Accessibility links

Кремльдің ерекше құттықтау хаты әжуаға қалды


Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге жолдаған жаңа жылдық құттықтау хатында Ресейге қарсы салынған Батыс санкцияларын мысқылдаған. Ал әлеуметтік желі қолданушылары хат мазмұнын сынап, ондағы қателерді келекеге айналдырған.

Ресейді Кремльдің саясатын насихаттайтын тілшілер пулына кіретін журналистің жазуынша, жақында ол ел президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың қолы қойылған құттықтау хат алған. Онда мейрамға байланысты тілек орнына АҚШ пен Еуропа Одағының Ресейге салған санкциялары, Кремльдің айналасындағы лауазымды тұлғаларға қойылған визалық шектеулер, елдің экономикасын тұралатқан мұнайдың арзандауы сөз болыпты.

«Комсомольская правда» газетінің тілшісі Дмитрий Смирновтың Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған құттықтау хаттың бірінші бетінде Кремль мен Василий әулие шіркеуінің мұнаралары бейнеленіп, Ресей гербі салынған.

Суреттің үстінде «Ресей федерациясы президентінің әкімшілігі» деген жазу бар. Төменгі жағында «Жаңа жылыңызбен және Рождествомен құттықтаймыз» деп өрнектеліп жазылған. Ресейде Рождество мерекесі 7 қаңтарда тойланады.

Ал хаттың екінші беті әдеттегіден бөлек. Онда АҚШ пен Еуроодақтың Украинадағы ахуалға араласқаны үшін Ресейге салған санкциялары, Вашингтонның коалиция құрмақ болғаны әрекетін мысқылдап, мұнай бағасының құлдырауынан ел қазынасының ортаюы да әзілге ілік болған.

Дмитрий Песков жолдаған құттықтау хат мазмұны мынадай:

Аяз атаға қарсы санкция сала алмайсың.

Жаңа жылға виза керек емес.

Шыршаны түбіндегі мерекеде коалиция өзінен-өзі қалыптасады.

Шампан шарабы мұнай сияқты арзандамайды.

Осы ертегідегі шынайылықты 365 күнге созайық!»

Интернетте жарияланып, жұртшылыққа тараған құттықтау хатпен танысқан сынаушылар ондағы олқылықтарға шүйліккен.

Мысалы, әлеуметтік желі қолданушыларының бірі алдағы жыл кібісе жылы екенін, яғни онда 365 емес, 366 күн болатынын ескертіпті. Енді біреулері шампан шарабының қымбаттығы көпшілік үшін «мерекелік» жаңалық еместігін айтыпты.

Батыстан келетін тауарларға санкция салған Ресейде биыл азық-түлік бағасы күрт өскен. 2015 жылы инфляция 13 пайызға жетеді деген болжам бар. Ал жалақы деңгейі керісінше 9,2 пайызға төмендеген.

Жаңа жыл қарсаңында президент Путиннің айтқан пікірлері мен баяндамалары жинақталған кітап мерекелік сыйлық ретінде шенеуніктерге таратылып жатыр деген ақпарат тараған еді. Кремльді сынаушылар оны Қытайдың коммунист диктаторы Мао Цзе Дунның «Кішкене қызыл кітабымен» салыстырып жатыр.

(Стив Гуттерманның материалы ағылшын тілінен аударылды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG