқиғасы тіркелген. «Әрекет ететін кез келді: Ресей футболындағы кемсіту оқиғалары» деп аталатын арнайы есепте осы оқиғалардың жай-жапсары баяндалған.

Бұл есепті нәсілшілдікті бақылаумен айналысатын мәскеулік «Сова» орталығы мен футболдағы кемсітушілікке қарсы күресетін Fare Network халықаралық ұйымы әзірлеген. Құжатта 2018 жылы футболдан әлем чемпионатын өткізетін елде нәсілшілдік жеккөрушілік өте күрделі проблема күйінде қалып отырғаны айтылған.

Сәуірдің 5-і күні Мәскеуде өткен матчта жанкүйерлер нацистер жалауын көтергені мәлім. Осыған байланысты ФИФА басшысы Сепп Блаттер 2018 жылға дейін әлі «шешетін мәселе көп» дейді.

Ресейлік «Арсенал» (Тула) және «Торпедо» (Мәскеу) футбол клубтары фанаттары арасындағы төбелес. 5 сәуір 2015 жыл.

Ресейлік «Арсенал» (Тула) және «Торпедо» (Мәскеу) футбол клубтары фанаттары арасындағы төбелес. 5 сәуір 2015 жыл.

Әлемдік жарыс өтетін күнге шейін үш жылдай ғана уақыт қалды. Ал Мәскеу футболдағы нәсілшілдікті ауыздықтау жолында ештеңе тындырмады десе болады дейді сарапшылар.

– Әзірге ешқандай жоспарды көрмедім. Мәселені шешуге қажетті нақты іс-шаралар тізбесі де жасалмаған. Тек бастамасы ғана бар, оның өзі тек көз алдау мақсатында. Бұдан кейін шынайы әрекеттерге көшу керек, – дейді Fare Network ұйымының Шығыс Еуропа бойынша өкілі, Ресей спорт министрлігі мен футбол одағына осы мәселе бойынша кеңес беретін маман Павел Клименко.

ЖАЗАЛАУ ШАРАЛАРЫ

2010 жылдың желтоқсан айында Ресей әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алғалы бері Ресей футбол одағы, ішкі істер министрлігі және үкімет бірлесіп нәсілшілдік кемсітуге барған фанаттарды қатаң жазалау шараларын енгізіп, айыппұл көлемін еселеп арттырған.

Жаңа жазалау шаралары кеңінен қолданылып, тәртіп бұзғандарға көп айыппұлдар салынды. Мәселен, Ресей премьер-лигасындағы нәсілшілдік алауыздыққа көп жол беріп жүрген Мәскеудің «Торпедо» командасына биылғы футбол маусымында жанкүйерлерінің жүгенсіз іс-әрекеттеріне байланысты жүздеген мың рубль айыппұл салынған.

Ресейдің «Спартак» (Мәскеу) және «Шинник» (Ярославль) футбол командаларының кездесуінде тәртіпсіздік шығарған фанаттарды полиция күші бақылап тұр. Ярославль, 30 қазан 2013 жыл.

Ресейдің «Спартак» (Мәскеу) және «Шинник» (Ярославль) футбол командаларының кездесуінде тәртіпсіздік шығарған фанаттарды полиция күші бақылап тұр. Ярославль, 30 қазан 2013 жыл.

Әртүрлі ойындарда жанкүйерлері маймыл болып шыңғырғаны, нәсілшілдік кемсітуге жол бергені және нацистердің жалауын көтергені үшін өз алаңында өткізген бес ойынға «Торпедо» фанаттары қатыстырылған жоқ. Қарсы команданың құрамында ойнайтын қара нәсілді футболшыны кемсіткені үшін үш ойында стадионның «Торпедо» жанкүйерлері отырған бөлігі қоршауға алынды.

«Сова» орталығының өкілі Наталья Юдина «бұл шаралар жеткіліксіз» дейді, оның үстіне төменгі лигалардағы нәсілшілдікті жою үшін ешқандай нақты механизмдер жоқтығын айтады.

– Соңғы екі маусымда мұндай оқиғалардың саны көбеймесе, азайған жоқ, – дейді Юдина.

«Сова» орталығы мен Fare Network бірлесіп әзірлеген есеп ФИФА-ның және Ресей басшылығының ерекше назарын аудартты. Екі тарап та 2014 жылғы Еуропа чемпионатында Украина мен Польша басынан кешірген ұят жағдайды қайталауға жол бермеу керек деп отыр. Бұл елдердегі нәсілшілдік мәселелері жайлы ВВС телеарнасы «Алауыздық стадиондары» деген тақырыппен арнайы репортаж жасағаны мәлім.

Ресей спорт министрі Виталий Мутко.

Ресей спорт министрі Виталий Мутко.

Сәуірдің 8-і күні R-Sport телеарнасына сұхбат берген Ресей спорт министрі Виталий Мутко ФИФА-ның барлық жағдайды жіті бақылап отырғанын және «Торпедо» фанаттарының «елдің имиджіне нұқсан келтіргенін» айтқан.

– Әлем чемпионаты кезінде билет сатудың, тексеруден өткізудің, жанкүйерлерді орналастырудың мүлде басқа жүйесі қолданылады. Оның үстіне шетелден миллионға тарта мейман келеді деп отырмыз. Соған қарамастан, біз футбол қауымдастығын әбігерге салып жатырмыз, – деген Мутко.

МӘДЕНИ ТҮСІНІСТІКТІ ОҚЫТУ ҚАЖЕТТІЛІГІ

30 наурызда Ресей футбол одағы нәсілшілдікпен күресетін инспектор лауазымын енгізетінін хабарлады. Ол адам «ең қауіпті» деген матчтарға арнайы бақылаушыларды тағайындап, солардың жұмысын үйлестіріп отырмақ. Осы қызметке тағайындалған Алексей Толкачев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында, қызмет міндеттері сәуірдің соңына қарай айқындалатынын айтқан.

ФИФА басшысы Сепп Блаттер бұл тағайындауды және қатаң жазалау шараларын құптап, дегенмен «білім берудің де маңызды екенін» атап көрсеткен.

Мәскеудің «Локомотив» және «Торпедо» командалары арасындағы ойынға келген жанкүйерлер. 8 сәуір 2015 жыл.

Мәскеудің «Локомотив» және «Торпедо» командалары арасындағы ойынға келген жанкүйерлер. 8 сәуір 2015 жыл.

«Сова» мен Fare ұйымдары да нәсілшілдікпен күресуді түбегейлі қолға алатын ұзақ мерзімді жоспар жасауды ұсынады. Жоспар бойынша, «футболды мәдениеттер арасындағы түсіністікке жол ашатын құрал ретінде пайдаланып, мектептер мен университеттерде арнайы білім беру курстарын ашу» қарастырылуы керек. Бірақ, кей кездері әсіреұлтшыл фанаттар мен футбол командалары басшыларының арасындағы айырмашылықты байқау қиынға соғады. Мәселен, 2012 жылғы мамырда белгілі бапкер Андрей Тихоновтың «Ақтардың күш-қуаты» деген жазуы бар жейде киген қызбен түскен суреті жарияланды. Ол болса фанаттардың арасындағы оңшыл ұйым өткізген «Спартак аруы» байқауында жеңіске жеткен қыз екен.

Ресей футбол одағының баспасөз хатшысы Евгений Дзичковскийдің айтуынша, маусым айында үкімет адамдары, футбол шенеуніктері және азаматтық қоғам өкілдері қатысатын конференцияда футболдағы нәсілшілдікпен күрестің жаңа тетіктері талқыға түспек.

«Ресей өкіметі бұл мәселеге қатты мән беріп отыр. Бәріміздің көкейімізде тұрған – әлем чемпионаты. Онда бұзақылар емес, Ресейдің истеблишменті сынға түседі» деген ол.

Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионаты Ресейде өтпекші.

Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионаты Ресейде өтпекші.

Мәскеудің «Спартак» футбол клубының белсенді жанкүйері Вадим Сидоровтың айтуынша, бұл тұрғыда Ресей футболы 1990 жылдардағы жағдаймен салыстырғанда үлкен жетістіктерге жеткен.

– Ол кезде жанкүйерлер арасында екінің бірі шашын тақырлап алып, үлкен аяқкиім киіп жүретін. Қазір мұндайлардың саны әлдеқайда аз. Ақымақтар әр жерде бар, оларға қарсы шара қолданылады. Біз жабайылар елі емеспіз, – дейді Сидоров.

«Сова» және Fare сияқты үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері 2018 жылғы чемпионатты жағдайды түзеудің үлкен мүмкіндігі ретінде қарастырады.

– Мұны қазірден қолға алуымыз керек. Ешкім назар салмаса, бұл мәселе әрі қарай да жалғаса береді, – дейді Наталья Юдина.

Том Бэлмфорттың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG